Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ауқымды «Достық керуені» жобасы Сайрам және Төлеби аудандарында өз жалғасын тапты. Бұл маңызды бастама өңірдегі этносаралық татулық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған көптеген іс-шараларды қамтиды.
«Достық керуені» жобасының негізгі мақсаты – өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелерін халықпен тікелей кездесулерге шақырып, түрлі этнос өкілдері арасында диалог алаңдарын құру арқылы этносаралық саладағы тәуекелдерді алдын алу. Сонымен қатар жоба жастарды, мәдени және қоғамдық құрылымдарды бірлік пен татулыққа шақырып, олардың қатысуын қамтамасыз етеді.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жергілікті Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ этнос жастары белсенді түрде қатысты. Кездесудің негізгі спикерлері ретінде ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі Концепциясын әзірлеу жөніндегі креативті жұмыс тобының мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов пен облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Әшірбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды елдің бірлігі мен татулығын сақтауға шақырды. Олар этносаралық қарым-қатынастың маңыздылығын ерекше атап өтіп, достық пен келісімнің қоғам тұрақтылығы үшін қаншалықты қажет екенін түсіндірді.
Кездесуге қатысушылар да өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын ашық білдіріп, этносаралық қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты нақты бастамаларды талқылады. Сонымен қатар жастар тәрбиесі, жат ағымдардың алдын алу, сондай-ақ кеңестің жұмысын жандандыру мәселелері көтерілді. Жиын барысында қойылған сұрақтарға спикерлер жан-жақты және түсінікті жауаптар беріп, тыңдаушылардың сенімін арттырды.
«Достық керуені» жобасының Сайрам және Төлеби аудандарында ұйымдастырылған бұл кездесулері этносаралық келісімді нығайтып, өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық бірліктің маңызды кепілі болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатындығына сенім мол.