Түркістан өңірінде ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді, ұлтаралық татулық пен қоғамдық бірлікті дәріптеуге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Солардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Достық керуені» жобасы. Аталған жоба аясында бүгін Келес ауданында кең ауқымды ақпараттық-насихаттық кездесу ұйымдастырылды.
Шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болуымен, аудандық деңгейде түрлі мекеме өкілдерінің, жастар ұйымдарының және этнос жастарының қатысуымен өткізу – жобаның мәні мен маңызын одан әрі арттыра түсті.
Жобаның басты мұраты – бірлік пен бейбітшілік
«Достық керуені» жобасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдары мен этномәдени бірлестіктері тарапынан ұйымдастырылатын, қоғамда ұлтаралық татулықты нығайтуға, этносаралық қатынастардағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған диалог алаңы болып табылады. Жоба аясында түрлі елді мекендерде тұрғындармен ашық кездесулер ұйымдастырылып, жастар тәрбиесі, мәдени келісім, әлеуметтік ынтымақ, діни толеранттылық сынды тақырыптар кеңінен талқылануда.
Келес төріндегі керуен – татулық үнін жеткізді
Келес ауданында өткен жиынға Ассамблея жастары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, кітапхана қызметкерлері, сондай-ақ әртүрлі этностардан шыққан жастар өкілдері қатысты. Бұл кездесу – тек ақпарат алмасудың алаңы ғана емес, халық пен билік өкілдерінің, жастар мен аға буынның ашық сұхбат құра алған, өзара пікірлескен ортаға айналды.
Шара барысында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов қатысушыларға елдегі тұрақтылық пен этносаралық келісімнің маңыздылығы жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде:
«Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі бейбітшілік пен келісім. Бұл – жай ғана ұран емес, мемлекетіміздің стратегиялық даму жолындағы басты бағдар. Әрбір азамат, әсіресе, жастар осы құндылықтарды жүрегімен түсініп, сол жолда қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті.
Ал облыстық Ассамблея жастарының төрағасы Надиржан Хасантаев өз кезегінде жастар арасындағы достықты, ұлтаралық өзара құрметті қалыптастырудың жолдарына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. Ол жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтіп, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидасын негіз етіп ұстануға шақырды.
Қоғамдық пікір мен белсенді үнқатысу – кездесудің басты жетістігі
Кездесу барысында қатысушылар да өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салып, көкейлеріндегі сауалдарын еркін түрде қоюға мүмкіндік алды. Жастар арасындағы діни сауаттылық, жат ағымдардың алдын алу, рухани және ұлттық тәрбие, кітапхана мен мәдени орталықтардың жастармен жұмыс жүргізу бағытындағы қызметі кеңінен сөз болды.
Жиын барысы еркін әрі сенімді атмосферада өтті. Қатысушылар тарапынан қойылған нақты сұрақтарға спикерлер толық әрі тұшымды жауаптар беріп, түрлі ұсыныстар назарға алынды. Бұл формат – ел болашағына бей-жай қарамайтын жастардың үнін естуге жол ашты.
Келестік жастарға жаңа төраға сайланды
Жиынның соңында аудан жастары үшін тарихи әрі маңызды оқиға орын алды – Келес ауданы Ассамблея жастарының төрағасы лауазымына Рахимов Ануаржан Әбдіжаппарұлы сайланды. Жас болса да, елдік істерге етене араласып жүрген белсенді азамат бұл сенім жүгін зор жауапкершілікпен атқаратынын жеткізді. Оның сайлануы – келешекте аудандық деңгейде Ассамблея жастар қанаты жұмысының жандануына тың серпін беретіні сөзсіз.
Қорытынды ой
«Достық керуені» жобасы – бүгінгі қоғам үшін ауадай қажет игі бастама. Ел ішінде бірлік пен бейбітшілікті, ұлт пен ұлыстар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты насихаттайтын бұл жобаның әрбір кездесуі – санаға сәуле, жүрекке жылу, болашаққа сенім ұялатады.
Келес ауданындағы кездесу де – татулық пен келісім жолындағы кезекті ізгі қадам болды. Ал жастардың белсенділігі, ашық пікір алмасу, көтерілген мәселелерге қатысты нақты шешімдер – жобаның нәтижелілігін айқын көрсетіп берді. Бұл – бірліктің бастауы мен берекенің кепіліне айналған шынайы диалог алаңы десек, артық айтқандық болмас.