RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Домбыра — Ұлттың Жаны: Төлебиде Ұлттық Домбыра күніне орай өнерлі жастарға домбыра тарту етілді

Қазақ халқының жүрегінен орын алған, ғасырлардан жеткен рухани мұраның бірі – қасиетті домбыра. Оның күмбірлеген қоңыр үні көшпенділердің кие тұтқан үмітін, қайғысы мен қуанышын, арманы мен айбатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Елбасы жарлығымен бекітілген және шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні – ұлттық сананы жаңғыртуға, төл өнерімізді ұлықтауға арналған маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн қазақ халқының өнерге, тарихқа, рухани тамырларға деген шынайы ықыласы мен терең құрметінің көрінісі ретінде қабылданып келеді. Міне, осындай қастерлі күні Төлеби ауданының төрінде ұлттық рух пен өнердің жарқын үлгісін көрсеткен тағылымды іс-шара өтті.

Төлеби аудандық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткен салтанатты жиын – өнер мен руханиятты дәріптейтін, ел болашағы саналатын жастардың бойына отансүйгіштік пен ұлттық сана сіңіретін маңызды басқосуға айналды. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Пердебайұлы Жанғазиев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты айтулы мейраммен шын жүректен құттықтады. Ол өзінің жүрекжарды құттықтауында домбыраның қазақ халқының рухани тірегі, мәдени тұғыры, ұлттық болмысының көрінісі екенін ерекше атап өтті.

– Домбыра – бұл жай ғана аспап емес, ол – халықтың үні, ғасырлар қойнауынан жеткен шежірелі тарихымыздың тілсіз куәсі, ата-бабамыздың жан толқынысын жеткізген киелі мұра. Домбыраның үнімен біз өткенді еске аламыз, болашаққа үмітпен қараймыз. Оның шанағынан төгілген әрбір үн – қазақы болмыстың, ұлттық мінездің жарқын көрінісі. Домбыра – жүректің тілі, халықтың үні, – деді ол тебірене сөйлеп.

Бағдатбек Пердебайұлы мереке аясында ел ішіндегі өнерлі, талабымен дараланған, домбыраны жанына серік еткен жастарды ерекше атап өтті. Ол өз қолымен бес бірдей талантты жасқа – айтыс пен күй өнерінде көзге түсіп жүрген, дәстүрлі әнді асқақтата шырқайтын жастарға қасиетті домбыраны салтанатты түрде табыс етті. Бұл – жастарға берілген құрмет қана емес, елдің болашағына бағытталған рухани аманат еді. Себебі ұлттық мұра тек кітапта немесе музейде сақталмайды, ол — өмірде, адамдардың жүрегінде, жастың санасында жаңғырады.

Жиын барысында домбыра сыйға алған жастардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш қатар байқалды. Бұл олардың өнер жолындағы ізденісіне жаңа серпін беріп, ұлтына деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырары сөзсіз. Жастардың бірі: «Бұл домбыра мен үшін тек музыкалық аспап емес, ол – бабалар үні, менің ендігі жауапкершілігім — сол үнді өшірмей, аманатын келесі буынға жеткізу», – деп тебіреніп, жүрек түкпіріндегі шынайы сезімін жеткізді.

Салтанатты жиын рухани толқыныспен ғана шектелген жоқ. Шара барысында жергілікті өнерпаздар күй тартып, ән салып, домбыраның мың күйге бөлеген ғажап үнімен көрермен көңілін тербеді. Қазақ даласының дарқан кеңдігін, елінің ерлігін, ұрпағының үмітін жеткізген күйлер зал ішін тебіреніске бөлеп, тыңдаған жанның жүрегін елжіретті.

Бұл тағылымды шара – еліміздің мәдениет пен өнер саласына қосылған тағы бір үлгі боларлық өнегелі оқиға. Себебі әр ұрпақ – елдің ертеңі. Ал сол ұрпақтың бойында ұлттық рух пен дәстүрге деген құрмет болуы үшін осындай бастамалардың орны айрықша. Домбыра – қазақпен бірге жасап келе жатқан рухани қазына. Оны құрметтеу – өзіңді құрметтеу, ұлтты бағалау.

Ұлттық Домбыра күні Төлеби ауданында мән-мағынасы терең, мазмұны бай, рухани салмағы зор форматта өтті. Мұндай бастамалар жас буынды өнерге, ұлттық мұраға жақындатып қана қоймай, оларды елге, жерге деген махаббатқа, ұлтқа адалдыққа тәрбиелейді. Өнерлі ұрпақ – рухты ұлттың кепілі. Домбыра тарту етілген әр жас — келешекке үн қосар үміт, баба мұрасын арқалаған аманат иесі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан төріндегі тың серпіліс: ауыл шаруашылығында жаңа дәуір басталды

redaktor_rastimes

Қалам мен мінбер арасындағы алтын көпір: Түркістанда журналистерге құрмет көрсетілді

redaktor_rastimes

Алматы облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

redaktor_rastimes

Пікір жазу