RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Домбыра сарыны – ел рухының үні

Киелі Келес топырағында ұлттық өнердің туын көтерген тағылымды кеш өтті. «Ә.Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінің» ұйымдастыруымен Шұқырсай ауылындағы спорт алаңында өткен бұл мерекелік концерт көрерменнің рухын асқақтатып, жүрегіне ұлт мұрасын ұялатқан нағыз өнер думанына айналды. «Ел жүрегі – Астана, Ел үні – Домбыра» атты кештің әр сәті – ұлттық құндылыққа құрмет, дәстүрге тағзым, өнерге тағылым болды.

Шараның шымылдығы аудан әкімінің жүрекжарды құттықтауымен түріліп, ел бірлігі мен руханиятының маңызын айшықтаған жылы лебіздермен басталды. Бұл кеш – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, өнер мен өнегенің көрінісіндей әсер қалдырды.

Кештің көркем мазмұнын «Келес сазы» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы терең әуендер, көкірекке нұр құйған күй мен жүректі елжіреткен әндер толықтырды. Ұлттық сарынмен өрілген әуен тыңдарманның жанын тербеп, дала сарыны мен халықтың үнін бейнеледі. Домбыраның қоңыр үнімен әрлеп, тарих тереңінен сыр шерткен өнерпаздар өнерімен елдің жүрегіне жол тапты.

Алаңда жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар кештің әрбір сәтінен шабыт алып, шат-шадыман күй кешті. Домбыра сарыны мен ұлттық әуенге елжіреген жұрт әнмен тербеліп, күймен қанаттанды. Бұл концерт – ұлттық өнердің өлмегенін, керісінше, жаңғырып, жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып келе жатқанын дәлелдеген тағылымды шара болды.

Алаңдағы әр әуен – шежірелі даланың үні, әр орындалған күй – ұлттың рухы мен тарихының тынысы. Осы кештің арқасында ауыл аспанында домбыра сарыны қалықтап, халықтың жүрегіне ұлт мақтанышы – өнер арқылы жол тапты. Ұлттық өнердің биігінен көрінген бұл кеш – руханиятқа тағзым, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Әзербайжан Республикасы қазақстандық құтқарушыларды марапаттады

redaktor_rastimes

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Қытайдың жаңа Елшісін қабылдады

redaktor_rastimes

Тұран төсінде төгілген күй: Түркістанда күй өнерінің жас саңлақтары анықталды

redaktor_rastimes

Пікір жазу