RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

«Домбыра — дастан»: Түркістан облыстық музейінде ұлттық өнер дәріптелген тағылымды кеш өтті

Түркі даласының бойтұмары, халықтың үнін, жүрек дүрсілін, жан сыры мен рухани әлемін бедерлейтін қасиетті домбыра – әр қазақтың үйінің төрінен орын алған, көнеден келе жатқан асыл мұра. Осынау киелі аспапты ұлықтауға арналған Ұлттық домбыра күні мен Астана күні мерекелері аясында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ерекше форматтағы мәдени-танымдық кеш өтті. «Домбыра — дастан» деп аталған бұл тағылымды шара қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетін насихаттауды мақсат етіп, өскелең ұрпаққа ұлт рухын ұялатуға бағытталды.

Іс-шара барысында қатысушылар домбыраның тылсым тарихына терең бойлап, бұл аспаптың қазақ өміріндегі маңызын жан-жақты тануға мүмкіндік алды. Шараның шымылдығын М.Әуезов атындағы оқу орнының оқытушысы, өнертанушы Смағұл Хамза ашып, домбыра өнерінің өткені мен бүгініне шолу жасады. Ол өзінің әсерлі әңгімесінде домбыра туралы ел ішінде сақталған аңыздар мен тарихи деректерді көрерменге шебер жеткізе білді.

Кешке арнайы шақырылған ағаш шебері, қолөнерші Қожабек Сәдібеков те ұлттық аспапты жасау үдерісіне тоқталып, домбыра шеберінің әрбір қимылы мен қашау ізі – өнерге деген махаббаттың көрінісі екенін тілге тиек етті. Қолөнердің жандануына үлес қосып жүрген шебер ұлт аспабын сапалы әрі дәстүрлі үлгіде жасаудың қыр-сырын қызығушылықпен тыңдаған балаларға түсіндіре отырып, шынайы өнер иесінің болмысына үңілтті.

Жас жеткіншектерге арналған танымдық ойындар да кештің мазмұнын байытып, балаларға қазақ музыкасына тән ұғымдарды қызықты жұмбақтар мен сауалдар арқылы жеткізді. Кештің әсерін шарықтата түскен сәт — «Қаратау» өнер мектебінің оқушыларының орындауындағы ұлттық күйлер болды. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңіл ашар» секілді туындылар жас орындаушылардың жүрек тербеген пернелерімен өріліп, көрерменнің көңілінен шықты.

Балғын өнерпаздардың орындауындағы шынайы шабыт пен ұлттық рух көрермендерге зор әсер сыйлады. Сахнадан төгілген күй әуені арқылы домбыраның үнімен бірге бабалар сарыны, даланың үні, көшпелілердің сал-серілік мәдениеті елестегендей болды. Жас өнерпаздардың кәсіби деңгейі мен ұлт өнеріне деген іңкәрлігі көрермен көңілінен шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ұқсас жаңалықтар

Домбыра – ұлт рухы: Түркістанда ұлттық өнер мен татулықты ұлықтаған байқау өтуде

Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы апат бойынша үкіметтік комиссияның есебін тыңдады

redaktor_rastimes

Рухани жаңғыру жолындағы қадам: Түркістандық Ассамблея жастары тарихи сапарға шықты

Пікір жазу