Бірнеше күннен кейін Түркістан облысындағы 553 мыңнан астам оқушы үшін оқу жылы аяқталады. Биыл 11-сыныпты 33 884 оқушы бітіреді, олардың ішінде 2 313 түлек – «Алтын белгіге», ал 2 400 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер. 25 мамыр жексенбіге сәйкес келгендіктен, барлық мектептерде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара 23 мамыр күні өтеді. Бұл күн «Білімім – Отаныма!» атты сынып сағатымен қорытындыланбақ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен мәжілісте биылғы оқу жылының қорытындысы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Облыс әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Демалыс орындарында санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, лагерьлердің тиісті талаптарға сәйкестігін тексеру, құзырлы орган қызметкерлерінің бірлесе жұмыс істеуі және дайындықтың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылау міндеттелді. Сонымен қатар, су айдындары, орман алқаптары мен спорт нысандарындағы қауіпсіздік шаралары да қатаң бақылауға алынады.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекованың айтуынша, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 27 386 мектеп бітіруші қатысады. Облыс аумағында 5 тестілеу орталығы жұмыс істеп тұр. ҰБТ тапсыру мерзімі 16 мамыр мен 10 шілде аралығына белгіленіп, Түркістан, Жетісай, Сарыағаш және Созақ аудандарында орналасқан 4 негізгі тестілеу пунктінде өтеді. Тестілеуге қатыспайтын бітірушілерді колледждерге тарту мақсатында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, барлық колледждерде «Ашық есік» күндері ұйымдастырылуда.
Жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныптағы 439 мыңнан астам оқушының 93,5 пайызы қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жазғы лагерьлер жаңа маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жалпы облыс аумағында 31 сауықтыру лагері жұмыс істейді.
Биылғы жылы бюджеттен 720 млн теңге бөлініп, 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді нысан салынып жатыр. Жатын бөлме, жуыну орны, асхана секілді инфрақұрылымдар жеңіл конструкциялармен жабдықталып, бассейндер салынып жатыр. Бұл өз кезегінде 7 500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік 10 лагерьде 23 838 бала демалады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, 5 мемлекеттік лагерьдің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 608 млн теңге бөлінді.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жазғы демалыспен қамту үшін тегін жолдамалар қарастырылған. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 2,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Қазақстан Халқына» қоры есебінен 2 465 бала, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына 420 бала және ата-аналар есебінен 5 000-ға жуық бала демалатын болады. Жалпы алғанда, 43 223 бала қала сыртындағы және өзге де лагерлерде демалады.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 13 мыңнан астам педагог қызмет ететін болады.