RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Бірлік пен өзара құрметті дәріптеген жүздесу: Сауранда татулыққа үндеген тағылымды басқосу өтті

Сауран ауданында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында өткен мазмұнды семинар-тренинг жергілікті тұрғындар арасында ерекше серпіліс тудырды. Аумақтық басқармалар үйінің мәжіліс залында өткен басқосу — ел бірлігінің алтын діңгегі саналатын татулық пен тұрақтылық тақырыбын тереңінен қозғаған, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған келелі жиын болды.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен бұл маңызды шараға аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Данияр Түймебаев, «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры, белгілі журналист әрі тарихшы Тельман Бейсен, ҚХА жанындағы Сауран аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты. Семинарды аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Арсылан Раматуллаев жүргізіп, кездесудің негізгі мақсаты — ұлтаралық келісім, этносаралық өзара түсіністік, бейбіт өмір сүру қағидаттарын кеңінен насихаттау екенін атап өтті.

Көпшілік алдында алғаш болып сөз алған ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев елдегі қоғамдық келісімді сақтау жолында қолға алынған жұмыстар мен олардың оң нәтижелеріне тоқталды. Ол өз сөзінде: «Этносаралық татулық — бұл өзге ұлттың салт-дәстүрін сыйлау, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау арқылы ғана нығаяды. Бүгінде елімізде әр этнос өз құндылықтарын дамытып, сонымен қатар ортақ мүдде — бейбіт өмір мен татулыққа қызмет етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – осы бірегей үндестіктің нақты көрінісі. Тәуелсіздік пен тұрақтылықты сақтай білу – әр азаматтың борышы», – деп тебірене сөйледі.

Кездесудің тағы бір әсерлі тұсы — Тельман Бейсеннің мазмұнды баяндамасы болды. Өз сөзінде ол: «Қазақстан — жүзден астам ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағы. Мұндай этностық алуан түрлілікке қарамастан, елде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып отырғаны — орасан жетістік. Бұл — мемлекеттік саясаттың нәтижесі ғана емес, ел ішіндегі өзара құрмет пен түсіністіктің жемісі», – деп этносаралық татулықтың мәнін ашып көрсетті.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар да өзара пікір алмасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар ұлтаралық келісімді сақтаудың тетіктері, жастар тәрбиесіндегі рөлі, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті биліктің жауапкершілігі жайында нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Арсылан Раматуллаев өңірде этносаралық шиеленістердің алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеп, татулық пен бейбіт өмір салтын қалыптастыруда барлық саланың бірлесе жұмыс атқаруы қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ бірлікті дәріптейтін осындай жиындардың ел болашағын жарқын етуге қосатын үлесі зор екенін жеткізді.

Осылайша, «Этносаралық татулық — тұрақтылықтың кепілі» деген атауға ие болған семинар-тренинг мазмұнды ой мен мәні терең пікірлерге толы, ұлттық бірегейлікті нығайтатын тағылымды жиынға айналды. Түптеп келгенде, мұндай кездесулер – ұлт пен ұлыстың бірлігін, елдің баянды болашағын қамтамасыз ететін рухани көпірдің өзі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанның білім көкжиегі кеңейеді: Аймақта халықаралық ІТ университеті бой көтеруде

redaktor_rastimes

Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын қабылдады

redaktor_rastimes

Обырды емдейтін заманауи орталықтар ашылады

Пікір жазу