Бесқарағай ауданында жоба құны 250 млн теңге тұратын балық шаруашылығы бар. Глуховка ауылдық округінде орналасқан «Маклаков Н.» жеке кәсіпкерлігі бұл кәсіппен айналысқалы біраз жыл болды. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 6 жасанды тоған жасап, 4 түрлі балықтың түрін өсіруді жолға қойған. Аталған жоба балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуды көздейді. Сол арқылы аудан экономикасын нығайтуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға күш салуда.
«Жасанды тоғандарымызда 30 тонна құбылмалы бақтақ (Радужная форель), 3,5 тонна сібір бекіресі, 15 тонна тұқы (карп), 15 тонна сазан өсірілуде. Аталған балық уылдырықтарын Алматы қаласынан арнайы алдырып, Семейдегі Қазтұтынуодағы агробизнес және экономика колледжінің зертханасында шамалы уақытқа дейін сақтаймыз. Уылдырық шабаққа айналысымен, біздегі тоғандарға жіберіледі. Яғни, біз аталған оқу-орнымен ғылыми-зерттеу бағытында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз», — дейді кәсіп иесі Наиль Маклаков.
Кәсіпкер бұдан бөлек экотуризм саласын дамытуға да үлес қосып отыр. Балықшылар мен туристер үшін ағаштан салынған 4 демалыс кешені мен жеке пайдалануға арналған 4 моншаны іске қосқан.
Шаруашылық барысымен танысқан аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев жұмыс сапасын жоғары бағалап, мұндай бастамалардың экономиканы әртараптандырудағы маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, әкім табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық стандарттарды сақтау қажеттігін ерекше назарға алу керектігін айтты.
Өз кезегінде кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қосымша тоғандар салу арқылы жобаны кеңейту жоспарларын ортаға салды. Сонымен бірге, экотуризмді дамыту мақсатында туристік қызметтерді одан әрі жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Дереккөз: Абай облысының әкімдігі