RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Азия Төсенішіндегі Алтын Жеңіс – Шардара Спортының Шыңындағы Сәт

Түркістан өңірінің спорт тарихында ерекше орын алатын, жүрек тебірентер сәттердің бірі осы күнге тұспа-тұс келді. Шардара ауданының жас дарынды балуаны Пахитжан Нұрислам Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен грек-рим күресінен U15 санатындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, облыс тарихында тұңғыш рет Азия чемпионы атанып, барша жұртты қуанышқа бөледі. Бұл жеңіс – тек Нұрисламның жеке биігі ғана емес, күллі Түркістан жұртының мерейін үстем етіп, Шардараның спорттағы салмағын жаңа белеске көтерген айтулы оқиға болды. Жарыс барысында 38 келі салмақ дәрежесінде бозкілемге шыққан Нұрислам қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, өз мықтылығын еш күмәнсіз дәлелдеді. Азияның әр түкпірінен жиналған мықты балуандар арасында дараланып шыққан ол көк туымызды көкке көтеріп, ел Әнұранын шырқатты. Осылайша, балауса жүрек, болат білек иесі ел сенімін ақтады. Арада көп ұзамай алтын ұл туған жеріне оралып, Шардара қаласында халықтың ыстық ықыласына бөленіп, салтанатты түрде қарсы алынды. Қаланың орталық алаңында өткен бұл тарихи жиынға аудан тұрғындары, спорт саласының ардагерлері, жас балуандар, жанкүйерлер және БАҚ өкілдері арнайы келіп, чемпионды ерекше құрметпен қарсы алды. Рәсім барысында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Төребеков сөз сөйлеп, Нұрисламды тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтап, оның төзімді еңбегі мен ерік-жігеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар, бұл жеңістің шардаралық жасөспірімдерге үлгі болып, спортқа деген қызығушылық пен ұмтылысты еселей түсетініне сенім білдірді. Әрбір жеңістің артында ерен еңбек пен кәсіби бағыт-бағдар бар екенін айта келе, ол чемпионның бапкері – Жұмәлі Жандосқа да ерекше алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда бұдан да зор жетістіктерге жетуіне тілектестігін жеткізді. Бұл қуанышты сәт – шардаралықтар үшін тек жеңіс күні емес, елге, спортқа деген сенім мен үміттің қайта жанған күні болды. Пахитжан Нұрислам – сенің жеңісің еліміздің жас буынына шабыт сыйлап, болашақ чемпиондарға жол ашты. Алда әлі талай белес күтіп тұр. Қадамыңа сәттілік серік болғай!

Ұқсас жаңалықтар

САРЫАҒАШТАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІС ІШКІ НАРЫҚТЫ ОТАНДЫҚ ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары аумақтағы елді мекендерге бақылау күшейтілді

redaktor_rastimes

Қазақстандық ұстаз әлем чемпионатында екі алтын медаль иеленді

redaktor_rastimes

Пікір жазу