Түркістан облысында табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Арыс қаласында ерекше маңызға ие семинар-кеңес өтті. Бұл басқосуда елді мекендерді көгалдандыру, тұқымбақтарды дамыту, шегірткемен күресу, сондай-ақ экожүйеге зиян келтіретін сасық кеурек пен мия өсімдігін қазуға тыйым салу секілді өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды.
Семинар жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына тоқталды. Басқосуға облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, табиғатты қорғау полициясы, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің жетекшілері, көгалдандыру саласындағы мекеме өкілдері, орман шаруашылығы қызметкерлері мен «Қорған» жедел қызметінің мемлекеттік инспекторлары қатысты. Ауқымды әрі салмақты шарада әр мекеме өкілі өз тәжірибесімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес барысында көгалдандыру жұмыстарындағы қазіргі ахуал, ағаш көшеттерінің жерсіну деңгейі, елді мекендердегі жасыл желек қорын арттырудың жолдары кеңінен талқыланды. Табиғатты қалпына келтірумен қатар, оны көздің қарашығындай сақтау да күн тәртібінен түспейтін басты міндет екені айтылды. Сонымен қатар, өңірдегі экожүйеге кері әсерін тигізіп отырған сасық кеурек пен мия өсімдіктерін заңсыз қазу әрекеттерін тоқтату қажеттілігі көтерілді. Бұл — тек табиғаттың емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам екені баса айтылды.
Семинар аясында шегірткелермен және басқа да зиянкестермен күрес жұмыстарының қорытындысы жасалып, 2026 жылға дейінгі олардың таралу ауқымын болжау және нақтылау мәселелері қозғалды. Зиянкестермен күресте химиялық өңдеудің тиімділігі, оның қоршаған ортаға әсері, алдын алу шаралары секілді күрделі мәселелерге қатысты баяндамалар тыңдалып, мамандар өз ұсыныстарын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жиынды қорытындылай келе, басқарма басшыларына семинарда қозғалған барлық мәселелерді терең зерделеп, заң аясында нақты әрі нәтижелі ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, көгалдандыру тек көріктендіру шарасы ғана емес, бұл – өңірдің экологиялық тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың өмір сапасына жасалған қамқорлық. «Бүгінгі таңда көгалдандырумен қатар табиғатты қорғау мәселесі де аса өзекті болып отыр. Табиғатты пайдаланудың өз талаптары мен ережелері бар. Олардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта құзырлы органдармен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізу – уақыт талабы», – деді ол өз сөзінде.
Аталған семинар-кеңес – табиғатқа жанашырлық танытып, жасыл қорды көбейтуге ниетті барлық мекемелер мен мамандардың ортақ алаңына айналды. Бұл жиыннан кейін өңірде экологияны қорғау, көгалдандыру мәдениетін арттыру және зиянкестермен күресті күшейту жұмыстары жаңа қарқын алуы күтілуде.