Түркістан төрінде көк Ту желбіреді. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, ел көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан «Менің Елім – Менің Туым» атты жалпыреспубликалық патриоттық акция биыл да өз жалғасын тауып, Түркістанда ерекше рухпен өтті. Бұл – елдің Туына, Елтаңбасына, Әнұранына деген шынайы құрмет пен перзенттік махаббаттың белгісін айшықтайтын, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті жаңғыртатын айтулы шара.
Патриоттық акцияны бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты бұл бастама арқылы жастарды отансүйгіштікке баулып, рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейінгі үш жыл ішінде республика бойынша жүздеген елді мекенде мемлекеттік Ту көтеріліп, мыңдаған жас азамат туған еліне деген жүрекжарды лебізін білдіріп, жалынды үндеу жолдады.Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде мемлекеттік Туды көтеру рәсімдері өтті. Патриоттық рухты көтеретін автокеруендер, спорттық жарыстар, флешмобтар, шығармашылық байқаулар мен салтанатты жиындар ұйымдастырылып, көк Тудың қасиетін ұлықтаған ауқымды іс-шаралар легі ел назарын аударды.Ал Түркістан облысында бұл бастама айрықша серпінмен жалғасты. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» мұрындық болуымен қала мен аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде мемлекеттік Туды көтеру рәсімдері ұйымдастырылды. Шараға облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен белсенді жастар белсене қатысып, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін нақты іспен көрсетті. Жастар алаңдарда және елді мекендердің орталық көшелерінде еліміздің туын көтеріп, Отанға адал қызмет етуге, ел намысын биік ұстауға серт берді. Бұл рәсімдер тек салтанатты сипатпен ғана шектелмей, жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық тәрбие сіңіруге бағытталған тағылымды диалог алаңына айналды.Тарихы терең Түркістан өңірінде Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – ежелгі рухани құндылықтармен үйлесім тапқан ерекше құбылыс. Бұл – елдіктің белгісі, Тәуелсіздіктің тұмарына айналған нышандарға деген шынайы құрметтің көрінісі. Облыс жастарының бойынан елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілікті, рухани тұтастықты, тарихи сананы аңғаруға болады. Олардың көк Туды жоғары көтеріп, мақтанышпен алып жүруі – елдің ертеңі үшін алаңдамайтын сенімді буынның қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. Бұл акция Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырып қана қоймайды, ол – өскелең ұрпақтың бойындағы азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сезімді тереңдетуге бағытталған ұлттық деңгейдегі маңызды қадам. «Менің Елім – Менің Туым» – тек акция емес, бұл – елдікті дәріптейтін, рухты оятатын, ұлттың ұлы мұраттарын ардақтайтын айбынды ұстаным. Сондықтан бұл бастаманың жалғасы жыл сайын кеңейіп, ел ішінде рухани серпіліс тудырып келеді.Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігін, тұтастығын, болашаққа деген сенімін білдіретін қасиетті нышандар. Ал сол рәміздерге деген құрмет – әрбір азаматтың жүрек түкпірінде тербеліп тұруы тиіс асыл сезім. Түркістан төріндегі бүгінгі бастама – дәл осы рухтың, елге деген іңкәр сезімнің, ұлтқа деген махаббаттың жарқын көрінісі болды.