Түркістан облысында ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл бөлініп, бұл бағыттағы кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен алқалы жиында дәл осы мәселе жан-жақты талқыланып, денсаулық сақтау саласындағы нақты нәтижелер мен жоспарлар ортаға салынды.
Қазіргі таңда облыс халқының саны 2,2 миллионнан асып отыр. Оның ішінде 433 мыңнан астамы — репродуктивті жастағы әйелдер болса, 900 мыңға жуық бала 18 жасқа толмаған. Жыл сайын орта есеппен 54 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады. Бұл – демографиялық өсімнің қарқыны жоғары екенін көрсетеді және денсаулық сақтау жүйесіне қойылар талапты күшейтеді.
Облыс әкімі өз сөзінде: «Ана мен баланың денсаулығы – қоғамның әл-ауқаты мен болашағының айнасы, ұлттың келешегі мен тұрақты дамуының негізі. Біз бұл салада тек ресми көрсеткіштермен ғана емес, өмірдің өзі талап еткен шынайы нәтижелермен жұмыс істеуге тиіспіз. Жүйелі бақылау, білікті кадрлар, қолжетімді диагностика мен заманауи технологиялар — біздің басты құралымыз. Инфрақұрылым, маман даярлау мен жаңа медициналық жабдықтар үйлесімді жұмыс істегенде ғана біз халықтың сенімін ақтай аламыз», — деп атап өтті.
Бүгінгі таңда облыста ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін бере бастаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде ана мен бала өлімінің көрсеткіштері айтарлықтай төмендеген. Мұндай оң өзгерістер профилактикалық тексерулер, перинаталдық көмектің сапасын арттыру және мамандарды даярлау ісіндегі жаңашыл қадамдардың арқасында мүмкін болып отыр.
Жүктілік кезеңінде ұрықтың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау — ана мен бала өмірін сақтап қалудың негізгі тетігі. Бүгінгі күні облыс бойынша пренаталдық скринингпен қамтылу деңгейі 88 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш халықаралық стандарттарға жақындап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында 47 ультрадыбыстық диагностика маманы арнайы оқудан өтіп, оның 12-сі Ұлыбританияның Fetal Medicine Foundation (FMF) ұйымының сертификатына ие болған. Соның нәтижесінде туа біткен даму ақауларын ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 4 пайызға өскен.
Сондай-ақ бедеулік мәселесін шешуге арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы Түркістан облысында нақты нәтижелер беріп келеді. Бағдарламаның қолжетімділігінің артуы арқасында соңғы төрт жыл ішінде 780 бала өмірге келген. Олардың қатарында 84 егіз бен 2 үшем де бар. Аталған қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін ұсынылуда. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен медициналық көмектің тең қолжетімділігінің айқын көрінісі.
Осылайша, Түркістан өңірінде ана мен бала денсаулығын қорғау жолында жасалып жатқан игі қадамдар – тек денсаулық сақтау саласының ғана емес, ел болашағының да берік іргетасын қалауға бағытталған. Ана мен баланың амандығы – мәңгілік елдің мәңгілік мұраты.