RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарСаясат

ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫС – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі нақты тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал мен Жетісай аудандарында салынып жатқан маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысып, жұмыс сапарын бастады. Алдымен Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық «Жайлы мектеп» нысанының құрылысын аралады. Жалпы ауданы 14710 шаршы метр болатын бұл білім ордасы 4 гектар жерге салынған және толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. Бұдан соң Еркінабад пен Нұрлыжол елді мекендерінде салынып жатқан 200 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары тексерілді. Бұл нысандар шалғай ауылдардағы балалардың сапалы білімге қолжетімділігін арттырады. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында бес мектептің құрылысы көзделген. Қазіргі уақытта екеуінің құрылысы жүріп жатыр, ал қалған үшеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылады. Еркебұлан Дауылбаев мәдениет саласын да назардан тыс қалдырмай, Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округтеріндегі Мәдениет үйі мен кітапхана құрылыстарын аралап көрді. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жұмыс сапары Жетісай ауданында жалғасты. Аппарат басшысы алдымен 80 гектар аумақтағы жаңа ықшамауданда болып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтап қалған бұл жоба қайта қаржыландырылып, қазіргі таңда «Turan Energo Group» ЖШС тарапынан жұмыс белсенді жүргізілуде. Жыл соңына дейін 60 пәтерлі 2 және 20 пәтерлі 1 тұрғын үй халық игілігіне беріледі. Сонымен қатар 1500 орындық жаңа мектеп пен оқушылар сарайының құрылыс барысы да бақылаудан тыс қалмады. Мектеп заманауи пән кабинеттерімен, робототехника, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Ал оқушылар сарайы – түрлі үйірмелер мен логикалық даму орталықтарын біріктіретін кешенге айналмақ. Бұл оқушылардың шығармашылық және интеллектуалды дамуына тың серпін беретін заманауи кеңістік болады. Жетісайдағы сапар аясында Еркебұлан Дауылбаев Бәйтерек елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңына барып, денсаулық сақтау саласына қатысты жобалармен танысты. Заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталатын бұл нысан қыркүйек айында халыққа пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс сапасы мен мердігерлердің жұмысына қатысты нақты тапсырмалар берген Еркебұлан Дауылбаев әр нысан бойынша мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігін қатаң ескертті. Бұл – халық аманатын ақтау жолындағы жауапты жұмыс. Әрбір мектеп, мәдениет үйі, медициналық мекеме – бұл тек құрылыс нысаны ғана емес, елдің ертеңіне, келешек ұрпақтың игілігіне бағытталған стратегиялық инвестиция. Түркістан облысында қолға алынған бұл істер – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Үкімет резервінен шаруаларды қолдауға 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

redaktor_rastimes

Президент Сауд Арабиясы Корольдігіне құттықтау жеделхаттарын жолдады

redaktor_rastimes

Жетісайдағы жарқын бастамалар: Әлеуметтік әділет пен еңбек мүмкіндіктеріне жол ашқан бағдар

redaktor_rastimes

Пікір жазу