RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Әлеуметтік әділеттілік пен инклюзия жолындағы нақты қадам: Бәйдібекте жаңа орталық ашылды

Әлеуметтік мемлекет қағидаттарын басшылыққа ала отырып, адам капиталының сапасын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамдық өмірге толыққанды қатысу мүмкіндігін баршаға бірдей ұсыну – қазіргі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, бүгін Бәйдібек ауданы үшін ерекше тарихи күн болды. Аудан орталығы – Шаян елді мекенінде «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы салтанатты түрде өз жұмысын бастады.

Жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтады. Олар бұл бастаманың өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, қоғамдағы азаматтардың белсенділігін арттыруға, денсаулығын нығайтуға, егде жастағы тұрғындар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге деген құлшынысын қолдауға бағытталғанын ерекше атап өтті.

«Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы – тек бір ғимарат немесе мекеме емес, бұл – ел Президентінің әлеуметтік бағдарланған саясатының нақты жемісі, әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты әрі пәрменді қадамдардың бірі. Мемлекет тарапынан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, оларды қоғамнан шеттетпей, қайта қоғамдық өмірге белсене тартуға арналған мұндай бастамалар – еліміздегі әлеуметтік саясаттың заманауи сипатын танытатын айқын мысал.

Жаңа орталық заманауи талаптарға толықтай сай жабдықталған. Онда кәсіби білікті мамандар қызмет көрсетеді. Орталық есігі зейнет жасындағы азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар жандар үшін әрдайым ашық. Мұнда келушілердің әрқайсысына қолайлы жағдай қарастырылып, инклюзивті орта қалыптастырылған. Салауатты өмір салтын дәріптеу, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған іс-шаралар кешені осы орталықтың қызметінің негізін құрайды.

Бұл – қоғамның ең нәзік, көмекке зәру тобына жататын азаматтар үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы. Олар үшін бұл орталық – жаңа өмір парақтарының бастау нүктесі. Мемлекет пен қоғамның, билік пен халықтың арасындағы сенім мен өзара жауапкершіліктің тағы бір жарқын көрінісі.

Орталықтың іске қосылуы – Бәйдібек ауданы тұрғындары үшін ғана емес, жалпы Түркістан облысындағы әлеуметтік бағдарланған жобалардың жүйелі жүзеге асып жатқандығының айғағы. Мұндай игі бастамалар елдің әр өңірінде кеңінен таралып, әлеуметтік теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі ашылған орталық – әділетті қоғам мен жарқын болашаққа бағытталған сенімді, стратегиялық маңызы бар қадам. Мемлекеттің әрбір азаматына қамқорлықпен қарау – бұл біздің ортақ құндылығымыз. Осындай бастамалар арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты жүзеге асып, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашылады.

Ұқсас жаңалықтар

Халықты әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру жөнінде кеңес өтті

redaktor_rastimes

Күштік құрылым қызметкерлері марапатталды

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ДИЗАЙН КОДЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу