RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарКәсіпҚоғам

Ақмола облысында күздік бидай орағы басталды

Еліміздің басты астықты өңірінде бидай жинау науқаны басталды. Алғашқы күздік бидай өнімі «Зеренді Сақтау Өнімдері» ЖШС алқаптарынан жиналып жатыр. Мұнда орақ жұмыстары қарқынды жүргізілуде, гектарынан орташа түсім 30–32 центнерді құрап отыр. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов егін жинау барысымен танысты.

«Күздік бидайды біз өткен жылдың қыркүйегінде «Умка» сортымен егіп, барлық қажетті тыңайтқыштарды толық енгіздік. Қазір алқап толық пісіп, орақ қызу жүріп жатыр», – деді «Зеренда Сақтау Өнімдері» ЖШС директоры Ербол Жауаров.

Ғылыми әдістерді тиімді қолданудың арқасында өңірде ерте пісетін бидай алқаптарын ұлғайту көзделіп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның айтуынша, өңірде егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық беріліп, майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі көбейген.

«Биылғы жылы жаздық егіс көлемі 5,5 миллион гектарға жетті. Бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Барлық агротехникалық шаралар толық орындалды, тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдары уақтылы енгізілді. Биыл мол әрі сапалы өнім күтіп отырмыз. Негізгі орақ жұмыстары тамыздың 25-інен кейін басталады», – деді Мұрат Балпан.

Биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілді. «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында 870 фермер 103,5 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие алды. Сондай-ақ жыл басынан бері лизинг арқылы 31 миллиард теңгеге 587 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жалпы, биыл облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 227 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.

Айта кетейік, бүгінде өңірде шамамен 9 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Өткен жылы Ақмола облысы соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 6,5 миллион тоннадан астам астық жинап, елдің басты астықты өңірі ретіндегі мәртебесін тағы бір дәлелдеді.

Дереккөз: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Түркі руханиятының алтын діңгегі: Түркістанда Махмұд Қашқаридің мұрасына арналған көрме ел жүрегін елжіретті

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының (WT) президентін қабылдады

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАР КОРОТКОВ ТУРНИРІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу