RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Абайдың рухымен қауышқан рухани жиын: Ассамблея жастары Абай оқуларында бас қосты

Ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен мол мұрасын жастардың санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты рухани міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Абай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық «Абай оқулары» өз мәресіне жетіп, ерекше әсер мен рухани серпіліс сыйлаған тағылымды шараға айналды.

Еліміздің әр түкпірінен жиналған 40-қа жуық этнос жастары киелі Абай өлкесінде бас қосып, ұлтымыздың ұлы перзенті Абайдың рухымен жүздескендей күй кешті. Шараға Түркістан облысы атынан «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Нодиржан Хасантаев арнайы қатысып, жастардың рухани тәрбиесі мен ұлттық болмысын тереңдетуге бағытталған мәдени-танымдық іс-шаралардың маңызын атап өтті.

Бұл оқиғаларға бай бағдарламаның басты ерекшелігі – жас буынды тек әдебиетпен сусындатып қоймай, тарихпен, салт-дәстүрмен, ұлттық рухпен терең қауыштыруында. Қатысушылар қасиетті Жидебай жеріне ат басын бұрып, Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының кесенелеріне барып, тағзым етті. Сонымен қатар Күшікбай ата мазарына аялдап, рухани саяхат аясында Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліде болып, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректермен танысты.

Абай музейінің аумағында орналасқан «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған жастар бұл арқылы ұлы ақынның рухына құрмет білдіріп, оның ұлт руханиятындағы өлшеусіз орнын жүрекпен сезінді. Сондай-ақ түрлі викториналар, зияткерлік ойындар мен пікір алмасу алаңдары арқылы қатысушылар Абай шығармашылығы туралы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, бір-бірімен танысып, рухани бауырластық байланыс орнатты.

Шараның жабылу салтанатында Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов сөз алып, Абай ілімінің жастар санасына сіңуі – ұлттың болашақ рухани қуатын қалыптастыратын маңызды құндылық екенін атап өтті. Абайды оқу – тек жаттау емес, оның ойына үңілу, тереңіне бойлау, адамгершілік биігіне көтерілу деген ұғым екенін жеткізді.

«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмұрбаев та сөз сөйлеп, жастардың Абай мұрасына деген қызығушылығы – елдің рухани жаңғыруының жарқын көрінісі екенін атап өтті. Абайды тану – өзіңді тану, Абайды сүю – ұлтты сүю екенін айтқан ол, бұл шараның маңыздылығын ерекше бағалады.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың арнайы құттықтау хаты оқылып, жастардың мәдени-рухани ізденістеріне сәттілік тілегін білдірді. Шара соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жастар арасындағы «Абай оқулары» – Ассамблеяның рухани бағыттағы қызметінің жарқын көрінісі ғана емес, Қазақстандағы этносаралық татулық пен бірлік саясатының нақты жемісі. Бұл – түрлі ұлт өкілдерінің ортақ рухани құндылықтар аясында табысып, бір мақсатқа жұмылуының үлгісі. Ұлы Абайдың даналық жолымен жүрген жас ұрпақ енді осы рухани қорды өмірлік темірқазық етіп, ел болашағы жолында аянбай еңбек ететініне сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанның туризм келбетін айқындайтын жаңа бастамалар

redaktor_rastimes

Ұлытау облысының Қаражал қаласында салынатын мектепке 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Бас прокурорды қабылдады

redaktor_rastimes

Пікір жазу