Түркі халықтарының тарихи жады мен мәдени байланысын одан әрі тереңдетуге бағытталған II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторлары симпозиумы өз мәресіне жетіп, рухани астана Түркістанда мазмұнды әрі тағылымды қорытынды шаралармен жалғасын тапты. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды жиынның қатысушылары өңірдегі тарихи-мәдени орындарды аралап, түркі өркениетінің терең тамырымен қайта қауышты.
Шетелдік және отандық жетекші ғалымдар, сарапшылар мен зерттеушілер ең алдымен бабалар рухына тағзым етіп, Арыстан баб кесенесіне зиярат жасады. Сапар аясында қатысушылар көне Отырар қалашығында болып, дала өркениетінің таңбасы саналатын археологиялық жәдігерлермен танысты. Қалашықтағы тарихи орындардың құрылымы, қалпына келтіру жұмыстары мен археологиялық зерттеу барысы мамандар үшін аса қызықты болды.
Күннің екінші жартысында симпозиум делегаттары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл – тек сәулет өнерінің ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани темірқазығына айналған киелі мекен. Қонақтар еліміздің еңселі ескерткішінің көркемдік ерекшелігімен, тарихи мән-маңызымен, сондай-ақ қазақ халқының дәстүр-салтымен, мәдени болмысымен терең танысты. Түркі әлемінің ортақ мұрасына айналған Ясауи феномені мен оның ілімінің өркениет тарихындағы маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Екі күнге созылған симпозиум аясында «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбында ғылыми пікір алмасулар өтіп, реставрация саласындағы заманауи тәсілдер мен ортақ әдістемелер талқыланды. Шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстаннан келген көрнекті ғалымдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Бұл – ғылыми қауымдастықтың түркі өркениетінің мәдени мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы бірлескен қадамы.
Симпозиум қорытындысы бойынша, тарихи ескерткіштерді сақтау және зерттеу бағытында түркі елдерінің ғылыми серіктестігін нығайту жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылданды. Түркістандағы бұл басқосу бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетіп қана қоймай, ортақ мұрамызды сақтау ісіне серпін берген маңызды жиын ретінде тарих бетінде қалмақ.