Президенттің тапсырмасы бойынша прокурорлар екі жыл бойы инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, олардың қорғалуын қамтамасыз етіп келеді.
Осы уақыт аралығында прокурорлар 500-ге жуық проблемалық жағдайды сәтті шешіп, 700 инвесторға нақты көмек көрсетті. Олардың ел экономикасына салған инвестициясы 10,4 трлн теңгеден асты.
Сонымен қатар, инвесторларға қатысты негізгі шешімдерге «прокурорлық сүзгі» енгізілді. Бұл мемлекеттік органның прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға және өзге де шектеу шараларын қолдануға құқығы жоқ екенін білдіреді.
«Прокурорлық сүзгі» шеңберінде прокурорлар инвесторларды тексеру, әкімшілік жауапкершілікке тарту және шектеу шараларын қолдану жөніндегі 675 заңсыз шешімнің алдын алды.
Инвесторлардың құқықтарын бұзғаны үшін 130-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
«Прокурорлық сүзгі» лауазымды тұлғалардың шешімдерін ашық етуге ықпал етіп, Президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы «Экономиканы либерализациялау шаралары туралы» Жарлығына сәйкес заңдарда бекітілді.
Заңнамалық өзгерістер Кәсіпкерлік кодекске, Азаматтық процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБК) енгізіліп, 2025 жылдың қаңтарында күшіне енді.
Атап айтқанда, ӘҚБК-ге енгізілген өзгерістерге сәйкес, инвесторға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау тек прокурормен келісілгеннен кейін ғана мүмкін болады.
Прокурордың келісімінің болмауы – істі тоқтатуға негіз болып табылады (ӘҚБК 741-бап).
Негізгі келісу мерзімдері ӘҚБК-нің 759-бабында көрсетілген (прокурор), ал тәртібі Бас прокурордың бұйрығымен айқындалады.
Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістер мемлекеттік органдардың прокурордың келісімінсіз инвесторларды тексеруіне және оларға шектеу шараларын қолдануына тыйым салады. Бұларға мыналар жатады:
- субъектінің, қызметтің, процестің жұмысын тоқтата тұру;
- рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның қолданылуын тоқтату немесе кері қайтарып алу;
- рұқсат беруден немесе оның мерзімін ұзартудан бас тарту;
- мемлекеттік органның немесе квазимемлекеттік сектор ұйымының инвестордың пайдасына шығарған шешімін жою (кері қайтарып алу);
- инвестормен жасалған шартты біржақты бұзу.
Азаматтық процестік кодекске де өзгерістер енгізілді.
Енді мемлекеттік органның инвесторға қарсы сотқа талап қою құқығын жүзеге асыруы міндетті түрде прокурормен келісілгеннен кейін ғана мүмкін болады.
«Прокурорлық сүзгі» тек Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты қолданылады. Бұл тізілімді қалыптастыру тәртібін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган анықтайды.
Жалпы, аталған шаралар инвесторлардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге және бизнес жүргізу үшін қолайлы құқықтық ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Дереккөз: Бас прокуратураның баспасөз қызметі