Қазақтың қазынасы саналатын қолөнер — тек көздің жауын алатын бұйым емес, ол – ұлттың жаны, рухани шежіресі. Осы шежірені жаңғыртып, әлемге таныту мақсатында Алматы қаласындағы әйгілі «Медеу» мұз айдыны алаңында өткен ауқымды мәдени шара ел жадында ұзақ сақталары анық. Елордалық өнертанушы, қолөнердің жанашыры Нұргүл Абайханның бастамасымен жүзеге асқан «ALAMAN QURAQ-2025» жобасы – ұлттық мұраны дәріптеу ісінде жаңа белесті бағындыруға ұмтылған ерекше бастама ретінде тарих бетіне жазылды.
Аталған көрме аясында 660 дана құрақ көрпеше мен ерекше ұлттық нақыштағы «Алма жастық» үлгілері жұрт назарына ұсынылды. Әр көрпеше – бір-бір хикая. Әр жастық – ұлттық нақыштың, отаншылдықтың, аналық мейірім мен еңбекқорлықтың жарқын белгісі. Көрменің символына айналған қызыл оюлы «Алма жастық» – Алматы шаһарының рухани бейнесі мен табиғи сәнін ұштастырып тұрғандай әсер қалдырды.
Бірегей шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрақ шеберлері қатысып, қазақ қолөнерінің өміршеңдігін паш етті. Осы ерекше құрамның ішінде Түркістан облысынан арнайы барған 100 құрақшы өз қолдарымен тіккен туындыларын ұсыну арқылы ел руханиятына сүбелі үлес қосты. Олар ұлттық киім киіп, қазақы болмысты заманауи кеңістікке лайықтап танытты. Бұл — тек қолөнер емес, бұл – ұлттың үнін әлемге жеткізген өрелі өнер.
«Аламан құрақ» жобасының ең басты ерекшелігі — оның рухани астарында. Бұл жай ғана көрме емес. Бұл — ұлттық сана мен болмысты жаңғыртуға бағытталған мәдени бастама. Құрақтың әр тігісі – тарихтан сыр шертеді, оюдың әр өрнегі – ұлттың көркемдік танымының көрінісі. Бұл жобаның мақсаты – ата-бабадан аманат болып қалған асыл өнерді ұрпақ санасына сіңіру, оны заман талабына сай дамыта отырып, халықаралық деңгейге шығару.
Гиннес рекордтар кітабына енуге ұсынылған аталмыш жоба — қазақ қолөнерінің өрісін кеңейтіп, әлем жұртшылығының назарын ұлттық мұрамызға бұруға бағытталған тың қадам. Бұл — тек рекорд үшін жасалған шара емес, бұл — ұрпаққа аманат, тарихқа тағзым, мәдениетке құрмет.
Ұлттық өнердің тіні үзілмей, тамыры тереңдей бермек. «Аламан құрақ» арқылы тігілген оюлы көрпелер — елдің намысы, ананың алақаны, даланың дауысын жеткізген үн тәрізді. Міне, осындай құндылықты әлем мойындап, тарих бетіне жазса — бұл шын мәнінде руханияттың үлкен жеңісі болмақ.

