RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ӨНДІРІС – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕГІ: ЖҰМЫС ҮДЕРІСІ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласын дамыту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылаған жұмыс жиыны өтті. Бұл жиын – нақты тапсырмалар мен жүйелі істерге бағытталған іс-шара болды.

Жиын барысында бірінші кезекте табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, балық шаруашылығын заңдастыру және тіркеу жұмыстары сөз болды. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүргізген түгендеу нәтижесінде 231 балық шаруашылығы тіркелсе, оның 164-і заңдастырылып, қалғанына қатысты құжаттық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан ашылған шаруашылықтарға биологиялық негіздеме жасау қажеттігі түсіндіріліп, жүйелі түрде тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, өңірдің экологиялық жай-күйіне жауапты «Жасыл аймақ» мекемесінің су ұңғымалары толық жөндеуден өткізіліп, іске қосылған. Жасыл желектерді уақтылы суғару жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – агроөнеркәсіп саласы мен қайта өңдеу кәсіпорындарының даму деңгейі. Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданын мысалға келтіре отырып, өңірдегі ірі қара және ұсақ мал санының көптігіне байланысты тері өңдеу саласын қолға алудың маңыздылығына тоқталды. Жыл сайын 116,2 мың ірі қара, 118,9 мың ұсақ мал етке өткізіледі, бұл – тері өндірісіне сұраныс пен мүмкіндік жоғары деген сөз. Осы орайда аудан әкімдігімен бірлесе отырып, тері өңдейтін кәсіпорын ашуға инвестор тарту жұмыстары жандануы тиіс екенін қадап айтты.

«Бұл мәселе тек Сайрам ауданымен шектелмейді. Әр аудан өз ерекшелігіне қарай өндірісті дамытып, кәсіпкерлікті қолдауға күш салуы керек. Жергілікті кәсіпкерлерге өзге өңірлердің тәжірибесін таныстырып, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін түсіндіру – қызығушылықты арттырудың бір жолы. Қажет жағдайда құқықтық қолдау көрсету де маңызды. Осындай қадамдар ғана нақты нәтижеге жеткізеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дегенмен, кейбір аудандардан қайта өңдеу өндірісі бойынша нақты ұсыныстардың түспеуі сынға алынды. Жауапты басқармаларға бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, аудан әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеу тапсырылды.

Жиында сондай-ақ, малды заңсыз жайып отырған, тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта бірқатар аудандар белсенділік танытқанымен, Сауран, Қазығұрт және Төлеби аудандары артта қалып отыр. Бұл өз кезегінде жайылым жерді мақсатсыз пайдалануға жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауды қажет етеді.

Кеңес қорытындысында бірқатар тапсырмалар нақтыланып, жауапты тұлғалар мен мерзімдер бекітілді. Берілген әрбір тапсырманың орындалуы күнделікті бақылауда болатынын айтқан Нұрбол Тұрашбеков, әр салада серпінді қозғалыс қажет екенін ескертті.

Өндірісті күшейту – өңір экономикасының тірегі. Ал ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласын үйлестіру – елдің әл-ауқатын арттыратын басты жолдардың бірі. Түркістан өңірінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕГІС КӨЛЕМІН 906 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖЕТКІЗУ КӨЗДЕЛУДЕ

redaktor_rastimes

Абзал Дәулетәліұлы: Мақсат – әділетті еңбек нарығы, әр адам – назарда, әр жұмыс – бақылауда!

redaktor_rastimes

АҚШ Венесуэла президентінің ұшағын тәркіледі

admin_rastimes

Пікір жазу