RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

«Созақтан – Түркістанға»: Тарихты тірілткен рухани экспедиция

Түркістан облысында ел жадын жаңғыртып, ұлттың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған ерекше сапар – «Созақтан – Түркістанға» атты мәдени-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл бастама Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қолға алынған «Елтану» мәдени-ағарту жобасының аясында жүзеге асырылды. Аталған тарихи сапар жайлы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз жетекшісі Сәбит Тастанбекұлы ресми түрде мәлімдеді.

Экспедицияға Түркістан өңіріндегі «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенді мүшелері, қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылары, сала мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сапар мақсаты – Қаратау жотасын теріскейден күнгейге қарай кесіп өту арқылы тарихи-мәдени бағытты қайта жаңғырту, жас буынды ел тарихына терең бойлатумен қатар, туған жер табиғаты мен құндылықтарына жаңаша көзқарас қалыптастыру болды.

Қатысушылар жүріп өткен бұл жол – жай ғана бағыт емес, тарихи мәнге ие соқпақ. Тарих беттерінде бұл жолды ХІХ ғасырда Кенесары хан өз жасағымен уақытты үнемдеу үшін пайдаланғаны туралы деректер бар. Сол ізімен жүріп өтіп, жаңа сапармен жаңғырту – ұлт жадын жандандырудың бір көрінісі болды. Экспедиция аясында жастар тек тарихи орындарды аралап қоймай, Қаратаудың өсімдігі мен жануарлар дүниесін зерттеді, жол бойы фото және бейнежазбалар түсіріп, болашақ туристік бағыт ретінде кеңінен насихаттауға өз үлестерін қосты.

– Экспедицияның маңызды бағыттарының бірі – жүріп өткен бағытты нақты картаға түсіру. Бұл алдағы уақытта өңірге келетін туристер үшін жол бағдарын белгілеп, арнайы көрсеткіштер орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастардың тарихи сана мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру – жобаның басты жетістіктерінің бірі, – деді Сәбит Тастанбекұлы.

Сапар барысында қатысушылар ең алдымен Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған – тарихи Созақ қалашығына аялдады. Қаланың бай тарихымен, оның ел дамуындағы орны туралы деректермен танысып, көне шаһардың көрікті нысандарын көзбен көрді. Одан кейін Қарабура әулие кесенесі мен көне Шайхы Ахмет мешітіне барып, бұл рухани ордалардың тарихын жергілікті шежіреші қариялардан естіп білді.

Жол бойы саяхатшылар еліміздің тарихи тұлғаларына арналған кесенелерге – Хақназар хан мен Мұхаммед Ханафия мазарларына, Балықшы, Бөгенбай, Құлметей сынды әулие-әмбиелер жатқан киелі орындарға аялдады. Экспедиция мүшелерін ерекше таңғалдырған нысандардың бірі – мың жылдық тұт ағашы мен Тайқазан құйылған қасиетті Қарнақ ауылы болды. Осылайша, 110 шақырымға жуық тарихи-танымдық жолды қатысушылар екі күн ішінде жаяу жүріп өтіп, сапарларын Түркістан қаласында түйіндеді.

Экспедиция жайлы өз әсерімен «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен де бөлісті:

– Бұл сапар жас буынға туған жердің әр тасы мен әр төбесінің өзіндік тарихы, терең мағынасы бар екенін ұғындырды. Бұған дейін естіп-біле бермейтін тарихи-мәдени нысандармен жүздесу – жастар үшін үлкен жаңалық, әрі шабыт көзі. Олар өз көздерімен көріп, тарихты жүрекпен сезіне білді. Жаңа туристік бағыттың негізін қалауға да атсалысып отырғандарын мақтанышпен айтты, – деді ол.

Бұл бастама – тек экспедиция ғана емес, ұлттық болмысты жаңғыртудың, бірлік пен татулықты нығайтудың, ел рухын асқақтатудың нақты көрінісі. Түрлі этнос өкілдерінен құралған жастардың бас біріктіріп, тарихи мұраны зерттеп, туған топырақтың қадіріне жетуге ниет етуі – ұлт болашағы үшін қуантады. «Созақтан – Түркістанға» сапары – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспеттес.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН РУХЫН ТІРІЛТКЕН ТАРИХИ КӨРІНІС: «КЕРУЕН САРАЙДА» ТҰМАНДЫ ҒАСЫРДАН ТОМИРИС ОРАЛДЫ

Саурандық делегация Түркияда өндірістік әріптестікке жол ашты

Ұлттық құрама «Странджа» турнирінде бақ сынайды

redaktor_rastimes

Пікір жазу