RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САУРАН – АГРАРЛЫҚ СЕРПІЛІСТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ: АУДАНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Түркістан өңіріндегі Сауран ауданы – ауыл шаруашылығына негізделген әлеуеті зор аймақ. Бүгінде бұл аудан мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру арқылы ауыл экономикасына тың серпін беруді мақсат етіп отыр. Соның нақты дәлелі – аудан аумағында жүздеген мал бордақылау алаңының құрылуы.

Жуырда Сауран ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі агроөнеркәсіптік жобалардың бірі — мал бордақылау алаңдарының құрылысымен танысты. Халық қалаулысының сапарына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты.

Қайрат Рахымұлы «Түркістан Ет өнімдері» ЖШС-не тиесілі мал бордақылау кешенін аралап көріп, жергілікті әкімдік ұсынған жобаның маңыздылығына назар аударды. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров бұл жоба тек аудан үшін емес, тұтас Түркістан өңірінің агроэкономикалық қуатын арттыратын бастама екенін баса айтты:

– Бүгінде Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Соның 30-ы Ескі Иқанда салынуда. Қазіргі уақытта 25 нысанның құрылысы басталып кетті. Барлық жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді аудан әкімі.

Бұл жобаның басты артықшылығы – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл тиімді инфрақұрылым қалыптастырып, шығындарды оңтайландыруға, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға, санитарлық және ветеринарлық бақылауды бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мал өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, экспорттық әлеуетке жол ашады.

Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету көзделген. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесті дамыту үшін тиімді экожүйе қалыптастырады. Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл жастары тұрақты табыс көзін табады, ал ауылдық аймақтардың экономикалық белсенділігі арта түседі.

Иә, бүгінгі таңда аграрлық сала – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты тіректердің бірі. Саурандағы бұл іргелі жобалар – ауылдың дамуына серпін беретін нақты істердің айғағы. Ал мұндай бастамалар жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауыл тіршілігін жаңғыртатын сенімді қадам болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАН ЖЭО ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫН ЖЕТІ ҚАЗАНДЫҚПЕН ӨТКЕРЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚОНАҚҮЙЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ЖАҚСАРҒАН

redaktor_rastimes

КӨКПАРДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу