Еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Түркістан облысында да кең көлемде жүзеге асуда. Жобаның басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын заманауи мектептер салу арқылы апатты, екі және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу. Түркістан өңірінде жобалық қуаттылығы 22 900 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Соның ішінде биыл – 2024 жылы 13 мектеп пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 16 білім ұясы есігін айқара ашпақ.
Жаңа оқу жылына дайындық барысын үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жайлы мектептердің директорларымен кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында білім беру сапасынан бастап, құрылыс жұмыстарының жай-күйіне дейін, мұғалімдер іріктеу мен лицензиялау мәселесіне дейін бірқатар өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды.
– Бүгін сіздерді алғаш рет осылай бас қосуға шақырып отырмыз. Мақсат – ашық пікірлесу, проблемаларды нақтылап, ортақ шешімге келу. Біз кез келген мәселені жауапты басқармалармен, облыс әкімдігімен, қажет жағдайда министрлік деңгейінде шешуге дайынбыз. Басты міндетіміз – жаңа білім ұяларын сапалы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, білім беру процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Ол сондай-ақ мектеп директорларына педагогикалық құрамды іріктеуде жоғары талап қою қажет екенін баса айтты. Бүгінгі ұстаз – тек пән білгірі ғана емес, сонымен қатар жаңа формацияны меңгерген, цифрлық технологияларды еркін меңгеретін, креативті ойлай алатын және адалдық пен жаңашылдықты өмірлік ұстаным еткен маман болуы тиіс.
– Педагогтерді жұмысқа қабылдауда негізгі кәсіби құндылықтармен қатар, олардың шығармашылық қабілеті, жаңашыл көзқарасы мен жеке адалдығына да ерекше мән беріңіздер. Құжаттарының түпнұсқалылығын мұқият тексеріңіздер. Сонымен бірге, ата-аналар мен жергілікті тұрғындарға «Жайлы мектептің» мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де аса маңызды, – деді ол.
Кездесу барысында мектеп ғимараттарының құрылыс сапасы мен техникалық талаптарға сәйкестігі де сөз болды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында екені ескертілді. Жауапты құрылымдарға құрылысты күнделікті бақылауда ұстап, барлық талаптарға сай орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ лицензиялау рәсімдерін дер кезінде аяқтау қажеттігі де атап өтілді.
Кеңес барысында білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов жаңа мектептерге оқушылар қабылдау процесі туралы баяндаса, өзге бөлім басшылары педагог кадрларды іріктеу және мектеп мүлкін күтіп-ұстау бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.
Айта кету керек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған. Аталған бастама білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруді, сапалы әрі тең қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруды көздейді. Бұл мектептер заманауи инфрақұрылыммен жабдықталып, қауіпсіздік жүйелерімен, инклюзивті және толық күндік білім беру үлгісімен ерекшеленеді. Оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай жасалып, санитарлық-гигиеналық талаптар да қатаң сақталады.
Түркістан облысында жайлы мектептердің құрылысы қарқын алып, білім беру саласына тың серпін беріп отыр. Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, заманауи талаптарға бейімделіп өсуіне жасалып жатқан нақты қадам.

