Түркістан облысында өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта қазіргі таңда облыс аумағында жалпы саны 14 индустриалды аймақ құрылған. 2025 жылы олардың қатарына жалпы көлемі 744 гектарды құрайтын тағы бес жаңа аймақ қосылды.
Атап айтқанда:
-
«Жетісай» индустриалды аймағы – 59 гектар,
-
«Отырар» индустриалды аймағы – 85 гектар,
-
«Арыс» индустриалды аймағы – 30 гектар,
-
«Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 гектар,
-
«Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 гектар.
Аталған аймақтарда жалпы құны 129 млрд теңге болатын 84 жоба іске асырылмақ. Биылдың өзінде құны 49,7 млрд теңге болатын 17 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Төлеби ауданында жаңа индустриалды аймақ ашу, ал Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы екі аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған.
Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы сәтті іске асырылуда. Бұл жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу және 308 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде 6 040 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 11 ғимарат пайдалануға беріліп, 790 жұмыс орны ашылды.
Биыл салынатын 29 ғимараттың 90%-ының құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылмақ. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған соң, жалпы саны 2 000-нан астам жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бұл кезең аясында 136,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 37 жоба жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Қытайдың жетекші компаниясымен келісім жасалып, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығына арналған дрон шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Жобаның құны – 5 млн АҚШ доллары, ал өндірістік қуаттылығы – айына 600 дана.
Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны – 60 млн еуро. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 140 мың дана тоңазытқыш өндіру көзделіп отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, бұл тәжірибені облыстың басқа да аудандарында енгізу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жобалар қолға алынуда.
Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Бұл жерде қазірдің өзінде 5 өндіріс орнын ашуға кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр.
Бұған қосымша, Сауран ауданының Иассы, Қарашық, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.