Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл саланы дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Осы ретте әлемдік деңгейдегі додалардың елімізде өтуі маңызға ие. Елордада 8-13 қыркүйек күндері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Көшпенділер ойыны ұлттық ойындарды ғана емес еліміздегі туризм саласын насихаттауға да үлкен мүмкіндік. Елордаға ойындарды көруге 100 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Келген туристер қандай іс-шараларға куә болады, туризм саласына қосар үлесі қандай Спорт және туризм вице-министрі Ержан Еркінбаевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
— Елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазақстанда осындай деңгейдегі шараның өтуі туризм тұрғысынан қаншалықты маңызды?
Біріншіден, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елордамызда өтуі – бұл ел үшін, әсіресе туризмді дамыту контекстінде үлкен оқиға. Қазақстан өзінің бай мәдени мұрасы мен бірегей табиғатымен туристерді қызықтыратыны анық. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты іс-шаралар біздің көшпелі мәдениетіміздің бірегейлігін жаһандық деңгейде көрсетуге ықпал етеді. Сондай-ақ, халықаралық деңгейге әлем назарын аударуға және сәйкесінше елімізге келетін турист санын арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, ұзақ мерзімді перспектива туралы сөз қозғайтын болсақ, Көшпенділер ойындарының әсері айтарлықтай болады. Яғни, Қазақстанды туристік бағыт ретінде көрсетіп қана қоймай, әлемдік деңгейде спорт шараларын өткізе алатын инфрақұрылымы бар мемлекет ретінде танытады. Біздің халықаралық деңгейде спорттық болсын, мәдени болсын, түрлі шараларды өткізе алатын тәжірибеміз бар. Оны сеніммен айтпа аламын.
Үшіншіден, ойын барысын ақпараттандыру мақсатында Ewronews, BBC, CNN сияқты бүкіл дүние жүзіне танымал бұқаралық ақпарат құралдары келеді. Әлбетте, елдің оң имиджін қалыптастыруға оның ықпалын жоққа шығара алмаймыз.
— Көшпенділер ойындарын алғаш болып көрші Қырғыз елі ұйымдастырды. Ойындарды ұйымдастыруда туризмге оң әсері болды ма?
Иә, дұрыс айтасыз. Алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылы Қырғызстанда өтті. Сарапшылардың айтуынша, бұл нағыз жетістік болды. Ойындарға 19 елден 600-ге жуық спортшы қатысып, іс-шара мыңдаған туристер қатысып, халықаралық ақпарат құралдарының назарын аудартты. 2016 жылы қатысушы елдердің саны 62-ге дейін өсті, ал туристер саны 40 мыңға дейін жетті. 2018 жылы Қырғызстанда 80 елден 2000-нан астам қатысушы болды, ал фестивальге қатысушылар мен көрермендер саны 150 мыңнан асты. Өзіңіз көріп отырғандай, осындай деңгейлі шара елдің абыройын арттырып, экономикасын туризм арқылы көтеруіне үлес қосады.
— Елімізде қалай болады? Басқа елдердің қатысу ауқымы қандай?
Қазақстанда қатысушылар мен көрермендер саны рекордтық деңгейде болады деп күтілуде. 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады. 100 мыңға жуық адам келеді деген болжам жасап отырмыз. Көшпенділер ойындарының тәжірибесіне сүйенсек, бұл шын мәнінде орындалатын дүние. Еліміздегі туристік инфрақұрылым да кейінгі уақытта әлдеқайда жоғары деңгейге шықты. Спорттық инфрақұрылымдар, қонақ үйлер, ұлттық нақыштағы кафе-ресторандар, түрлі мәдени орындардың қатары өскен.
— Туристер ойындардан бөлек қандай іс-шараларды көре алады?
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде күрес, көкпар және садақ ату сияқты 21 түрдегі дәстүрлі спорттық жарыстар өтеді. Айта кету керек, аталмыш іс-шара барысында тек спорттық ойындардың өтуі ғана жоспарланбаған. Ойындардың негізінде үш бөлімі бар, спорт, мәдениет, ғылым. Көшпенділер ойындарының бағдарламасы барлық үш бағыттағы шараларды қамтиды. Ойындардың ашылу салтанатына бір күн бұрын этноауылдың ашылуы өтеді. Сонымен қатар, «Астана – көшпенділердің астанасы» атты театрландырылған қойылым мен Димаш Құдайбергеновтің концерті, басқа да көптеген мәдени және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады. Әлбетте, мұның бәрі көшпелі халықтардың мәдениеті мен дәстүрі қызықтыратын туристер үшін ерекше атмосфера қалыптастырады.
— Осындай халықаралық іс-шаралар туризмнің дамуына оң әсер еткен басқа елдерден мысалдар келтіре аласыз ба?
Нақты Көшпенділер ойындарының Қырғыз елінің туризміне қосқан үлесі туралы әлгінде айттым. Осындай жағдай Түркияда 2021 жылы өткен ойындар барысында да байқалды. Пандемияға қарамастан, мәдени бағдарламалары мен дәстүрлі спорт түрлерінің арқасында көптеген туристер келіп, Түркияда елінің тағы бір қырының ашылуына, танымал болуына ықпал етті. Біз 30-ға жуық отандық туроператорлар арасында осы іс-шара аясындағы турлар бойынша арнайы сұрау жүргіздік. Туроператорлар ұсынған мәліметтерге сәйкес, турдың орташа ұзақтығы 6 күн және орташа құны 900 мың теңгені құраған. Оның үстіне, бүгінгі күні дәл осындай турды 700-ден астам туристер алып үлгеріпті. Олар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы барлық іс-шаралар мен жарыстарға қатыса алады.
— Қай елдерден қызығушылық танытып жатыр?
Ерекше айтқым келетін мәселе, осы Көшпенділер ойындарына Еуропа мен Араб елдерінен келген туристер ерекше қызығушылық танытуда. Әрине арасында Қытай және ТМД мемлекеттерінің азаматтары да аз емес. Атап өткен турлар барысында туристер тек Астана қаласында ғана емес, Алматы қаласы, Бурабай курорттық аймағы, Алматы облысының туристік орындары және т.б. туристік бағыттарды қоса таңдайды. Бұл әлем қауымдастығына еліміздің бай табиғи және мәдени мұрасын таныстыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ойындарды өткізу жергілікті қауымдастықтарға айтарлықтай әсер етеді. Алдымен бұл жергілікті қолөнершілерден бастап қонақүйлер мен мейрамханаларға дейін шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандырады. Мысалы, ойындарда Қазақстанда өндірілген жебелер пайдаланылатын болады. Сондай-ақ, біз Астана қонақүйлерінде орналасуда үлкен тапсырыс болары анық. Оның үстіне, мұндай іс-шаралар, әсіресе туристік және қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарын ашады. Жергілікті өндірушілер өз өнімдерін көрсетіп, халықаралық серіктестермен байланыс орната алады. Нәтижесінде бұл жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін жақсартады және жергілікті экономиканы дамытуға көмектеседі деген сенімдеміз.
— Сұхбат бергеніңізге рахмет!