ТұлғаӘдебиет

Жақсы еді, жақсы еді ғой, шын жақсы еді…

«Танымал журналист Бейсен Құранбек өмірден өтті» деген суық хабар жанашыр халықтың көңілін босатқаны мәлім. Оны әр жүрек сезді. Жылады.. Ең алдымен ақынның жүрегін ауыртқаны түсінікті. Ақын үшін Бейсен Құранбектің өмірі мен көңілі ерекше.

Халыққа белгілі ақындардың марқұм Бейсен Құранбекке арнаған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

ҚАЛҚАМАН САРИН:

ЖАҚСЫ АДАМ

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның неге осылай тынбақ соңы?
Бәріне жанашыр боп жүрмекші еді,
Әлі де Алашым! — деп тұрмақшы еді.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жанымның басылар ма құрғақ шөлі?
Бұйыртып ғазиз-ғұмыр, ғашық-тағдыр
Бұл өмір тұр ма тағы бұлдап соны?..

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
«Бармысың, батырым» деп, тіл қатса, өңі
жып-жылы шуақ шашқан күндей болып,
тұратын жан нұрымен жырғап сені.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Тірліктің тағы алмасып тұр бақ-соры.
Көңілдің қайғысына дауа болып,
Көзімнің жасын біреу құрғатса еді.

Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның шешілмеді-ау жұмбақ-шері.
Жақсы адам! — деген жалғыз сөзде оның,
Бар атақ, абыройы, құрмет, шені!

ҰЛАРБЕК ДӘЛЕЙҰЛЫ:

ҚАЗАНАМА

Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!
Аруанадай аңырап анаң қалар,
Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,

Сенбеймін!
«Сізді өлді» дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?

Достым:
«Ол енді жоқ» деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы «Жылама!» де байтақ елге.

Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талаураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зұлпыхарың еді ол – жоғалмаған!

Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Мәңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..

ӘЛІБЕК ШЕГЕБАЙ:

Бейсен бауырға…

Білдің бе екен, қысқа өмір сүреріңді,
Жұртқа берген жан едің жүрегіңді.
Алты алаштың баласын аңыратқан,
«Айтуға оңай» болмай тұр бұл өлімді.

Жақсы адамды тірлікте елепті кім?
Жел соққанда басады теректі мұң.
Ажалыңмен ұқтырдың ақырғы рет,
Өлімге де «Қарекет» керектігін!

ЕРЛАН ЖҮНІС:

Қасқа тұлпарға мінгізген, ағам-ай,
Қасты ордаға кіргізген, ағам-ай,
Хан ұлындай жүргізген, ағам-ай,

Қай ісіме де мақұл болғаным-ай,
Адасқан жерде ақыл болғаным-ай,
Бауырыңда жүріп батыр болғаным-ай,

Қас жауырыныма қалқан болғаным-ай,
Алатаудай арқам болғаным-ай,
Бір өзі бүкіл ортам болғаным-ай,

Қараңғы кірсе, жарық болғаным-ай,
Қара да басы халық болғаным-ай,
Қайыра көруге зарық болғаным-ай!

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button