Идеология

«Жаңа ғасыр әуендері» немесе Ерлан Қуанышұлы – руханият жанашыры

Былтырғы жыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен «Жастар жылы» деп жарияланғаны ел есінде. Осы жастар жылы үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһарының қалам ұстаған жас қаламгерлері үшін де жаңалыққа толы болғаны ақиқат. Өйткені мегаполис әкімі, руханият жанашыры Ерлан Қуанышұлының демеушілік етуімен «Шың» баспасынан Шымкенттік жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясы оқырманға жол тартты!

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов

Антология Шымшаһардың 2020 жылы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болуы сонымен қоса Жастар жылының құрметіне орай шығарылды. Осындай жалынды жинақтың тұсауын 20-желтоқсан күні Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында зиялы қауымның қатысуымен Ерлан Қуанышұлы мен айтыскер ақын Ақмарал Леубаева кескен болатын. Антологияға көкірегі сезімді, тілі орамды 12 ақынның өлеңі еніп отыр. Олар:

1.Арайлым Мұраталиева

2.Нұркен Нұрғазы

3.Ақбота Бейбітбек

4. Сүндет Сейітов

5.Салтанат Мадиярқызы

6.Сезім Мергенбай

7. Мақпал Төребек

8. Батырхан Сәрсенхан

9. Мұқағали Кенжетайұлы

10.Еркебұлан Кенехан

11. Әлімжан Әлішер

12.Ғалымжан Уәлиханов

«Қазағымның қазынасын ашатын, жұлдыз болып жарқырай бер, жас ақын» тақырыбымен антологияның алғы сөзін жазған Қайырымды қаланың әкімі Ерлан Айтаханов ағамыздың өзі. Ерлан Қуанышұлы «Қайырымды қала» туралы өзінің сөзінде: «Шырайлы Шымкент шаһары жаңа мәртебеге ие болып, барлық сала бойынша жұмыстарды жаңа көзқараспен, жасампаздықпен атқарып келеді. Біз ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қайырымды қала туралы көзқарастарын ескере отырып, Шымкентті «Қайрымды қала» деп атауды ұсындық», – деп тарихи сананың жаңғыруына ерекше көңіл бөліп отырған жағдайы бар. Сонымен қатар: «Жастар жылы аясында және қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы қарсаңында біз жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» атты жыр жинағын шығарып отырмыз. Бұл жас ақындарымыздың елге танылуына игі ықпалын тигізіп, мерейін өсіретін үлкен рухани қолдау болып табылады. Қазағымның қазынасын ашатын, жұлдыз болып жарқырай бер, жас ақын», – деп Ерлан Қуанышұлы ағалық ақ алғысымен кейінгі буынға батасын берді.

Жаңа ғасыр әуендері. Иә, бұл буындағылар шынында да жаңа заманның туындылары. Ойлары да, сөздері де өзгеден оқ бойы озып, толағайдай тау көтерем деген алып ойдың иелері. Мағжанның айтып кеткен:

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар, – дегені, міне осылар. Жаңа ғасыр әуендеріне енген 12 жас ақынның бәрі де қазақ поэзиясында өз орнын қалыптастырып үлгерген нағыз сен тұр, мен атайынның өздері.

Мәселен, осы жинаққа Арайлым Мұраталиева есімді талантты ақынның өлеңдері енген. Арайлым 1997 жылы 31 желтоқсанда Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің үздік түлегі. «Ай-Зер» жыр жинағының авторы. Арайлым жас та болса кешегі Фариза апасының бүгінгі ізбасары деуге болады. Ақындық қабілеті сүйегіне біткен. Антологияға енген бір өлеңінде:

Жас жаныма күмбірлеген күй сыңар,

Түн – ақынға Тәңір берген сый шығар.

Өмір, саған жырдан әтір себейін,

Ол әтірде ұлылықтың иісі бар, – деп жанының емі жыр екенін ерекше толғаныспен жырлайды.

Сонымен қатар жинаққа өлеңі енген ерекше талантты ақын Нұркен Нұрғазы. М.Әуезов атындағы университетінің Филфагын үздік тәмамдаған дарын иесі өмірін өлеңмен байланыстырған десек артық айтқандық емес. Түлкібастың тумасы Нұркен бауырымыз өзінің өлеңінде:

Қорған болған қап-қара бұлт ауғанда,

Қайтпас тұлға мүсін боп тұр ауданда,

Қаратаудың құшағында жетілген

Рысқұловтың рухы биік таудан да, – деп ерекше тебіренеді.

Антологияға енген ақындардың бірі Сүндет Сейітов. Сүндет «Тәубе», «Мәрия» атты екі жыр жинақтың авторы. Ақындық пен журналистік қабілетін бір бойына ұштастырған Сүндет Сейітов «Rastimes.kz» ақпараттық порталында бас редактор болып қызмет атқарады. Ақындықтың эверестіне ұмтылған Сүндет бауырымыз «Қай?» атты өлеңінде:

Көңілімде қап қоймас сортаң мәңгі,

Сорқұдыққа түспесе ортам мәнді.

Оқырманым келеді қай заманда,

Сол заманға қалдырам қолтаңбамды, – деп толғанады.

Міне, жаңа ғасырдың әуендері осылайша әуелетеді. Хакім Абайдың: Жастықтың оты қайдасың, жүректі түртіп қозғамай, – деп артқы толқынға ерекше тоқталғаны жәйдан-жәй емес. Терең білім мен қуатты қалам ғана руханиятты биікке көтереді. Осындай жас өреннің өлең өлкесінде қанаты талмауы үшін қамқорлық танытып жүрген Қайырымды қаланың қайырымды басшысы – Ерлан Қуанышұлы ағамызға жастардың атынан үлкен алғыс айтпақты жөн көрдік. Тағы да сол Абай өмірінің орта тұсына жеткенде: «Адамзаттың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп түйген екен. Бұл еңбектің де көздегені – күллі адамзат пен руханият алдындағы ізгілікке бастайтын жолдың негізі деп білеміз!

Әзімхан ИСАБЕК

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button