ЖаңалықтарӘдебиет

Жамал Жүрсінбек: Жұлдыздар да жымыңдауды ұмытты

Жүрсінбек Жамал Шалхарбайқызы —2000 жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылында дүниеге келген. Ж. Қаппаров атындағы №5 физика — математикалық мектеп түлегі. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 3 курс студенті.

Есіміңді жүрекпен пішіндедім,
Сырты аппақ өмірдің
Түсінгенім!
Сенің салған жүрекке ізіңдегі
Көлеңкелі көңілдің ішіндемін!

Қарсы шықса, қақпанға ор іздедік,
Қасқыр қуған көжекпіз,
Жол іздедік.
Оңашада жолығып қалсақ егер,
Жерден емес, аспаннан жоқ іздедік!

Сезім сөзін сыр етіп, сездірмедік,
Бірімізді – біріміз бездірмедік.
Түгендесек санақпен тіршілікті
Қимастыққа қалайша төздің дедік?..

Тағдыр жолын қақ бөлдік араздаспай,
Болмайды екен кетуге хабарласпай.
Тілсіз, үнсіз сөйлесіп тұратынбыз
Бір жасырын номермен амандаспай.

Сенің бейнең сиқырлы дәптерімде,
Сақтап қойдым…
Бір ұлы шақ дедім де.
Отырардай алты айда берілмедің
Табылмас жан қол созған сәттерімде.
Жырларымды құшақтап қалған күні
Сезім отын парақтап жақ дедің бе?


Қара түнек.
Қараңғылық.
Тұманды ой.
Ай аспанға түнде біткен сыңар ғой.
Жұлдыздар да жымыңдауды ұмытты
Сүйенішім саған қарап тұрам ғой.

Маған қарап, тіл қатады…
Тыңдаймын!!
Жер бетінен естімегем мұндай мұң.
Жер мен көкті тілдестірген екеуіміз
Естелігін ұмытпайтын жылдаймын.

Жақындайды бір ғажайып үн қатып,
Жүрегімде еріксіз тұр күн батып.
Екеуміз де күлдіреміз аспанда
Жанымда ай және ортақ сыр жатып.

Кірпік ілмей түндерде де түнергем,
Ғашық болған өлеңіме күлер ме ең?
Жарық сәулең жарқыратқан жанарды
Саған қарап, өскенімді білер ме ең?

Жақындайды мені көріп жаңылмай,
Тас түскен жер кетеді екен ауырлай.
Жауап алсам сүйемісің дегенге…
Мен де сені жақсы көрем бауырдай!


Тілсіз тілдесу….

Есік қағып,саған бір қыз келіп тұр,
Шабыт кілті өз бағына сеніп тұр.
Поэзия ханзадасы өлеңнің
Жеңеше-ау, ерке қызға жолықтыр.

Көздеріңмен шолып тұрдым аспанды,
Жүрегімнің жанарынан жас тамды.
Сен өмірді муза еттің, мен кімді?
Шенсіз ақын бұзып жатты жоспарды.
(Кешіріңіз,жаза алмадым басқа әнді.)

Лаулап жанған шырақ өтке оранып,
Ханшайым тұр жүрегіңе қамалып.
Есігіңнен сығалауға арландым
Шегінуге есімде жоқ жол анық.

Тіл қатсаңшы, қазір неге үнсізбіз?
Сайрап жатты көкейімде тілсіз жүз.
Өлеңімді мен парақтап ақтарсам
Поэзия мінберіне құнсыз қыз.

Сен ашқансың сөздің кәусар бұлағын,
Сен жаққансың оттың сөнбес шырағын.
Үмітім мен жүрек қатар соққанда
Толқынменен тулап жатты бір ағын.

Мезгілдерде үзілгендей шыдамым.
Сайрасаңшы..
Кімді муза қыламын?
Болды,бітті,шыдадым!!!
Жауапсыз ба сұрағым?….
(Шыңылдады сол сәтте оң құлағым)…


Сен жоқ екенсің…

Анау аспанды көрген кезде де,
Анау тауларды кезген кезде де.
Сүйемін деген желдің әуені
Кезген кезде де.
Сен жоқ екенсің…..

Анау суларды кешкен сәттерде,
Жалғыз жүрегім тойған әттеңге.
Сұлбаң сызылған сол бір
Мөлдір дәптерде.
Сен жоқ екенсің…

Теңіз арнасы жасқа толғанда,
Жалғыздың үні жалғыз жалғанда.
Жанымнан іздеп жарты адамды
Сөйлеп қалғанда..
Сен жоқ екенсің….

Жүгіріп қырдан гүлдерді жұлдым,
Жартысын тапты кеше бір құрбым.
Ешбір жігітке байланбай тағдыр
Жыладым сосын ішімнен күлдім.
Неге сен жоқсың?..


Түн

Түн. Ойлар – уайымның аймағы,
Терезе жел соқты айналы.
Тыныштық тағы да тыңдамай
Таң да атып келеді айлалы.

Ай. Аспан – көңілдің нұрындай,
Нұрыңа жаным да жылынбай.
Неліктен мен сені аңсаймын?
Биесін іздеген құлындай.

Жүрегім ішіңде жарам бар,
Жарамды жасырған ғаламдар.
Жалғанда жалғыздық құрбаны
Жалғыз бір адам бар.

Жалғызда үн де жоқ,
Тіл де жоқ.
Алдайтын үлде мен бүлде жоқ.
Сен мені іздемей жүрсің бе?
Іздеме, жүректе жүлде жоқ.
Ханзада ханшайым іздейтін
Ертегі бүгінгі күнде жоқ.
Сол сәтте таң нұры төгілді
Түн де жоқ.
Түн де жоқ.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button