Әдебиет

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Шөп те — Өлең, шөңге де — Өлең, Өлең де — Өлең!»

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы — ақын. Қазақ поэзиясында құбылыс болған ақын. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Сіздерге Тыныштықбек ақынның қысқа-нұсқа, алшысынан түскен мазмұнды өлеңдерін ұсынамыз. Оқыңыздар!

Қар.
Әр түйірі – криптограмма, белгісіз.
Біреуіне алақан тостыңыз енді сіз.
Ол буланып бара жатып: Мен – Күнненмін!.. – деді!
Адам айтса сенгісіз!

АСПАНТЕКТІ БАБАЛАР ДАНАЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕГІ ПАЙЫМДАР

Құдай ешқандай «елшіге» мұқтаж болмаған және болмайды да.
Құдай мен адам арасындағы «елші» — Құдай берген Ақыл-Ес.
Ақыл-Есін «елші» ете алмағандардың ақымақтығы үшін Құдай кінәлі емес.
Құдай — құлға мұқтаж болмаған және болмайды да.
«Құдайдың құлымыз!» деп жүргендер — өз еркімен құлдыққа сұранатын надандар.
Оған Құдай кінәлі емес.
Құдай — сот та, прокурор да, адвокат та болмаған және болмайды да.
Әркімнің «соты мен прокуроры һәм адвокаты» — өзінің Ары мен Жады.
Құдайдың әділеттілігі — сондай.
Құдай үшін кәпірлер жоқ.
«Маңдайының Соры бес елі»-лер бар.
Құдай үшін мұсылмандар жоқ.
«Маңдайының Бағы бес елі»-лер бар.

«Шөп те — Өлең, шөңге де — Өлең, Өлең де — Өлең!»
ӨЛЕҢ (жұпар шөп; жұпар ән-жыр.,).
Ауа да — Өлең, су да — Өлең, қырау да — Өлең!
Бәрі де — Өлең!
Бабалар даналығы-ай!..

Біздің баста Бақ-Жұмақ бар!
Күн де – Жұмақ!
Арлы Күн!
Көк Тәңірі Жұмақ Еспен жұпарлайды барлығын!
Көктем – Жұмақ!
Жаз да – Жұмақ!
Күз де – Жұмақ!
Тұрақты!
Қыстың өзі терезеңе күрсінеді Жұмақты!


(«Бесінші маусым жұпары» кітабынан…)

Әбден меңдеген қайғының раһаты сезінем өзімді.
Ойларымның қарлығыңқы дауыстары
естіліп қалып жатады, мыйым ішінен.
Әне, со кезде,
қандайда бір соқыр Аспан астындағы
ұйқы мұхитына жүзіп шығам, қайықпен.
Қанша жүзем, білмеймін.
Уақыттан тыс жатқан бір жұмбақ аралға жетемін.
Көрер түсімнің Жарық Дүниеден де жарық аралы.
Жербетіндік бір де бір заңдылыққа бағынбайтын ондағы тіршілік
Өлең заңына ғана бағынады.
Түні бойы сонда өмір сүрем.
Таң ата, өңімнің жағалауында оянам бір сәтте.
Пенделік тірліктің күркіреп жатады ағыны қатты дариясы.
Көрпе-жастығы жайнаған қайығымнан секіріп түсіп,
ағысқа қарсы жүзіп берем,
әбден меңдер қайғының раһаты сезінгенімше өзімді…

Балконымдағы іңір өлеңі:

Терезе – мөлдір сүлдер.
Қырау түгі – көкшіл үндер.
Дәл солайша күрсінеді мұңлы ел.
Уақыт тамырлары гүлдер…
Әлде, соның өзі – бұғы-ұл?..
Жұлын ұшы – күлгін дыңыл.
Іңір.
Біреулерге — енді басталайын деп тұрған ғұмыр…

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button