Жаңалықтар
Trending

«Туыстары қаланың ең жақсы жерлерінен сауда орындарын алыпты» — белгілі заңгер «Shymkent» ӘКК АҚ-ның басшысын сынға алды

Бұл жөнінде No-comment.kz сайты жазады.

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамының басшысы Бауыржан Канкиннің үшінші мегаполиске келіп, қызмет атқарып жатқанына 100 күннен асыпты. Сол мерзімде өзінің атқарған жұмыстары жайында аты аталған шенеунік өзінің Facebook желісіндегі парақшасына ұзын-сонар етіп есеп беріпті. Әдетте жүз күндік жұмысына облыс немесе қала әкімдері есеп беруші еді, ал, Канкиннің бұл әрекетін біз тек жақсылыққа жорыдық. Бауыржан Тоқболатұлының іштей болса да «әкім болсам» деген ниеті немесе жоспары бар шығар. Тілеулеспіз. Алайда, белгілі блогер, заңгер, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек оның осы бір кезеңде атқарған жұмыстарын жоққа шығарып отыр. Сонымен, белді қоғам белсендісі мен әлеуметтік желі қолданушылары Бауыржан Канкиннің қызметі жайлы не айтты, бірге талқылап көрелік.

Айгүл Орынбектің желіге жүктеген жазбасына сүйенсек, Бауыржан Канкиннің айлық жалақысы 950 000 (!) теңгені құрайды екен. Мұндай айлық Шымкент түгілі Нұр-Сұлтан мен Атыраудың өзінде мыңның біріне ғана бұйыратыны жасырын емес. «Соншама жалақы алатындай ол не істеп жатыр?» деген сұрақ туындайды. Онымен қоймай, осы қызметке келе сала корпорациядағы 30-ға жуық маманды жұмыстан шығарып, орнына Нұр-Сұлтаннан бірге ертіп келген 10 шақты маман мен тағы да осы өлкеден табылған 10-ға жуық қызметкерді жұмысқа қабылдапты. Блогер осы тұрғыда Мемлекет басшысының «командамен көшпеңдер» деген сөзін тілге тиек еткен.

Ең бастысы ол емес, А. Орынбек Шымкенттегі «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынған баспаналардың әр шаршы метр бағасының өсіп кеткендігі жайында мәселе қозғады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің айтуынша, аталған корпорацияның экс-басшысы Рашид Аюповтың кезіндегі келісім шартта бұл баға 180-200 мың теңге аралығында болса, Бауыржан Канкин келгеннен кейін 230-280 мың теңгеге өсіп кеткен.

Осы орайда, Айгүл Орынбек Шымкент қаласының прокуратурасынан үй бағасының қымбаттап кету себебін анықтауды сұраған. Тіпті, қолында дәлел ретінде қажетті құжаттардың да бар екендігін айтады. Сондай-ақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтан аталған өзгерістер аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеру жүргізуін сұраған. «Бұл инвестиция тарту емес, халықтың арқасында пайда көру емес пе?!» — дейді заңгер.

Сонымен қатар, блогер өз жазбасын: «Тағы бір мәселе, тығып ойнатылған сауда орындарына берілетін жерлер жайлы! Қаланың ортасында берілетін жерлер неге ашық аукцион арқылы ойнатылмады? Сіздің орынбасарларыңыздың туысқандары қаланың ең жақсы жерлерінен сауда орындарын алыпты деп естіп отырмын. Сол рас па?  Жүз күнде қала үшін сіз ештеңе істеген жоқсыз! Рашид Аюповтың жасаған жұмысын, өзің жасағандай мақтана берме!», — деп аяқтаған.

Одан бөлек, Бауыржан Канкин тұрғын үй сатудан пайда түсіретін арнайы топпен «ТОО ІКЗ ГРУПП» деген ұйым құрып алған көрінеді. Бұл жайлы Айгүл Орынбектің жазбасына пікір білдірген желі қолданушысы Жанна Тулендиева «Ол үйді сол ТОО-дан басқа ешкім сата алмайтындай жасап қойған. Оны бетіне айтсаң, сөйлеспей қашады. Танымаймын деп. Өзі соларды жарнамалап суретке түседі де, «танымай» қалады. Ол ТОО «Шымкент Инвестте» тегін отырып ақша табады. Жəй ғана бонустан 10.000.000тг түседі. Ол ақша неге Шымкентке емес, осы ТОО-ға түсетінін тек Канкин біледі» — деп жазған. (Әлеуметтік желі қолданушысы Жанна Тулендиеваның орфограциялық жазу стилі сақталынған!)

Шынында Шымкенттегі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік Қоғамының жарытып жұмыс істеп жатқандығын біз де, тұрғындар да байқамайды. Өндіріп тірлік істесе мақтауын асырып өзіміз де айтар едік. Осы уақытқа дейін көлемді инвестициялар тартқанын емес, дүңгіршектер таратқанын ғана естігенбіз. Енді дәл осы Бауыржан Канкин қызметке келген тұста үй бағасының қымбаттап кеткенін біліп отырмыз. Егер бұл ақпарат рас болса шымкенттіктердің қалтасына ауыр жүк түсуіне себепкер болып отырған корпорацияға тиісті органдар қатаң шара көреді деген үміттеміз. Тек аталмыш корпорацияны емес, оған жауапты Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан және қала әкімінің тиісті салаға жауапты орынбасарынан, керек десеңіз шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтен де сұрау алған жөн шығар. Бір білсе осы жауапты тұлғалар білуі керек…

No-comment.kz

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button