Әдебиет

Сүндет Сейітов: Жазуға өлең жоқ, өрем жоқ жазуға…

ӨЛЕҢ

Даланың суық екенін,
Тәнімнің тоңғақ екенін,
Жанымның сірі екенін,
Сездім…

Аустралиядағы өрттің,
Ішімде болғанын,
Ява аралығындағы қоқыстың,
Ішіме толғанын,
Із-түссіз жоғалған қарлығаш құстың,
Төбеме қонғанын,
Ішіме қонбағанын да сездім…

Жеркіндіктен ғарышқа ұшып кеткім келіп,
Гималайдан Гхорға түсіп кеткім келіп,
Күн секілді бірнеше секундта-ақ ысып кеткім келіп,
Антарктида секілді миллисекундта-ақ үсіп кеткім келіп,
Тұрғаны-ай…

Ұйқы жоқ, күлкі жоқ, қайғы жоқ, мұң да жоқ,
Жазуға өлең жоқ, өрем жоқ жазуға,
Қолымда бір газет.
Дәл қазір, дәл маған ұйықтауға бір түйір дәрі мен мұң қажет!
Осы қажеттіліктерден басқа таусылып күтер дым да жоқ…

Иә, өлең, өлең керек дәл қазір,
Иә, өлең, өлең керек тап қазір,
Және керек те шығар отты әзіл,
Және керек те шығар жырға от
Немесе отқа жыр?..

Иә, өлең, өлең керек!
Бірақ, мен қайдамын?..

ӨЛАРА

Қазір адамдарға бір нәрсе жетіспейді һәм бір нәрсе артық,

Артышылық жерде,

кемшіліктер ауада қалқып,

Жүр.

Артықшылығы көп жандар түзде, жетіспейтіндер күзде шалқып,

Жүр…

Жасына бір жас жетпегендер — марқұм,

Жасына бір жас жеткендер қуантып халқын,

Жүр.

Жетіспегендер тапқанын жеткізе алмай халқына,

Жетіскендер дәріптеп салтын,

Жүр…

Көктемдегі тал — күрең күз келгенде тыр жалаңаш,

Ал, қараша келгенде шық жаламас тәнімен

арсынбай тұр.

Шық жаламас ағаштың түбінде кір жоламас «адам бейнесінде» бір адам тұр…

Ол — мен!

3, 2, 1.

1, 2, 3.

3, 2, 1,

Осы сандар сияқты тағдыр шыр айналып жүр.

Осы тағдыр сияқты ақын құр айналып жүр,

Осы ақын сияқты жерді күн айналып жүр…

Ақын болам деген сияқты ағаны іні айналып жүр,

Рымғали: «Өнерге келу үшін «дәу» көт керек»- деді ғой,

Ал, біз ғасырды айналып келейік

Жүр…

САҒАН ЖАНЫМ АШИДЫ…

Саған жаным ашиды, ашиды да,

Сенен аулақ ұстаймын досымды да.

Сенен алыстатамын бар кесірді,

Саған тәуелді етемін ғасырды да.

Саған ғашық етемін енді өзімді,

Саған ашық етемін көр көзімді.

Саған асық етемін сері кезімді

және сыйға тартамын сол кезімді.

Ақын бар да шығар-ау, менен ұлы,

Шығар бәлкім оның да кемел үні.

Саған деген құмардан туар мүмкін,

Қазақ эротикасының шедеврі.

Жан-тәнімді күйдіріп азап оты,

Соған ақын тап болды, жазалы аты.

Саған қалай жетемін, мен шарасыз,

Қазақ Республикасының азаматы?..

ЕЛЕГІЗУ

Жыр жазып жүр ақындар ғарыш асып,

Ғарыш асып, жаңадан ғарыш ашып.

Ал, мен болсам…

Жерде жүрген құстарды табындырып,

Ұшқан құсқа отырмын тары шашып…

Ұшып мен де кетсем ғой көкті тіліп,

Қанатым жоқ көрсетер епті қылық.

Айналама қарасам, бір адамды,

Атты ықылық, айналып тепті ықылық.

Түсініксіз болғасын көпке өлеңі,

Жердегінің барлығы жек көреді,-

деп, бір түнде жоғалсам ізім-ғайым,

Илон Маск ұшырып көкке мені…

The end!

****

Көркем күндер, тұнық түн, шуақты үміт…

Үнсіз әлем кеудеме құлақ түріп,

Жүрегімнің дүрсілін тыңдай қалып,

Тынығады…

бәрінен жырақ тұрып.

Тынығады, ләззатпен тынығады,

Өмір үшін өлердей шынығады.

Көркем күндер, тұнық түн, шуақты үміт,

Бар екенін адамнан кім ұғады?..

Мен ұғамын әрине мен ұғамын,

Сен ұғасың ұзамай,

өмір ағын…

менің жырым жазылған өмір жайлы,

Көңіл жайлы айтылған сенің әнің…

Тыңдарманға сыйласа шуақты үміт,

Арманына жететін құлап, тұрып.

Адам болар…

соңыра мен қуанам,

Меңдуана жемісін лақтырып.

Таңертеңгі табиғат ғажап қандай,

Ұшу керек жыраққа қанат талмай.

Қанат талмай жыраққа ұшу керек,

Құмсағаттың ағысы аяқталмай.

Әр маңдайда «өлім бар» деген жазу,

Көкқозыдай күйзеліп, көгенде азу.

Өмір деген — уайымсыз өмір сүру,

Өмір деген — керемет өлең жазу!..

ЖЕТІМДЕР

Жетімдер —

«Ана» дегенді, «Әке» дегенді естігісі, көргісі де келмейді,

Ести қалса, көре қалса, қуана қалса жетім болғысы келмейді…

Жетімдердің бірі — ақын болады, батыр болады, адам болады, надан болады,

Әйел болады періште, әке болады періште, тіпті жезөкше болады, Құдай-ау!

Күз мезгілі —

жетімдердің ата-анасынан айрылып,

ата-анасымен табысатын мезгіл бейтаныс.

Жапырақты емес, атырапты емес, жетімдерді де жырлауы керек кей таныс.

Сол таныстың өзі жетім болғасын, өзім жырласам деп ойланам,

Жапырақ та, тал да жалғыз, бәрі жалғыз!

Жалғыз көрінеді айналам…

Сүндеттеліп туған күннен, осы күнге дейін Құдайдың сүйікті пендесі екенімді айтады ел,

Бәлкім сүйкімсіз пендесі де шығармын?

Ей, сен, айтқаның ақиқатқа айналғанша айта бер…

Құдайдың жалғыз сүйікті пендесі болғаным үшін — жетіммін,

Сондықтан өзіміздің сырымызды ашу, ызамызды

шығару үшін жырлаймын,

Қуықтай ғана бір бөлмеге қамалып,

Қылдай ғана экватор сызығына байланып…

Есті қазақ: «жесірін құлатпаған, жетімін жылатпаған» дейді ғой,

Ал, менің жазып отырған жетімдігімнің

мына сөйлемге қатысы жоқ бір грамм…

Қазір менің миым ашып, күйім қашып тас моншада отырмын,

Ағайынын асырайтын бұрғышының күс-күс қолындағы бұрғыдан.

Жетімдер-ай, сендер жайлы жазатын жырым бел ортадан аспады,

Оған тек бұрғышы емес, барша бұрғыбас пенде кінәлі!

Мен де бұған өз деңгейімде кінәлі екенімді сеземін,

Сезім де жалғыз екені тағы күйдіреді, Құдай-ау!

Жетімдер жайлы не жазарымды бүге-шүгесіне дейін айттым-ау,

Пенде де жетім қалады екен-ау, бәрінен бір сәтте қалады екен-ау,

Мейлі, Құдайдан асып жетім болмасақ болғаны…

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button