Әдебиет

Сүндет СЕЙІТОВ: Екі мың он тоғызыншы жыл (2019)

ЕКІ МЫҢ ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ЖЫЛ (2019 жыл)

Бүгін аспан тұп-тұнық қара бояу,
Елесімен үркітіп қаланы ояу.
Уақыт өтіп барады сағат іші,
Ал, мен кетіп барамын қара жаяу.

Қаперімде өткен күн, ертеңгі күн,
Көңіл жамау болса да, еңсем бүтін.
Биылғының түгі жоқ көрсетпеген,
Қаралының жасымен өлшенді түн…

Бұраңдаған жолымды түзеп іңір,
Ашынады… сен де бір күзет, үңіл.
Биыл ауыр жыл болды, және биыл –
Қазан төңкерісіне – жүз екі жыл…

Азып-тозып, қайғыдан күйген елім,
Той-жорыққа өзіңсіз именемін.
Мен Қазанда келемін қайта өмірге,
Келе салып өмірге үйленемін.

Сол дүрмекте көңілді көтерші бір,
Мен де сендей мұңдылау, бекершімін.
Ал, немесе қаңғырып қабағыңда,
Пешенеңе саңғырып кетер шыбын.

Солай, солай жүрмекке күн тумасын,
Төрт мұхитым төрт шеттен мың туласын.
Мен бәрібір «Биылды» жек көремін,
Бүкіл доңыз шыңғырсын, бұрқылдасын…

Жек көремін!

САҒЫНЫШ

Көзімді зағипқа беріңдер,
Қолымды батырға беріңдер,
Жолымды ақынға беріңдер,
Жанымды анама беріңдер,
қайта өмір сүрсінші ол!

Терімді кітапқа қаптаңдар,
Қылмыскердің емес,
Ақынның терісі дерсіңдер…

Көзімді — өзіме беріңдер,
Қолымды — өзіме беріңдер,
Жолымды — өзіме беріңдер,
Жанымды қайтармаңдаршы,
Қайта өмір сүрсінші ол…

Көзіммен көрейін соны,
Қолыммен ұстайын соны,
Жолыммен шақырып оны,
Жаныммен сүйейінші мен,
Сағындым…

Қылмыскердің емес,
Ақынның сағынышы дерсіңдер…

******

Мәрия,
Суретіңе сағына қарап тұрып,
Сенсіз өткен күндерді санап тұрып,
…Алпыс үш күн өтіпті.
Алпыс үш түн,
Мұң-қайғымды іштім мен тамақ қылып.

Бақыт нұры жарқ еткен маңдайда жоқ,
Қауқарым жоқ, қорғанар қайраң да жоқ.
Сен қайтқан күн өлімді көзім көрді,
Жер үстінен тағы бір жер пайда боп.

Сағынышыңды айтарсың маған қалай,
Мен білмеймін дәл қазір анам қалай?
Мені жылаңқы дейсіңдер күліп тұрып,
Анама ұқсап тумаған адамдар-ай!

ЕЛЕГІЗУ

Жыр жазып жүр ақындар ғарыш асып,
Ғарыш асып, жаңадан ғарыш ашып.
Ал, мен болсам…
Жерде жүрген құстарды табындырып,
Ұшқан құсқа отырмын тары шашып…

Ұшып мен де кетсем ғой көкті тіліп,
Қанатым жоқ көрсетер епті қылық.
Айналама қарасам, бір адамды,
Атты ықылық, айналып тепті ықылық.

Түсініксіз болғасын көпке өлеңі,
Жердегінің барлығы жек көреді,-
деп, бір түнде жоғалсам ізім-ғайым,
Илон Маск ұшырып көкке мені…

The end!

САҒАН ЖАНЫМ АШИДЫ…

Саған жаным ашиды, ашиды да,
Сенен аулақ ұстаймын досымды да.
Сенен алыстатамын бар кесірді,
Саған тәуелді етемін ғасырды да.

Саған ғашық етемін енді өзімді,
Саған ашық етемін көр көзімді.
Саған асық етемін сері кезімді
және сыйға тартамын сол кезімді.

Ақын бар да шығар-ау, менен ұлы,
Шығар бәлкім оның да кемел үні.
Саған деген құмардан туар мүмкін,
Қазақ эротикасының шедеврі.

Жан-тәнімді күйдіріп азап оты,
Соған ақын тап болды, жазалы аты.
Саған қалай жетемін, мен шарасыз,
Қазақ Республикасының азаматы?..

ӨЛАРА

Қазір адамдарға бір нәрсе жетіспейді һәм бір нәрсе артық,
Артышылық жерде,
кемшіліктер ауада қалқып,
Жүр.
Артықшылығы көп жандар түзде, жетіспейтіндер күзде шалқып,
Жүр…

Жасына бір жас жетпегендер — марқұм,
Жасына бір жас жеткендер қуантып халқын,
Жүр.
Жетіспегендер тапқанын жеткізе алмай халқына,
Жетіскендер дәріптеп салтын,
Жүр…

Көктемдегі тал — күрең күз келгенде тыр жалаңаш,
Ал, қараша келгенде шық жаламас тәнімен
арсынбай тұр.
Шық жаламас ағаштың түбінде кір жоламас «адам бейнесінде» бір адам тұр…
Ол — мен!

3, 2, 1.
1, 2, 3.
3, 2, 1,
Осы сандар сияқты тағдыр шыр айналып жүр.
Осы тағдыр сияқты ақын құр айналып жүр,
Осы ақын сияқты жерді күн айналып жүр…
Рымғали: «Өнерге келу үшін «дәу» көт керек»- деді ғой,
Ал, біз ғасырды айналып келейік
Жүр…

Ұқсас материалдар

Back to top button