ҚалаӘлеумет

Шымкенттік кәсіпкерлер қаржылай қолдау табады

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен шағын және орта бизнес субъектілерін дағдарыс жағдайында қолдау мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Мәжіліске аудан әкімдері, тиісті салалық басқармалар мен Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы және «Shymkent» ӘКК қатысты.

Онда төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар жобасын қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-иновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков таныстырды.

«Жобада дағдарыс нәтижесінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерін анықтап, аталған кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер беру. Кәсіпкерлердің қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру. Жұмыс орындарын сақтау және құру, кадрларды даярлау және қайта даярлау. Микроқаржы ұйымы мен «Бизнес үшін үкімет» орталығын құру және кәсіпкерлік субъектілерін сервистік қолдау. Дағдарыстан өту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамту сынды қолдау шаралары қарастырылған»,-деді басқарма басшысы.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі мен Шымкент қаласында енгізілген карантиннің нәтижесінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды қолдайтынын айтқан қала басшысы аталған шаралар жұмыс орындарын сақтау мен жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін өткізуін қамтамасыз етуге бағытталу қажет деді. Жобада әзірленген тиісті жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Шымкент қаласында заңға сәйкес Әкімдік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен Микроқаржы ұйымы құрылып, оның жарғылық капиталын қалыптастыруға тиісті қаражат бөлінуі керек. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлерді өңірлік бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемесі төмен несиемен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,0 млрд. теңге бөлу қарастырылу қажет. Сондай-ақ, дағдарысқа ұшыраған кәсіпорындарды және жаңа кәсіпорындарды ашуға бағытталған жобаларды 4% пайыздан аспайтын несиемен қаржылай қолдау көрсетілсін. Жаңа Өңірлік бағдарламасының жобасы, ережесі, шарттары әзірленіп кәсіпкерлерге ұсынылсын»,-деді М.Әйтенов.

Айта кетейік, кәсіпкерлікті қолдау шаралары шеңберінде 725 жобаға жеңілдетілген несиелер ұсыну арқылы 3760 жұмыс орын сақталып, 940 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Ал жұмыспен қамту бағдарламарын жүзеге асыру нәтижесінде 15 233 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру бойынша 3176 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылатын болады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button