Әдебиет

Сезім Мергенбай: О, Құдая тоба!, — дейтін ол…

Қателік һәм күнә…

Қателесу керек те шығар мүмкін,
Кешіре алар бір жандар бар болғасын…

(с) Фариза

Қателік… кешірілер кешімді ғой,
-Ал күнә?

Алла кешер!

(с) автор

Өткен істі өзгертсем… болмайды-ау, ә?
Онда әлемде ақыркүн орнайды-ау, ә?
Өзек керген өкініш өрттеріне,
Бірақ жаным табады қандай дауа?

Болсын жаным жақсыға тәбәрік бек,
Әзірейіл алғанша аларып кеп.
Жұрт күнәсін ақтапты қателік деп,
Мен күнәмді ақтадым балалық деп.

Қателесем аңдап бір, аңдамай бір,
Тесілемін жүзіне толған айдың.
Сонда ғұмыр сүре алсам бәлкім,,
бәлкім…
Құрып кеткір, ауыры-ай салмағы ойдың!..

Шерлі басты тау-тасқа ұрғыладым,
Қателесіп сыйладым құрбыға мұң.
«Ала менен қараны айыра алмай»,
Құзар-ау деп, ылдиға құлдырадым.

Сұлулық пен сұрлықты сұрыптамай,
Сүйкімсіз жыр жанымды құрықтады-ай.
Жасандылық жаулаған сұм тағдырдың,
Қу бойжеткен секілді қылықтары-ай!..

Дәуренімнің қателік мөрі шыным,
Түзу жүру — мен үшін теріс ұғым.
Негізі мен әу бастан қателіктің,
Һәм күнәнің бүр атқан жемісімін.


І
Сарғаю түбі — жұтылып кету сағымға,
Түрмедей төніп қабырға.
Шатысы қалың шашыңды жұлып жындану,
Тәңірдің ғаламшарында.

Тепкілегенмен селт етпей жатыр жер неге?
Оттығын сағым тұтатты неге кеудеме?
Сағынышымның дәруін таппай түн іші,
Сенделе бердім сенделе…

Сенделе бердім…
Сенделе бергім жоқ енді,
Сағына қалсам көкірек сыздай жөнелді.
Езіле беріп еңсегей бойым егелді,
Тапал қасірет табанмен басты төбемді.

Мұнымды ұғар, шынымды ұғар, апау, кім?
«Ләйлімін» айтып отырмын зарлап атамның.
Тым құрығанда түсіме еніп кетіңдер,
Табаны тайып, жалп ете қалсын тапал мұң.
Келетіндеріңе, енетіндеріңе бек сеніп,
Фәтиһамды айтып жатармын…

ІІ

О, Құдая тоба!,- дейтін ол…
Ерлеу һәм өрлеу болмысына еліктейтін ел!
Мен дағы еліктейтін ем… қазір… қазіргім:
Жұбаныш іздеу — сағымға айналған кейпінен.

Сарсаң сананың бұзған сәттерде шебін сең,
Еңсеме ие бола алмай және егілсем…
Барзах әлемі есігін қаққым келетін,
… көзіме бір сәт көрінсе-еу…

Шерленетінмін ертерек кеткен ол үшін,
Құдаймен бірақ жасауға болмас келісім.
Сондай бір сәтте тоқтатып қоя жаздаушы ем,
Бұ төсімдегі бүлкілдек еттің соғысын.

Жаңылдым! Жаздым!
Қателік қылмас о Құдай.
Тілімнен таптым жарымай қалғыр жарымай.

Ойбуй, бетім-ай! Бұ не деп отыр?!
,- деп мені,
Отыр-ау апам ақ бетін шымшып…
Жаным-ай!


Шылқымасын ерте сездім шекемнің,
Адасып кеп қонбаса егер бәз несіп.
Мүмкін бір күн ғайыпқа еніп кетермін,
Боздаулардан баз кешіп.

Бір дерексіз тылсым болып ғайыптан,
Мен… Мен саған оралам.
Оған дейін тағдырыңа кейіп қал,
Одан кейін жолама.

О, мен сенің тағдырыңа тарамыс,
Тәңгірімнен қайыр сұрап әкелем.
Көңіліңді сұлуларға қарағыш,
Қызғанышсыз көтерем.

Көкірегіңді керней қалса әлдеңе,
Пәлденбеймін.
Сен… Сен ұлы ақынсың.
Әсем-әсем жолдар құям кеудеңе,
Сен жарыңа оқырсың.

Меңіреу түн мезі қыла қалса егер,
Әуезді үнмен әлдилеймін айнадан.
Төгіле алмай әуре қылса қайсы өлең,
Мен… мен сенің шылымыңа айналам.
Шылымыңның түтінен оқып ал,
Өлеңіңді мөп-мөлдір.

Солай сені бек күзетіп отырам,
Көп көрмесін тек Тәңгір…

…Тағдырыңа айнала алмас екенмін,
Бұйырыпты бәз несіп.
Мүмкін бір күн ғайыпқа еніп кетермін,
баз кешіп.


Жалқы жұрттар сусынын, шөлдеп-қандырған,
Жұтып алып, жұтарын кермек тағдырдан.
Мен Ләйләсі болмадым Жұматай дүрдің,
Жүрек бардың жанында өрнек қалдырған.

Тағдырымды таба алмай қарашықтардан,
Кеселімді еселеп ала, сұқтардан.
Пешенем де шимайлау болса керек ті,
Өлең-өмір жігінде адасып қалған.

Мен мөлдір ем, мөлт етер көзім болғанды,
Сол көз теңіз құюға әзір қалғанды.
Айға өлең оқуға көңілім ауып,
Серті берік, жабағы сезім де алданды.

Демсіз қаған тіршілік тынысы сынды,
Нәр сызбаған таң түндік тыныш ысырды.
Жан сыздаған тұстарда жастар ыршылып,
Жадағай жаралы үміттің шынысы сынды.
(…дұрысы сынды)

Ұқсас материалдар

Бір пікір

  1. Сезім, жақсы өлеңдер! Өлеңнің осындай циклды, жүйелі болғпны дұрыс негізі!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button