ЖаңалықтарСұхбат
Trending

Қасымхан Муталиев: Өз ісінің маманына кедергі болу – кешірілмес қателік

-Сұрақты төтесінен қояйын. Праймеризге қатыспай-ақ, елге қызмет етуге болады емес пе? Дегенмен, бұл жобаға қатысуға бір себеп болғаны анық. Сіз айтыңызшы, бұған не түрткі болды? 

-Бұған түрткі болған, бірінші кезекте ұжымымның ынтасы мен ұсынысы. Біздің басты мақсатымыз – халықпен бірге жасыл экономиканы дамытып, осы тұрғыда табиғатты қорғау. Ал, негізгі бағытымыз – күн электр станциясын құрып, халық игіліне беру.

«Жалғыздың үні шықпас» дейді ғой жұрт. Осы жоба-жоспарымызды ауқымды түрде жасағымыз келеді. Осы жолда парасат-пайымы жоғары халықтың үнін билікке жеткізіп, болашаққа деген ақүрпек үмітін ояту керектігіміз тағы бар.

Мен мақтанышпен айтқым келеді. Алғаш болып, Мақтарал ауданында күн электр станциясын құрдық. Әлемдік пандемияға қарамай, халыққа қажетті дүние болғандықтан ертерек ел игілігіне беруге тырыстық. Мақсатымыз орындалды. Қуаныштымын!

Бұдан бөлек Шолаққорған, Қарағанды облысы, Шелек, Шығыс Қазақстан облысында күн электр станциясын құрдық.

-Біздің қоғам сөзге шорқақ адамды да, шешен адамды да сынап жатады. Әрине бұл қалыпты жағдай. Елге қызмет ету үшін сөйлей алу керек пе, ойлай алу керек пе әлде қалай? 

-Мен – сөзге шорқақпын. Әсіресе көп ойланамын. Ойыммен, адалдығыммен халыққа қызмет етемін. Ойымды жүзеге асыруға тырысамын. Мен үшін ең дұрысы – іспен көрсету.

-«Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды, қанша шешен болса да дауға салма малсызды», — дейді ұлы халық. Сіз жалғыз емессіз бе, ұпайыңыз түгел ме?

-Жалғыз емеспін. Ұпайым түгел. Сондықтан да халық алдына шығуға бел будым. Менің қуанышым да, қайғым да елмен бірге.

Ұпайым түгел деп, отбасымды айтамын. Бүгінде төрт перзентім бар.       Ата-анам қасымда. Мен «ұпай» дегенді осылай қабылдаймын. Тәубе деймін. Осы адамдар маған күш-қайрат береді.

Меніңше, мына заман батырмын деп, ұрдажықтық жасайтын, тіпті шешендігіңді көрсетер заман емес. Өз ойым!

Өзіңді біліміңмен, еңбегіңмен дәлелдеп, айналаңа адал да қайратты жандарды жинап, қарекет етудің өзі ерлік деп ойлаймын.

-Ақын Румидің: «Бәрін түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес» деген сөзі бар. Осы орайда сіз халыққа нені түсіндіргіңіз келеді?

-Түсіндіру емес, айтқым келетіні – табиғатты қорғау. Табиғат ана дейміз, бұны Жаратушы бізге тарту еткен. Өзіңе бұйырған сыйды өзің қорғасаң, бұл – нағыз мәдениет. Мен осы жолда өз өңіріме пайда келердей жұмыстар жасаймын. Бұл менің жұмысым. Осы жұмысты халықпен жасағым келеді.

-Стив Джобс: «Ақымақ басшы өз ісінің маманына ақыл үйретеді», — дейді. Сіздің сондай қателік жасаған кезіңіз болған ба? 

-Болған жоқ! Мен өз қызметкерлерімді құрметтеймін. Оларға еркіндік керек. Себебі, өз ісінің маманы өзінің қалаған дүниесін жаратқысы келеді. Ал, оған кедергі болу – кешірілмес қателік.

-Адамның ұнататын жаратылысы болады. Сіздің сүйікті жануарыңыз бен құсыңыз не? 

-Жануардан жылқыны, құстардан үкіні ұнатамын. Өйткені, бала кезімде атқа көп мінетінмін және көзіме көп түсетіні үкі болатын. Сондықтан ба, табиғатым жылқыға, мінезім үкіге ұқсайды (күліп).

-Соңғы сұрақ. Осындай киелі жаратылысты сүйетін, табиғатты аялайтын, жаны таза адам праймеризден өте ала ма, қалай ойлайсыз?

-Менің мақсатым жеңіске жету емес. Егер жеңіске жетіп жатсам, қуанамын. Елге қызмет ету, не болса да елмен бірге көру деген ұғым менде ежелден қалыптасқан. Бастысы көпшіліктің сенімін ақтау керек. Сол жолда өзімді аямаймын.

-Сұхбатыңызға рақмет. Жұмысыңызға береке, бәйгеде сәттілік болсын! 

Сұхбаттасқан: Сүндет Сейітов

Қасымхан Муталиев – 1988 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданында туған. Алматы қаласында Қ. Сәтбаев атындағы техникалық университетін тәмамдаған. Бүгінде «Astana mix building» құрылыс компаниясының басшысы.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button