Қала

ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА — ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ МҮГЕДЕКТЕРГЕ ТОСЫН СЫЙ ЖАСАДЫ

ШЫМКЕНТ, Rastimes.kz — Қайырымды қала — Шымкент қаласының тұрғындары Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, мүмкіндігі шектеулі жандарға тосын сый жасады, — деп хабарлайды. Растаймыз!

Бүгін Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Шымкент қалалық Нұр Отан партиясы және Meyirim.kz электронды порталының бірлескен қайырымдылық іс-шарасы өтті. Шарада 25 мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға бір айлық азық-түлік таратылды. Айта кетерлігі, қайырымдылық іс-шараға демеушілік жасаған Қайырымды қаланың жеке кәсіпкерлері.

«Бүгін Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандардың күні. Бұл күн баршамызға үлгі боларлық, сабақ боларлық күн.

Жалпы жаратылыс екіге бөлінеді. Карапайым түрде айтсақ, жақсы және жаман болып. Оның ішінде адамдар түрлі топқа бөлінеді. Айтпағым, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі жайында. Мүмкіндігінің қаншалықты деңгейде екеніне қарамастан, өмірге деген құштарлығы, өзгенің өміріне мән келтіру жолындағы қозғалысы қоршаған ортаны бір серпілтіп алады.

Әлемге әйгілі ғалым Стивен Хокинг мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі. Бірақ, ол мүмкіндігім жоқ демеді. Барынша білімімен, өмірлік тәжірибесімен адамзаттың дамуына үлкен үлесін қосты. Ұлы ғалымның бойындағы қайсарлық осында отырған барлығыңызда бар. Оны жүрекпен сезініп, саналы түрде қабылдау керек.

Мемлекет үшін ең қиын, ең маңызды — әлеуметтік қорғау саласы. Қызметте түрлі жағдайлармен танысамыз. Он екі мүшесі сау адамдардың тегіннен олжа тапқысы келетінін күнде көз көріп, бой үйренді. Уайымы жоқтық, қарыны тоқтық аздырар адам баласын,- деп абыз Абай атамыз айтқандай, барша адамдар мүмкіндігіне қарай қозғалмай, дәйім бір сенімде, бір танымда қозғала білу керек деп ойлаймын.

Сіздерді аталған мерекемен құттықтай отырып, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін. Сіздер бақытты өмір сүру үшін талпынсаңыздар, біз сіздердің сол мақсатқа жетулеріңіз үшін қызмет етеміз», — деді басқарма басшысы Ғалымжан Балтаев.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Нұр Отан партиясы кез келген түйіткілдерді шешуге дайын екенін жеткізді.

Фотограф: Береке Сейітжаппаров

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button