Әдебиет
Trending

Қайтеміз енді, бұл өмір ғой (әңгіме)

Сол бір кеш

Есентай қалды, біз кеттік

Есалаң жылдар соңында…

Есенғали Раушанов

Тағы да бір ай туды. Бұл жолы аспанда емес. Айжан мазар жаққа қарап бет сипады…

Төрт қабырғаға қамалған оның ештеңеге зауқы соқпады. Ойлап қараса, ол тек бөлмеге ғана қамалған ба еді? Мағжанның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген өлең жолдары еріксіз есіне түсті. Мұны аяп тұрғандай болып, өзінің де өңі қашқан күз тұрды терезеде. Көктемді сағынды. Сол көктем. Сол бір кеш…

Дүние қуанышын қойнына жасыра алмағандай, бүгінгі таң ерекше болып атыпты. Күн де жарқырап тұр. Айнала да керемет. Жаңа түскен келіннің бетін ашқандай — алма ағаштың ақ гүлдерін сыпырған самал жел де жылы леппен жүзінен аймалайтындай. Осындай таңда ерте тұрмасқа болмады. Оның үстіне сауық кешіне де дайындалуы керек. Кафе-барларда көңіл көтеруді ұната қоймаса да, Айжан қолқа салған соң баратын болып шешкен. Бұларға бір семестр оқуға келген Айжанмен бірден араласып кетпегенмен, бірте-бірте әңгімелері жараса бастады. Ол басқа қыздардай емес еді. Әрбір қылығы тартымды,  әр сөзінің мәні бар, ең бастысы әдебиетті сүйетін. Бұл үшін одан асқан бақыт бар ма?! Ерте тұруын тұрып алып, сауық кешіне аса бір дайындықтың қажет емес екенін түсінген соң, кешке дейін уақытты қалай өткізерін білмей дал болды.

Ақыры демалыс күндері айналысатын ісінен басқаны қолайлы көрмей, аялдамаға қарай бет алды. Сенбі, жексенбі күндері Мақсат бір кітапты алып, қоғамдық көлікке мініп, қаланың ана басы мен мына басын кемінде үш-төрт рет аралап келетін. Ол үшін қоғамдық көлік кітап оқуға қолайлы ең керемет жер. Тек онда шылым тартуға болмайды және кофе іше алмайсың. Егер арғы дүние бар болса, Құдайдан осындай жұмақ сұрар ма еді, бәлкім. Бүгін ол Шопенді тыңдай отырып, жапон классиктерін оқып бітірді. Тіпті күннің ерте батқанына қарамастан, тағы бір қайтара оқып шықты. Сауық кешіне келісілген уақытынан сәл  кешігіп барды. Барлығымен амандасып болған соң, күнделікті әңгіме өрбіді. Біршама уақыттан соң бидің де кезегі келді. Қыздар биге тұрып кетті. Ми солқылдатар даңғара әуендерден дыбыс күшейткіштердің өздері шаршап кеткендей көрінді.

Мұндай музыкаларды ұнатпады ма, әлде көңіліне қарады ма, әйтеуір Айжан мұның серуендеп қайтайық деген ұсынысынан бас тартпады. Екеуі сыртқа шықты. Манағы сәуледен қашқақтап ойнаған көлеңкелер бір жерге тығылып қалғандай. Осынау тып-тыныш түнде екеуінің сырласуына аспанның меңіндей болып тұрған ай ғана куә еді.

Менің теңізде тұрғым келеді, Айжан. Қиқулаған шағалалар, жартастардың мойынына асылып жібергісі келмей, амалсыз қол үзетін толқын-ғашық, жағалаудың көрпесін тартып алып ойнайтын жел, осының бәрі маған әсер етіп, өлең жазып кетер ме едім?-деді, Мақсат қиялға шомып. Айжан оған зілі жоқ кекесін танытқандай жымиды да, жәй ғана бұрылып, қуып жетіп алсын дегендей аяңмен адымдады. Қолынан шап беріп ұстап, ернінен сүйіп алар ма еді, батылы жеткенде. Бірақ, олай жасамады. Алдына шығып:

Тағы біраз тұра тұрайықшы, әуен бітпеген болар,- деді. Айжан әлі үнсіз. Көңілінде бір мұң бардай.

Ал мен анама барғым келеді. Оны қатты сағындым,-деді бір кезде сөзінің соңы сыбдырға ұласып.

Қапа болмашы Айжан. Оқудың бітуіне аз қалды ғой. Сәл шыдашы, анаңмен де қауышасың,-деп Мақсат оны жұбатқысы келді.

Ол…ол алыста Мақсат. Жете алмаймын оған…

Мақсат дұрыс сөйлемегенін аңғарып, ернін тістеледі.

Қайтеміз енді. Бұл өмір ғой.

Өмірдің ақиқаты өлім емес пе? Сол ақиқатқа…

Тым ауыр ойға кетіп қалдық. Қажет емес. Қайтайық.

Екеуі  қайтып оралғанда баяу әуен ойнап, вальс басталып жатыр екен. О, вальс! Құшақтардың табысып, жүректердің жарысып соғатын сәті. Айжан үстелге отыра берген сәтте Мақсат оның қолынан ұстап, жәй ғана қысып, биге шақырды. Көздеріне жақыннан үңілген сәтте Айжан ұялып төмен қарап қалды. Ыстық демі бойын өртеп жіберердей. Алғашқы рет вальс билеп тұрғандай аяғынан жаңылыса берді. Оның жүзіне ғана қарауға мұршасы болды. «Уақыт тоқтап қалса екен,»-деп тіледі. Айжанның не сезіп тұрғанын білмеді, бірақ өзі шексіз бақытты еді. Сезімге беріліп тұрған сәтінде әуеннің тоқтап қалғанын байқамай қалыпты. Қыздардың бұларға қарап күлгенінен қысылып қалды. Ғасырға созылғандай болып көрінген кезеңдегі сырласу мен кереметтей вальс есте қалатын бұл кеш те бітті. Осыдан кейінгі күндер еш өзгеріссіз өте берді.

Бірер айдан  соң Айжанның мұндағы оқу мерзімі де аяқталып, таяу күндері Алматыға қайтатынын айтты.  Бұл шығарып салуға уәде берді. Ол күн де көп күттірмеді.  Вокзал. Табысулар мен қоштасулар мекені. Хәл сұрасудан әрі аспаған әңгімеден соң ұзақ үнсіздік орнады. Құдды бір  қоштасудың мелодиясы осындай болуы тиіс секілді. Пойыздың жүрер уақыты таяп қалған соң Айжан хабарласып тұратынын айтып, мініп кетті. Бұл Алматыға барып тұратынын айтып, қол бұлғап қалды. Құшақтап алмағанына өкінді. Мұның жүрегін жұлып әкеткендей рельстің үстінде вагондар дүрсілдеп кете берді.

Осы сәттен бастап елегізу басталды. Жесір қалған әйелдей боп көктем қара жамылды да қалды. Көңілі жайдары болмаған соң жаз да келмегендей әсер қалдырды. Сағыныш дейтін сары шапанын жамылып күз келді. Ол Мақсатты тіпті жүдетіп жіберді. Бұдан артық шыдай алмады. Алматыға бару керек деп шешті. Сыныққа сылтау болғандай бір танысы оны «поэзия кешіне» шақырды. Бақытына орай Айжан оқитын университетке. Ойланбастан жолға шығып кетті. Алматыға жеткенше көз ілгісі келмеді. Бірнеше сағаттық сапардан  соң бұл шаһарға да жетті-ау ақыры. Алатауды  көргенде Айжанды көргендей құшақтап алғысы келді.

Айжанға хабарласпай тосынсый жасаймын деп ойлаған еді, ол мұның келетінін біледі екен. Ертесіне театрға шақырды. Кешігіп барды.Бір сағаттан аса күттіріп қойды. Қаланы білмегендіктен театрды әрең тапты. Айжаннан  қайта-қайта кешірім сұрай берді. Шынымен де ыңғайссызданып тұр еді. Айжан жәй ғана жымиып: «Ештеңе етпейді,»-деді. Келесі күні кафеге шақырды. Мұны құрбысымен таныстырды. Тағы бір күні жастардың қыдыратын сүйікті жерлерінің бірі — Хамит Ерғалиев жағалауына барды. Бұл жолы ол да өз достарын ертіп барды. Қолдарында гитара. Досы әнді керемет шырқайтын. Иықтан төмен түскен қыз бұрымындай болып сарқырап аққан Есентайдың суы, жол күзетшісіндей тізілген талдар, барлығы да бұлардың жұптарының сәнін келтіріп тұрды. Айжанның қолынан ұстап алды, ол мұны күтпеп еді. Жол жиегіндегі орындыққа барып   жайғасты. Көкжиекке батып бара жатқан күн, мұның иығына басын сүйей отырған Айжан, осы сәттер кеудесіне керемет сезім ұялатты. Алматы сапарының  соңғы күнінде екеуі Айжанның құрбысының туылған күніне барды. Осы күні олар жұрттың көзіне жұп болып көрінгендей. Ертесіне, әрине, дәл сондай өсек-аяң, сыбыстар да естілді.

Айжанмен  қоштасып, амалсыздан ауылына аттанды. Қайтып келген денесі демесең, бар аңсары Алматыда қалып қойған еді. Күңгірт күндер қайта басталды.Барлық жерден  Айжанды көретін болды.  Тауға иегін тақаған бұлттарға қарап, шынтағына сүйенген Айжанды есіне түсіретін.  Түсінде де сан мәрте көрді. «Өмір» деудің орнына соның атын атайтындай дәрежеге жетті. Бір күні онымен сөйлесіп отырып, оқу бітірген соң осында келіп жұмыс істейтінін естігенде, жүрегі межесіне жете үрленген шардай болды.

Бірақ Айжан өзгеріп келді. Мұнымен жүздесуден қашады. Кездесуге шақырса келмейді, театрға шақырса ат-тонын ала қашады. Әбден мазасы кетті. Енді оны іздеп тауып, тосыннан бара салатын әдет шығарды.  Ал бұған Айжан қарсы болмайтын. Екеуі қайтадан жылы сөйлесе бастады. Бұл оның қалаған кітаптарын тауып алып сыйлайтын. Қолына гүл алып, күтпеген жерден бара қалатын. Айжанға бұл ұнап жүргендей көрінді. Телефонмен тілдескен сәттерінде, түсінде оны ата-анасымен таныстырып жатқанын айтатын. Оған үйленгісі келетін ойы бар екенін  де жасырып қалған емес.

Ал ең керемет тосынсый Айжанның туылған күнінде болды. Ауласына майшамдардан «жүрек» жағып, «оған ұнап қалады-ау» деген кітапты алып, тәттілер мен қып-қызыл шоқ гүлдерді ұсынып, сағат тілі тұп-тура он екіні соққанда құттықтады. Қобалжығаны сонша, қайта-қайта «ұнады ма?»-деп сұраумен болды. Айжанның оған бірдеңе айтқысы келгенін де байқамады.

Біраз күндерден соң Айжан оны кездесуге өзі шақырды. Мақсат  барлығы жақсы болып келе жатыр деп ойлады. Келсе Айжан ауласындағы бір орындықта теріс қарап отыр екен. Артынан байқатпай барып көзін жұмып еді, қолы су болып қалды. Бойын бір діріл кезіп өтті. Айжан жалма- жан көзін сүртіп, оған күлімсіреп қарады. Бір сұмдықты сезген ол тезірек бәрін білгісі келді. Аз-кем әңгімеден соң Айжан да ұзаққа созбады.

Сенің ақ адал ниетіне рахмет , енді еш әуре болма, мен жақын арада тұрмысқа шығамын.

Мақсат айтарға сөз таппай, мелшиіп қатып қалды.

Айжан, өмірдің ақиқаты өлім деп дұрыс айтыпсың. Сол ақиқатқа…

Жоқ, қажет емес. Тым ауыр ойларға кетпеші. Сен де бақытыңды іздеп тап.

Ендігі қандай бақытты айтасың? Бақыт дегеннің өзі иллюзия ғой. Адам баласының іші пысқан сәтіндегі сөзі шығар ол…

Бұдан өзге не дерін білмеді. Соңғы рет құшақтап, құлағына: «сені ешқашан ұмытпаймын,»- деп сыбырлап жатқаны сол еді,  Айжанның жүзіне ыстық жас тамып түсті. Сонан соң: «Бәріне сен кінәлісің,»- деді, аспанға қарап тұрып. Соны айтты да бұрылып кетіп қалды. Артынан Айжан да жылап жіберді…

Күңгірт бөлмеден көніл аулар ештеңе таппаған күйі төсегінде жата берді. Анда-санда бір сыртқа шығып қайтқаны болмаса, осылай жатқанына екі аптадан асты. Осы уақыт бойы мұны жұбатқан ешкім болмады. Тіршілік бірқалыпты жалғаса берді. Бақшада гүлдер гүлдеп, ағаштар бүр жарып, құстар сайрауда. Көшеде адамдар әйтеуір бір жаққа асығуда. Бәріне бәрібір. Ал мұның іші алай-дүлей. Бала күнінде ауылда   бір  әйел күнде кешкісін жол апатынан қайтыс болған жалғыз ұлының мазарына барып, құлыптасын құшақтап: «Құлыным менің, құлыным,»-деп зар еңірегенде   ел-жұрт : «Қайтсін байғұс, жалғызынан айырылған оңай ғой деймісің,»-деп оны аяйтын. Дәл қазір мұны да аяйтын біреу керек сияқты. Құлай сүйгенінен тірідей айырылып, өзгенің құшағында жататынын бұл сияқты кім ойлап, кім аясын мұны?

Есіне ауылындағы тағы бір оқиға түсті. Көршісінің шаңырақ құрып, шатыққа бөленемін деп алған екі әйелі де бірінен соң бірі асылып өлген еді. Екінші әйелін жерлеп келгеннен соң, өкіріп жылап жүріп олар  асылып өлген қораны өртеген еді. Бірақ қайғысын жеңе алмады, сол күйі ішіп кетті. Ол кезде балалықпен: «Көке, арақ ащы ғой,қалай ішесіз?»-деп сұрайтын. Көршісі жымиып қойып: «Өмірді де сүріп жүрміз ғой,»-дейтін. Ал қазір «сенсіз өмір жоқ,»-деп қойып бұл да сүріп жүр екен әйтеуір. Өз-өзін ұстап, тырысып бақса да есіне ылғи қайғы-қасірет түсе берді.

Кенет аспан болғысы келді. Ағыл-тегіл жауын жауған аспан.

Миының қатпар-қатпарларын сан түрлі сауалдар кезіп өтті. « Айжан мен берген кітаптарды оқып жүр ме екен? Әлде өртеп немесе лақтырып жіберді ме екен? Есімі жазылған қолалқасын тағып жүр ме екен? Тым болмаса бір сәт мені есіне ала ма екен?»-деген ойлар басынан кетпей қойды. Осының бәрін ойлап жатып ұйқысы келді. Мәңгілікке…

Тағы да бір ай туды. Бұл жолы аспанда емес.

Жан Сүйіндік тегі

 

 

 

 

 

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button