Әдебиет

Нұркен Нұрғазы: #Natorun

АҢСАР

біз кейде түнгі аспанда
жұлдыздардың
жымыңдап тұратынын
ұмытып кетеміз.
олар болса,
бізді есіне алмайды да –
себебі олардың есінде мүлде
болмағанбыз –
олар о бастан
ессіз.
ессіз болғандықтан ғой
олардың
үнемі жымыңдап тұратыны,
үнемі жарқырап тұратыны.
бəріміздің
жұлдыздардың сəулесін жерден
қызғанатын бұлттарды қармап,
кейде
үйіміздің маңындағы
аспанға
шығып алғымыз келеді.

NATORUN

тəндерінің ашқарақтығы соншалық
өздерінің жанын да жеп тынған адамдар
кенет сенің де жаныңа көз салады…
көздерінің ағын қарашығы қылғытқан,
жүректері асқазанға айналып
біткен адамдар
тəніңді қатарға
қосқысы келеді,
қосады да.
шарқ ұрасың
өзгелердің тəнінен жасырынған жаның
өз тəніңнен жасырына алмай.
барлық мемлекеттің туы
төмен түсірілсе де,
күнге бойың жетпейді…
ақыры:
жаның
өзің тізген əріптердің ығына тығылады.
жəне сонда қалып қойғаны абзал.

АМАНАТ

жарығым,
менің күртешемнің
сол жақ жанқалтасында
өткен түннен қалып қойған
қараңғылық бар.
қазір ол бұлқынып,
тырбанып
жұлқынып жатыр
басына орамал салынған қыздай
еріксіз…
сол қараңғылықты
келер түнге жеткізуім керек,
күннің сəулесіне талатып алмай
оттың ыстығына құлатып алмай.
тек қараңғылық
жүрегіме сіңіп үлгермесе болғаны,
жарығым…

#nurken

ТҮРМЕ

адамдардың бəрі де жүріп барады
жолдар ешқайда апармасын білсе де.
ескерткіштері де
сұлулары да
гүлдерге зəру емес əлем бұл.
өмірінің мағынасыздығын
өрмекші де білетін еді.
бірақ
біраз бұрын
ол өрмекші асылып өлді.
сағат тіліне.
уақытты тоқтатам деп ойласа керек.

ОРАЛУ

бұл мекенге келген сайын
кеудемде бүлкілдеп тұрған ет
қайтадан жүрекке айнала бастайды…
ең алдымен көктемді іздеймін –
көкжиектегі кемпірқосақ
бұлттардың қолшатырындай
күн сəулесінен қорғану үшін жайылған.
тауып ап, кірпік қақпай қарап тұрамын…
күндердің бір күнінде
бұл мекеннің сұлулығын
қызғанған қабағым
көзімді мəңгіге жауып қалатынын
білем… –
міне,
менің
бала күнгі өзімнен
айырмам…
бұл мекеннен ұзап қайда барады екем
самалды күн ұшырылған
қағаз ұшақтай көңіліммен…

Бақылау. ВОЛЬФГАНГ ПРОХАЗКА

еш қарсылық танытпайтын
жұбайындай некелі
таңға жуық бұл саябақ үйсіздердің мекені.
түннен қалған естелікті білдей қоқыс көлігі
таң сібірлей бастағанда
тиеп алып кетеді…
таңға жуық
ие болар дейсіздер ғой баққа кім —
білгісі де келмейтін жан қайда бара жатқанын.
білгені тек –
«өмір» — дейді кей кездері қамығып
сыртындағы ызғары мен
ішіндегі аптабын.
таңға жуық,
бағынбайтын əлеуметтік заңдарға,
сая болар бұл саябақ соңғы ғашық жандарға…
екі жүрек кетер сонсоң бір-ақ сəтте езіліп
жердің беті олардікі еместігін сезініп…
…жұмыс күні.
жəшіктерде жас келіндей газеттер. –
ақпараттың барлығын да
жеткізуі қажет пе?
кеңседегі жұмысшылар
һəм тышқандар індегі
таңға жуық саябақта не болғанын білмеді.

Ұқсас материалдар

3 Comments

  1. Осы əлемде сенің бар екеніңе қуанам. Өс! Өркенде! Өмір сүр! Сені шексіз жақсы көрем! Өлеңің үшін! Өзің үшін! Өмірің үшін! Сен ғажап ақынсың!

  2. Сөйтші, Айбөрім. Әйтпесе, өліп қалайын деп жүр.))

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button