Әдебиет

Нұркен Нұрғазы: Мен маспын…

Нұркен Нұрғазы — Түлкібас ауданының тумасы. Шымкенттегі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың түлегі. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өлеңдері ерекше. Оның ең жақсы көретіні — тыныштық. Сондықтан Нұркеннің тыныштықта жазылған өлеңдерін ұсынамыз!

#унисон

жылжиды екен жыл ақырын,
(жылға бəрін алғыздым…)
мені ғана ұнатуын
қалап едім сол қыздың —
/бəлкім оны қызғанғаннан,
бəлкім оны сүйгеннен…
жер бетінде мұз қалмаған
жан-жүрегім күйгенде.
/жо-жоқ, бір мұң қалып қойған,
жанарымның ішінде…
оны өмірім алып қойған —
болады! — деп ішуге…
/болды бəрі,
бордай тозды,
бозармады таң қанша…
бағып жүріп балдай қызды
басына бақ қонғанша,
/жүдеппін-ау, жалығыппын,
кешігіппін, күйреппін,
адасыппын, ауырыппын,
сағыныппын,
сүймеппін…
/қолдан құсым ұшар болса,
қонар, бəлкім, биікке…
жем берейін түс ауғанша,
жаңғақ дəнін жиып кеп…
/жел өтінде тіс қақсайды,
ұшырмайды қара түн…
қыз осы бір құсқа ұқсайды —
қомдағанша қанаты…
/үйреніпті күнараға…
үйірсектеп сырыма,
мен тұрғызған мұнарадан
ұя тапқан мұңына…
/мəн бермеппін ұға тұрып —
жанарында жалғыз мұң.
мені ғана ұнатуын
қалап едім сол қыздың…

17.12.2018
#nurken

#бесікжыры

«…знакомый ваш — Сергей Есенин!!!»
(с) #есенин

«алып кетсем өзіңді сол мекенге
…сол мекенде өзіңмен қалып кетсем…»
(с) əвтөр

тағы бір рет қайтеді жылап көрсек?
һақ тəңірден ақ сезім сұрап көрсек..?
сен жыласаң күлетін адамдарға
тастан қатты,
тапжылмас
тылақ көрсет…
/отырасың
жалғыз қап, тізіп елес…
…айқай салар айналаң қызыл өңеш…
сен төгесің, мəселен, көз жасыңды,
ал қоғамға ол мүлде қызық емес…
/жылама енді,
жасың сүрт…
күлгін,
ойна…
кірпігіңнен біткесін сырғып айлар…
сыртыңдағың тартады адамдарды
(ішіңдегің аян ғой бір құдайға…)
/мына менің
/өртей алар дəтім жоқ қамыс елді,
таныс елдің содан да жаны сөнді…
…бір Альфонс ішімнен сақ-сақ күлер:
қорықпа, Нұркен,
қыздардың бəрі — сендік…
/иə, маған… қай дана не демеді?
есім дұрыс,
ешбірін елемедім…
жүрегімде бір ғана ару қалып,
басқалары бақытқа жөнеледі…
/сен кетесің… тартасың адамдарды…
айна алдында сыланып таранған күн…
ей, сұлуым, сен осы білесің бе,
мұңды ғана жазуға жаралғанмын…
/…жылы болып тұрмайды ара мəңгі…
жылы түннен қаншалық сауап алдық?
…ағаларым: мұңды өлең жазба… — дейді…
мұң жеңеді бəрібір
ағаларды…
/ағама ұқсап соңғы рет қамыққандай,
қарбаласқан көштен де қалып қоймай
көшесің-ау сүлдеңді сүйретумен,
тірі жүрмей,
тым құрса өліп қалмай…
/сонсоң тағы
/…отырасың
жалғыз қап,
тізіп елес…
…айқай салар айналаң қызыл өңеш…
сен төгесің, мəселен, көз жасыңды,
ал қоғамға ол мүлде қызық емес…
/кетейікші (кеткендер қайтып келер)…
келуіміз болады жай күтпеген…
жасқа тұнған көзіңнен сүйемін де,
ең ғажайып ертегі айтып берем:
«əлди-əлди, ақ сүмбе…»
/кетейікші…

11.12.2018
#nurken

#əңгіме

📩

…доставит гораздо больше удовольствия поговорить с вами, чем скучать там где-то наверху…
(с) Марсель Пруст

бұл өлкеге тіл тигізбе — тұрғындары нашар болса да, құймағы мен қаймағы дəмді болады, шəйі ыстық болады…
(с) əвтөр

өзімді алдап,
сен дағы өзіңді алдап:
¤ талай сабаз уақытша көзіңді арбап,
¤ талай сылқым уақытша көзімді арбап,
…»қашып-пысып қалай да күн көрерміз…»
өткен күнде тұншығып сезім қалмақ…
/ғылым болып барады ғазалым да,
ғажабын да көтердің, азабын да…
өлең жазу үшін де сүйдің… — дейсің,
өмірімде сүйгесін жазамын да…
/солай қалқа…
шеберміз кінə артуға,
кінə артуға болмайды құмартуға.
өтірікке сен айтқан сеніп қалдым —
жыл тұрады бəрібір жыл артында…
/…күнəлар мен
көмілдік
кінəларға,
қайтсек дағы күтпейді жұмақ алдан.
кірпігіңнің ұшына шық қонса егер —
күнге тура қарауға шыдамаудан…
/тəн қызығын айттық біз, жан қызуын,
тəнге жанды мүмкін бе алғызуым..?
жалғыз қызы қартаяр анаңның да,
қартаяды анамның жалғыз ұлы…
/не болса да мəреге жетерміз деп,
шығып едік жолға ұлы мекенді іздеп…
салқынымен жауратты болмысымыз —
жан түңілер
ерке едік
екеуміз де…
/жиегінен қисынсыз қиылыстың
шіркеу тауып, жоққа да сыйыныстық:
«кешегісін əлі де кешіп жүр…» — деп,
күмəніңді кеудеңе құйып іштің…
/бір кездері тозаңсыз сүйіп көрдік,
иə, содан соң
қаладық биіктеуді…
екеуміз де ұнатқан күрең шəйді,
лепілдете кесеге құйып бердік…
/иə, біздер сыпайы қонақ болдық,
сырымызға тойғанша тамақтандық…
шет-шегі жоқ қараушы ек болашаққа,
енді, міне, өткенге қарап қалдық…
/көрдік, болдық һəм қалдық…
не істемедік?
мағынасы қалмады ештеңенің…
сезгендей-ақ ішіміз: бəрі бітті,
ақ параққа уақыт кестеленіп
/көңілімізді кірлетті,
таза ма едік?
аза көңіл алаңсыз қаза болып,
өзімізді өмірмен жазаладық…
(сол өмірді өлеңмен тазаладық)
əңгімеге қойылды соңғы нүкте,
əй, əйтпесе, сандырақ жазар едік…
/өзімді алдап,
сен дағы өзіңді алдап:
«қашып-пысып қалай да күн көрерміз:»
¤ талай сабаз уақытша көзіңді арбап,
¤ талай сылқым уақытша көзімді арбап…

12.12.2018
#nurken

#үзік

тосын болған
бəрі де…
тосын болған…
мойыныма білегің асылғанда
өзімді іздеп кетуші ем ғасырлардан…
ашылғанда құшағың
адасушы ем,
тура жолды табуға тосылғанда…
…білесің бе, қалды ғой жетімсіреп
бойымызды қоғамнан жасырған маң…

құлақ аспай көп айтқан тілекке де,
тек сол маңды торығам,
гүл еккен ем —
бауыр басу-дан болса соның бəрі
қоңыр кеште шым етті жүрек…
неге?

сені ғана көруші ем өткен күннен,
сені ғана күтуші ем жеткен күннен…
құрбыңды да қызғаншақ жек көрдім мен
жігіттерден көңілі қалып қойған —
арадағы аяулы əппақ сезім
сөзге еруден ендігі жалықпай ма?

жалықпай ма жалғаннан баз кешуден?
ал баз кешу күй ме еді аз кешірген?
жанымызды жауратып алдық па екен,
арамыздай суыған жаз кешінде…

мас болғанда ащылау ойларды ішіп
орнатқым кеп аспанға
айдан
мүсін,
басқа арудың мүсінін сызыппын-ау
(келді оның да аңызға айналғысы)…

дүнияны қарғама,
доғар! доғар!
ендігіңді өткенге көп арнама…
…а, айтпақшы, сəбиің құтты болсын,
талай түнде əкесі оралмаған…

10.12.2018
#nurken

#жансебіл⛼;

…өлім іздеп келер болса тегінде,
мен-ақ іздеп соқтығайын өлімге…
(с) ЖҰМЕКЕН

…өкпесін
өкпе ішінде сақтаушылар
табады күлден жолдас,
оттан сыңар…
көк түтін көкке өрлеген сайын мүмкін
жаныңның шашы ағарып жатқан шығар…
/жаныңның шырайы да əжім-əжім
қария —
жас тəніңнің қазынасы.
жас тəнің сырқаттанып қалса егер де,
қария ұшықтайды — жазыласың.
/қария
таудан асар,
теңіз кешер…
сандалар мына əлемнен сені іздесе..
жылайды кей кездері —
нəрестедей
шылымның түтінімен емізбесең —
/түнекте осы болар жарық деген,
жұбатып, бесігіне салып берер…
…бауырым, бере тұршы оттығыңды,
мен дағы өз қалтамды сауып келем.
/көнетоз күлкідейін езудегі
көктемнің келерін де сезінбедім…
өртеніп бара жатқан өзегімен
албырттау сезім бе еді,
өзім бе едім?
/сəттердей жоққа алданып құрбым …шеккен
дінде де дарақылық қылдым, сөкпе.
…əй осы шылым деген ғұмыр ма екен
сатып алуға болатын
дүңгіршектен…
/бүгінде бəрі-бəрі сатылымда
(күл ғана қалады екен ақырында):
сүйгенің —
дəулеттінің тақымында,
күйгенің —
сұлу қыздың жатырында…
/адамдар — алданғандар,
алдаушылар,
бəрін де шағып алған арман-шұбар,
қылғынсақ қыңқ етпейтін қалталарда
тым құрса қара бақыр қалған шығар,
/тұтатып түннен де алау,
таңнан да алау,
айтады базынасын жалғанға (олар)…
…ерінім сүйісуге ғана емес,
шылымды ілуге де арналған-ау?
/арнадым,
талай түнді арнап едім…
ондағы у да дəмді,
бал да əдемі…
жанымды өзге жанға жалғап едім,
жалғасы жарты кеште қалған еді…
/тəңір-ай, нені айттым мен?
не деп кеттім?!!
деуге де, демеуге де себеп көп-ті…
…бауырым, берші, өтінем, оттығыңды,
қарияға тағы біреу керек боп тұр…

04.12.2018
#nurken

Ұқсас материалдар

Бір пікір

  1. Нұркен НҰРҒАЗЫға! …Су көтермей сіркесін, Өлең таптың — үркетін… Ар жолында — ақ сарай, Бардың қомы — күркесің! Тау тасынан қаланған, Тоған бұзар тіркесің! Ұры жияр — айылын, Ару қияр — мың кешін… Mynzhan BAIZHAN. 19.12.19. Алматы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button