ӘдебиетӘлем

Мухаммад Солиқ: Халық жауының отанға деген махаббаты

КҮРЕСКЕР

– Солиҳ, тоқта деймін, айнаға қарап,
міндетің бітті дәл осы бір жерде,
өзіне тартпасын сені ешбір тарап
мұны енді қаламас жүрегің мүлде.

Лайықты болсаң ел кебінсіз көмер
әдебиет емес бұл күрестің заңы –
алдыңда жетпіс жыл бар болған өмір
жартасқа қадалған қанжардай, ән-і!

Сағыныш дегенге берме енді мұрша,
көз жасың көл болып кетпесін, ғаріп.
Егер бұл құдайға жақындаттырса
Отаннан жырақта өлу ғой – бақыт.

ҒАРІП АҒАШ

Адамдар сынды кіл дүниені кезіп
жаза алмадым мен өлең жыр –
атамекеннен шыққанымды сезіп
сөздер де қашты менен кіл.

Көздеріме жастың келуі үшін –
жүрегім үшін қоным, жай,
мұң сүйген маған күн керек, түсін,
ауа да керек қоңыржай.

Орманды, көлді, маған ұсынба,
келмейді менің санасқым –
мен деген жалғыз Түркістанымда
гүлдейтін ғаріп ағашпын…

СҮРГІНДЕГІ ДӘРУІШТІҢ ДҰҒАСЫ

Халқыма атпаса әділет таңы –
о, Раббым құлыңа тыныштық берме
зұлымдық жалғасып жатқанда әлі
хақым жоқ тыныштық сыйлашы деуге

Тілімді сайратпа Жаратқан, Раббым,
мүмкіндік болмаса шындықты айту
аяққа тапталып жатқанда халқым
маған харам болсын Отанға қайту.

ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ ОТАНҒА ДЕГЕН МАХАББАТЫ

Қауіпсіздік Қызметі, жақсылап тыңда –
Отаннан жырақтағы халық жауымын бүгін;
о, бәлкім, бір күні жыршылар қосады-ау жырға
сатқынның Отанға деген махаббат, мұңын!

Олардың бұл махаббаты соншалық мықты –
қарашы, жүзіме не қылды, көкем;
әуелі бір өзім, кейіннен суретім тіпті
мемлекет жүйесіне қауіп төндіре бастаған екен!

Қауіпсіздік қызметі, тоқ болсын көңіл –
жем болсам да шалдайдағы құмырсқа-құртқа;
мен жоқпын сенде ерікті ұят деп ойлайтын өңір,
қайтпаймын енді иманды қауіп деп санайтын жұртқа!

ТЫНЫШТЫҚ БАР ЕЛІМДЕ СОҒЫСТАН ДА ҚАУІПТІ

Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті,
және оларда мұң жұқпас денсаулық бар қалыпты.

Жаназалық күлкідей шаттығы бар елімнің,
мастығы бар бейне бір хәліне ұқсас өлімнің.

О, ұлтым-ау, ұйықтаудың үйретші енді өнерін,
көз жұмылмай, отыз жыл ұйықтай алмай келемін.

Маужыраған ұйқыңнан титтей ғана бере гөр,
сол ұйқыға апарар тыныштығыңнан және бер!

Мен де сенің перзентің емес пе едім, ұлтым-ау,
көкірегімнен мұңды алып, шідерлесін бұл бұғау!

Тыныштығыңды сыйлай гөр, мұңды қайтем масыл ғып
күрсінейін содан соң қорлығыңмен ғасырлық.

Айтшы, сені бұл күйге зұлымдық па түсірген
мәңгүрт қылды айырып баһадүрдей күшіңнен.

О, ұлтым-ау, бұл күйің тұр өзіңе неге ұнап?
сені бұлай көргенше өліп кеткім келеді-ақ!

Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті…

29.09.2017 жыл

1989 – 2019

Дәл отыз жыл бұрын маған бірі кеп
«отыз жылдан кейін де енді мұңы көп
жарымайды Өзбекстан» десе егер,
сенбес едім ақымақтың жыры деп.

«Халқың қазір шыдаса да зорлыққа,
куә болар бұдан өткен сұмдыққа!
Ұлмен қоса немерең де күні ертең
көз жұмады шет елдегі құлдықта»

«Қара халқы Өзбек деген ұлыстың
Ресей кезер, жайын іздеп жұмыстың.
Тіпті өзбек боп туғанына ұялып,
«сіз» деп сөйлер итіне де орыстың.»

Мұны маған болжаса егер бұрында,
мұны маған сөйлесе егер бұрында,
жұлып алар едім тілін тәуіптің,
мың тоғыз жүз сексен тоғыз жылында!

Енді мұнда қалған дым жоқ бүлінбей.
Біз бұл жайдан өте алмадық сүрінбей.
Заманында жоғалмады зұлымдық,
жұлынбаған сол тәуіптің тіліндей

16.07.2019 жыл

ҚАЙТУ

Мынау сүргін, тар сүргін, зарлы сүргін,
қол астында қалғандай жалшы мұңның.
Бірақ дімкәс хәліммен әр сәт сайын
қиянатпен соғыстым, қарсы тұрдым!

Беті қайтып жыланның жалаңдаған;
әлде солай көрінді-ау, алаңдағам –
жеңгендей боп әділет зұлымдықты
ашқандай боп есігін Отан маған!

Радио айтады –түремін мұңға құлақ –
Біздің Отан зұлым мен сұмға тұрақ:
ұры қайтты, кінә мен күнә қайтты,
Салық мырза қайтпады мұнда бірақ!

Бұйырмапты ешқандай жай, құт маған.
Бірақ, қара, ешкімнен шайлықпағам!
Жетпіс жаста Нажмиддин Кубра сынды
Отанға емес, соғысқа қайтып барам.

2019 жыл

Аударған: Файзулла Төлтай, Түркия.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button