ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Мемлекеттік қызметтегі мәдениет немесе қызметтегі биліктің мәдениетсіздігі

Мемлекеттік қызметті қоя тұрып, алдымен «Мәдениет» дегенді талдап, талғап, түсінгенімізше мүжіп алайық. «Мәдениет» саласы дегеніміз бар. Мәдениет саласының бірінші мақсаты — думанды шараларды ұйымдастыру. Екінші мақсаты — сол ұйымдастырғанын насихаттау. «Мәдениет» дегеніміздің көбелектің өміріндей уақыты осымен аяқталады. Мәдениетті шындап түсінетін инсан үшін бұл — қайғылы жағдай. Мәдениет деген — түзу жүру, сыпайы күлімсіреу, сыпайы көзқарас, сыпайы сәлемдесу. Бұлар — сыртқы сипаты ғана. Ал, ішкісін сипаттап беру үшін «Википедия» әріптесіме кезек берейін:

«Мәдениет (латын: Cultura — өңдеу, егу деген сөзінен шыққан) – табиғат объектісіндегі адамның әрекеті арқылы жасалатын өзгерістер. Бұл сөзде адам еңбегінің ерекшелігі, оның адамның іс-әрекетімен байланыстылығы, адамның және оның қызметінің бірлігі негізделген. Кейіннен «мәдениет» деген сөз жалпылық маңыз алды, адам жасағанның бәрін де «мәдениет» деп атады. Осы ұғымда мәдениеттің мазмұнды белгілері, түсінігі көрсетілді. Мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат». Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол — өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны өз мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады. Мәдениет әр түрлі әлеуметтік құрылымдардың, топтардың, таптардың, жіктердің, ұлттардың, жеке адамдардың өмір сүру жағдайына, талабына сәйкес пайда болып, қалыптасады. Мысалы: аң аулау, еңбек құралдарын жасау, от жағу, тамақ пісіру, киіну, жарасымды өмір сүру, екінші біреуге ұнау, ортамен қатынаста болу, т.б. Бұл талап-тілектер қоғамдық прогреске, өрлеуге тікелей байланыста. Әр қоғамдық кезеңде жаңа талап, тілектер пайда болады, өндіріс құралдары дамиды. Мәселен, бір кездерде жазба әдебиеті болмады соның нәтижесінде фольклор қалыптасты, кейінірек те білімнің қалыптасып, жазудың шығуы жаңа талап қойды. Бүкіл құндылықты, мифті жазып қалдыру талабы пайда болды. Информатика дамыды, оларды микрофон, магнитофон, компьютерге
түсіру арқылы мәңгі ету қажеттігі туды. Сөйтіп, мәдениет әлеуметтік құрылымдардың, жеке адамның тілегіне, талабына сәйкес қалыптасты. Қоғамда адам тілегінен тыс мәдениет қалыптаспайды. Мәдениет — әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты», — дейді.

Француз философы, жазушы Жан-Жак Руссо: «Шынайы сыпайыгершілік адамдарға тілектестікпен қараудан тұрады», — дейді тағы. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Халық мемлекеттің қандай да бір кемшіліктерді шешетініне сенсе, демек мемлекеттің болашағы жарқын. Мен үшін кері. Әр кәллада бір қиял. Кім қалай ойласа, өз еркі. Демократиялық мемлекетте өмір сүреміз. Азаматымыз. Еркін ойлай аламыз, сөйлей аламыз. Осы сөздерді сіздер қайдан оқып отырсыздар? Әрине газеттен немесе сайттан, қағаздан… Дәл осы ұғымдар санада бар, қолданыста жоқ! Жоғарыда «Мемлекеттік қызметтегі мәдениет немесе қызметтегі БИЛІКТІҢ мәдениетсіздігі» деп тақырыпты айқайлата қойдық. Жоғарыда айтылған ойдың бәрі әдеп пен мәдениетке тікелей қатысты.

Мына тақырыпқа қалам тербемей тұрып, әуелі азаматтардан «Мемлекеттік қызмет» жайлы пікірлерін тыңдайын дедім. Бұрын мемлекеттік қызметші болып, бүгінгі таңда «бизнесмен» болған азаматтардың, кезінде мемлекеттік қызметші болып, адалынан қызмет етіп, өсіп келе жатқан шағында «Әлдекімдердің» жаласынан сотты болған азаматтардың пікірін тыңдадым. Осы аталған азаматтардың сөйлем құрауы бөлек болса да, жеткізген ойы бір. Халықтың мемлекетке деген сенімі әдеп пен мәдениетте жатыр. Мемлекетте мәдениет пен әдеп бар болса, халықтың мемлекетке деген сенімі де бар деген сөз. Мәдениет дегенде алдымен «Театр» деген өнер естеріңізге түседі. Естеріңізге театрды түсіргендеріңіз өте дұрыс. Мемлекеттік қызметте «мәдениет» емес, «театлар» көп. Халық жақсы басшыны аңсап, таусылып күтеді. Жақсы басшы келсе, тақиясын аспанға атып, мұрты көкке шаншылып қуанады, бір-бірінен сүйінші сұрасады. Бұл көпке барса мейлі, түптің түбінде айқай-шу, өкпе-ренішпен бітеді. 

Мемлекеттік қызметтің талапкерге қояр шарты өте орынды. Бірақ, заң аясында болғаны болмаса «бармақ басты, көз қыстымен» өздерінің заңсыз қалыптастырған мәдениетін, жүйесін мойындатуға мәжбүрлейді. Мемлекетке, Қазақстан Республикасының халқына адал қызмет етуге келген қызметші бірнеше айдың ішінде «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей үн-түнсіз қызмет ете береді. «Халық қандай, ел қандай, ұлан байтақ жер қандай» дегенді есіне де алғысы келмейді. Істеймін деген қызметкерді күшік кезінде талап алатын заңсыз «системаның» құлы болған, баяғыдан жұмыс жасап келген қасқыр қызметшілер. Атақ-даңқ, абырой жинау, басшыға жағымпаздану, мансап қуу мемлекеттік қызметте қадірлі мәдениетке айналғаны қашан. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өлімнен қашып, дүние қуған адамдар «Қазақстан» деген республикада «Өзге елде ұлтан болғанша, өз елімде сұлтан болайын» десіп паразиттерді әкелгендер шаш етектен.

Хирургтардың мынадай өз араларында қалыптасқан түсінігі бар: «Бірінші хирург кескен тәнді, екінші хирург теседі. Ақыр соңында оған кінәлі адам кім? Әрине – екінші хирург!» деген…

Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті, аса қадірлі Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы жағдайы төмен отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшерін көбейтуді және оны жаңа форматта тағайындауды тапсырды. Иә, ол атышулы – АӘК. Жарты жылдан бері атаулы жәрдемақының дауы шешіле қоймады. Шешімсіз даудың салдары неде? Неге шешімі әлі күнге жоқ? Дәл осындай сұрақтар БАҚ өкілдерінің ойынан кетер емес. Бұның басты себебі – ашкөздік пен қанағатсыздықта. Мұнда екі тараптың екі түрлі әрекеттері дәлел. Жәрдемақы тағайындайтын мекеме қызметкерлері мен халықтың заңсыз іс әрекеті. Бірінші кезекте заңсыздыққа шақыратын тарап – мемлекеттік орган. Этика-эстетика, адамгершіліктен жұрдай қызметкерлердің заңсыз жолмен пайда тапқысы келіп, көмекке мұқтаж, жарлы халықтан пара талап етуі - даудың шешімін табуға үзілді-кесілді кедергі жасауда. Әу баста жансақтауға, жан бағуға мойынсынған халықтың бұның заңсыздық екеніне қарамастан саналы түрде қадам жасауы - бітпес даудың шешімін табуға кедергі келтіруде. Басқалар менімен келіссін, келіспесін бәленің бәрі екі тарапта. Бұл айқын. Мұнда мен тағы қызметтегі мемлекеттің мәдениетсіздігін көрдім. Бұл мәселені шешу қиын емес еді, өкінішке қарай жауаптылар бейғамдық танытып, ушықтырып алды. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген бәзбіреулер халықты қан жылатты, Қожабергенді «Елім-ай»-латты... Ұзақ ойланудың еш қажеті жоқ, бәрі бейғамдықтан, жемқорлықтан, мәдениетсіздіктен! 

«Тіпті күштің өзімен ештеңе тындыруға болмаған жағдайларда да әдеп арқылы табысқа жетуге болады», - дейді Британ саясаткері, археолог - Джон Леббок. Мәселе күште емес, әдеп пен мәдениетте.

Бір басшының жасап кеткен былығын, екінші басшының қалыпқа келтіруі әлде қайда қиын. Мемлекетке халық неге сенбейді? Мемлекеттен ешқандай қайыр болмағандығы үшін. Жастарымыз неге шетел асып кетеді? Мемлекеттен ешқандай қайыр болмағандығы үшін. Азаматтар неге мемлекеттік қызметке барғысы келмейді, себебі мемлекеттік қызметте іс жүзіндегі мәдениттің жоқтығы. Тіпті оның қолданыста жоқтығы. Адамның жақсылы-жаманды іс әрекетінің барлығы – мәдениет. Дегенмен мәдениет жақсылықпен бағалануы тиіс. Мемлекеттің артықшылығынан, кемшілігі басым. Сондықтан да халық мемлекетке сенімсіздік танытады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2019 жылды «Жастар жылы» деп атады. Жастар жылында жастарға біршама көмектер көрсетіліп жатыр. Соның арқасында жастардың үні шыға бастады. Бірі кәсіп ашса, бірі шет елдің білім грантын жеңіп алып жатыр. Бірі қызметке орналасса, бірі қызметке кірісуде. Менің тілерім, қызметші жастардың мәдениетсіз қызметтің құрбаны болмауы. Аға буынның орнын жас буын басып, бек сенім мен қадам арқылы мәдениетсіздікті жаңа Қазақстанның жаңа ұстанымды жастары ғана жоя алады. Мақала мына бір ескертумен тәмамдалсын:

«Жасында әдеп үйренбеген кісіден, өскен соң қайран жоқ».

Сайф Сараи

Сүндет СЕЙІТОВ, 2019 жыл.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button