Әдебиет

Мағжан Тайыр: Бірақ, өткен күндер де керек екен..

Сұлулықты сындыру

Әдемілік жүректі жаныштайды,
Әдемі қыз назардан қалыспайды.
Сұлу көрсе сыртынан «сұлу,ә» деп,
Менің досым әрқашан таныспайды.

Бұл жағдайға мен көңіл бөлмеймін көп,
Сосын, мұны тырыстым жөндеймін деп.
Досым айта алмайды ішіндегін,
Өзін оған лайық көрмеймін деп.

Сол ойынан арылту жұмыс болып,
Бердім оған арнайы бір іс бөліп.
Сұлу қызды қасына жібердім ғой,
Өзін танытқызуды дұрыс көріп.

-дейтін маған, ол әркез сенікі көп,
Қыз жүрекке тиген ау оныкы дөп.
Досым,сол бір күннен соң жүр ғой қазір,
«Сұлулардың барлығы менікі» деп.

Ұраны бар құрылған үмітпен дәл,
Бұл сөзінде өзінше үгіттеу бар.
«Қарамайтын қыздар жоқ,негізінде,
Қарата алмай жүретін жігіттер бар».

КӨРШІ ҚАРЫНДАСЫМА

(жатақхана)

Жаурап, шаршап отқанда құрып хəлім,
Жадымда ғой жанымды жылытқаның.
Саған ғана əдемі жарасады,
Қырық үйден шықпаған қылықтарың.

Дүниеңнен көңілің ақтарылды,
Түсірмейсің «дос» деген атқа кірбің.
Көрем,менің кесеме шəй құйғанда,
Ақ жүзіңнен нұр төгіп жатқаныңды.

Тəтті сенің қылығың, тамағың да,
Мен сыйыңа лайық ағамын ба?!
Күн шуағын жетектеп кеп тұрасың,
Кейде менің қар жауса қабағымда.

Қанат қағар, қиналмай қиясында,
Тəтті сөзсің, жазмыштың сиясында.
Ұшуды əлі білмейтін балапансың,
Ұшып жүрген өзінің ұясында.

Кеңістікке керілген өткелді ертте,
Өз өзіңді серпіші көктен көкке.
Ең бақытты сəтіңді көру үшін,
Бүгін кешке апарам əткеншекке.

АУЫЛДА БАР

Шаршау,уайым жай емес күліп тұрар,
Бір жер бар ғой дәл мұны ұмыттырар.
Бауырынан қаланың қашып шығып,
Ауылыма ат басын бұрып тұрам.

Ауылда бар туысқан, ағайындар,
Өмір сүрер, мейірім сарайында.
«Ағайын тату болса ат көп» деген,
Мақалдың тұрады əркез, бəрі ойымда.

Ауылда бар достарым,бауырларым,
Бірге еңсерер, тағдырдың дауылдарын.
«Біз біргеміз, əрқашан» деген сөздің,
Сиқырымен жазылар жауыр жаным.

Ауылда бар, атамның еккен талы,
Тағы, əкемнің алдына жеккен малын.
Немеренің қамына қалдырған ғой,
Төгіп қоя салғандай, көктен бəрін.

Ауылда бар, мен жатқан ескі бесік,
Сол бесікте сəбидің өсті көші.
Əлі онда менің де балам жатып,
Немеремде қалады, көшке ілесіп.

Ауылда бар, алғашқы махаббатым,
Ол естелік, өткенді қопаратын.
Бірақ, өткен күндер де керек екен,
Болашаққа жетелеп апаратын.

Бақыт іздеп, ғаламда бар ма адасқан?
Банан сұрап жүр олар,алма ағаштан.
Басқа жерлер,бақыттың бөлімшесі,
Бас ғимарат,ауылда орналасқан.

МЕНІҢ КӨШЕМ

Қонаққа кел, мен тұратын көшеге,
Солай елдің мəртебесін еселе.
Əрбір тұрғын нұрмен шарбақ тұрғызып,
Жол үстіне мейірімін төсеген.

Көшеміздің кешесінде көп сыр бар,
Оны бəрің біліп жүрген жоқсыңдар.
Қызы сіз деп бал қымызын сапырып,
Қолыңызға су құяды жақсы ұлдар.

Көше жолы басты жолға қосылған,
Одан əрі əлемге жол ашылған.
Біздің жолдан бастау алып ең қымбат-
Құндылықтар шартарапқа шашылған.

Əр тұрғынның ұстанымы-адалдық,
Меңгеретін мамандығы-адамдық.
Ең сүйікті жұмыстары-жақсылық,
Қолдарынан келмейтіні-жамандық.

Қазыналы қариясы ақылман,
Ұл-қызына тəлім беріп отырған.
Ертеңгі елге қорған болар ұрпағын,
Дұрыс жол мен ұлы істерге шақырған.

Бұл көшеге келген əр жан құрметті,
Құрметтеуге барлық тұрғын міндетті.
Көшедегі үшінші үйде той болып,
Бүгін міне тағы қызық күнде өтті.

Бүкіл тұрғын ұйыған бір отбасы,
Мұндай елде əрқашанда бақ басым!
«Өмір» деген сапарыңда жол түссе,
Мен тұратын көшеге бұр ат басын.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button