Әдебиет

Есенбек Жұмағалиев: Ақырғы сөз

МЕН ОНЫ СҮЙЕТІН ШЫҒАРМЫН…

Мен олсыз бір мұңмен сыңармын,
Неге оның жанына құмармын?
Сездірмей аймалап көзіммен,
Білмеймін…
…Мен оны сүйетін шығармын…

Кім білсін, бір күні…
… Кеш батып, көкжиек қылаң нұр,
Мен оны бақытты қылармын.
Неліктен аңсарым ауады?
Мен оны сүйетін шығармын…

Бір күні мен оның жанында,
Кеудеме гүл тағып тұрармын.
«Алдамайды армандар»- дейді ғой,
Әзірге бәріне шыдармын.
Мен оны сүйетін шығармын…

Ішінде ақ сағым мұнардың,
Тек үнсіз ішімнен тынармын.
Кешегі бозбала шағымдай,
Шынымен…
…Мен оны сүйетін шығармын.

Аршып ап ішінен тұманның,
Елітті ырғағы бір әннің…
Дәл осы симфония саз сынды
Мен оны сүйетін шығармын.

Серттессек қайтеді онымен?
Сөзіндей айнымас құранның.
Мендегі тылсымды ұғар кім?
Бір ғана серт берсе болғаны…
Мен оны сүйетін шығармын…

Бұлттардай аспанда сейілген,
Ғайыпқа сіңбесін шырайлым.
Ақ ұлпа мамықтай сезіммен,
Мен оны сүйетін шығармын.
Расымен сүйетін шығармын…

АЗАН МЕН ҒАЗАЛ

Түн жарымы.
Үстел үсті.
Ояу тек ақын ғана,
Түн көрпесін оранып жатыр қала.
Қағаз бетін аймалап шам жарығы,
Жыр күтеді, жазылар сәтін ғана.

Ай шашқанда жұлдызын мақтан көріп.
Шайырды шабыт жұтты қақпан керіп.
Шыңдар киді сан жылтыр мақпал бөрік.
Шала жыры қалғанда түнге еңіреп,
Көз жасын сүртіп берді ақ таң келіп.

Таң жеткізбей өлеңі- арманына,
Ойран салды ойының орманына.
-«Апыр- ай, бүгінгі таң күндегіден,
Сәл кешігіп келуге болмады ма?»

Ой орман тулап қалды. Шулап қалды.
Бір өлең тағы өзегін тырнап қалды.
Үнсіз ғана егіліп үстелінде,
Бір аруға жазбаған шумақ қалды…

Ұға алмай тұр, таң ба әлде кеш кірді ме?
Есеңгіреп, аңқасы құрғап қалды.
Мешіт жақтан бір әуен естілді де,
Бар әлем бір азанды тыңдап қалды

Сондай әсем бір дауыс айтқан азан,
Сананың қатпарында құндақталды.
Өлеңнің ғайып болып музыкасы,
Молда оқыған құраннан ырғақ қалды.

Ысырып салды- дағы ол шығарманы,
Елегзіп сол ырғақтан шыға алмады.
Апыр- ай, сол мезетте түседі еске,
Бір басыңа жетерлік күнәң бары.

Түседі еске сүрелер құрандағы,
Өмір деген сынақтан құралғаны.
Бір сәттік азан сонда айтып кетті- ау,
Бар сөздерді…
Ғазал деген ғұмырлық дұғаңдағы.
Тыпыршып бір орында ол тұра алмады…

Жатын бөлме- аядай жыр алаңы,
Көз алдында сүйгені сыланады.
Бөлме ішіне көлденең жолақ сызып,
Әйнектен таңғы сәуле сығалады.

Содан ақын жүрегі жай таба алды,
Шала жыр тіл ұшында қайталанды.
Әлгі ару елес беріп таранғанда,
Музыкасы өлеңнің қайта оралды.

Жазды сосын…
…Сүйгенімен өткізген сағаттарын,
Алланың қалауымен таң атқанын,
Еркелей кеп мойнына асылған жан,
Беу, құдай- ай!!!
Не деген шеберлікпен жаратқанын…

Бөлме ішіне ентелеп шуақ нұрлы
Әуеніне жүректің құлақ түрді.
Түнектен суырылып шыққан ару,
О, ғаламат!…
Сүйінші сұрап тұрды

Мешіттің күмбезінен шағылысып,
Ақынның жүзіне ерек шырай келді.
Нұр жамылған жүректен параққа кеп,
Мөлдір- мөлдір ғазалы құлай берді.
Оның бәрін тек қана құдай көрді…

АНАМА ХАТ (екінші өлең)

Көптен бері айналмай құлынынан,
Анашым, жан дүниеңнің сырын ұғам.
Сырт келбетім күлімдеп жүргенімен,
Жан дертімді қайтейін мұң ұлыған?

Келіспеске келісем үнсіз кейде,
Бассыздыққа басымды шұлғимын да.
«Құдайы бар мына әлем мінсіз»- дей ме?
Құдайсыз алаяқтар ылғи мұнда.

Алмасып күн мен түні сырғанаған,
Жалығамын кейде осы сұр қаладан.
Адам түгіл, өкпешіл қыз секілді,
Жонын теріс беріп жүр жыр да маған.

Мен қаладан, қала менен жалықты әбден!
Ел жақты ойлап, қажыдым налып көптен.
Ең бақытты, іңгәлі шақтарды аңсап,
Сен таянған бесікте қалып кеткен.

Өмір- базар. Бір ұтып, бір ұтылдым,
Мұқалып, қанша мәрте үгітілдім?
Мен жақында оралам Ақтөбеге,
Құр сүлдерін сүйретіп үмітімнің.

Алпыстың алты қырын әрі астың да,Сен қартайдың, барамын мен де есейіп.
Сырласатын әкем де жер астында,
Мен барған соң сағаттап сөйлесейік?

Содан кейін…
Іздеп жүріп ішінен тұмандардың,
Мен жасайын бейнесін ұлы арманның,
«Бақыт» деген ең басты кейіпкерін,
«Өмір» деген ең көркем шығармамның…

АҚЫРҒЫ СӨЗ…

Санамда титтей сәуле қалмады,
Сансыз ойларға шырмалған.
Тағы да үнсіз ауа қармады,
Сенделген кезбе түнгі арман.
Жалыққан шығармыз бір- біріміздің
Үнсіздігімізді тыңдаудан,
«Мінсіздігімізді» жырлаудан.

Сезімді құрсап тас қамалдарға,
Бөлек кетуден басқа амал бар ма?
Ғашық боп сен де өлең жазарсың,
Ғашық боп мен де өлең жазармын.
Өлең жазармыз басқа адамдарға…

Аспандап ұшқан алып қыранның,
Құстан бейхабар тордағы…
Мен біреуді жолықтырармын,
Сен де біреуді жолықтырарсың.
Бақытты болсақ болғаны…

Әр таяды әлі жастық өңіңнен,
Қартаяр бәрі, күрсінбе…
Мен де өтермін тасқын өмірден,
Сен де өтерсің тасқын өмірден.
Өзгермейді әлем бізсіз де…

Сосын…
… Асқақ боп мәрмәр кесенелері,
Қадірлеп атын биік ұстайтын,
Сенің атыңа көше береді,
Менің атыма көше беді.
Көше береді қиылыспайтын…

Сенің артыңда кітап қалады,
Менің артымда кітап қалады.
Мекендеп сосын қала бермекпіз,
Екеуміз екі кітапхананы.
Сол үшін көңіл жұтап қалады…

Ұқсас материалдар

Бір пікір

  1. Қаламың мұқалмасын, мағыналы өлеңдерің жыр əлемінде қалықтай берсін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button