Әдебиет

Ерлан ЖҮНІС: ҒАСЫРЛАР ТӘЖІ


***

Биік ғұн, дархан қыпшақ, алып түрік
шаһары –
Азияны жарық қылып,

тұратын,
заманада уағдалы,
қараңғы ғасырлардың шырағданы,

жұлдыздай,
жерге түскен түнек түнде,
түбіне түскен нұрдай жүректің де,

жақұттай,
тәжіндегі қағандардың,
жарқырап маңдайында замандардың,

меңіндей сұлулардың бетіндегі,
бекеттей, уақыттың өтіндегі:

қарсы алып замандарды, шығарып сап,
қарсы алып адамдарды, шығарып сап,

қарсы алып халықтарды, ұлыстарды,
тәждерді,
тақыттарды,
қылыштарды,

ымыраны,
келісімді,
ұрысты да,
түстіктер, батыс пенен шығысты да,

дінді де, білімді де, өнерді де,
шайырды,
көпесті де,
шеберді де,

қарсы алып, шығарып сап тұрар шаһар,
ақ шаһар,
сағым шаһар,
мұнар шаһар,

бәрі өткен,
өткендерді күзетеміз:
өтпейді Тараз ғана –
біз өтеміз!..

***


Жікілде туды ма екен ай жаңасы,
неліктен көкке қарап ойланасың,
Мақдиси,

Әу десе, әудемжерден ән жетер ме,
сол бір ән жүрегімді тербетер ме,
Мақдиси,

Жікілдің жәудір көзі – сағым құшып,
жанары жұлдыздарға шағылысып,

көңілі көшкен бұлттай алып ұшып,
күннен де,
айдан,
жылдан жаңылысып,

Таразға барар жолға қарап тұр ма,
өткенді, кеткендерді санап тұр ма,

жабығып жас жүрегі жылады ма,
адасып мыңжылдықтар тұманында,

Мақдиси, жауап берші сұрағыма,
мен жайлы сұрады ма,

сұрады ма,
Алматуда сағынып жүр ме екен деп,
құшағында құлпырған гүл ме екен деп,

гүлдерді бір мен үшін жинар ма деп,
гүлдерді маған келіп сыйлар ма деп,

Мақдиси, айтшы маған, сұрады ма,
Адасып мыңжылдықтың тұманында,

Даңқты да инабатты шарұқ-түрік,
қыздары –

қызыл гүлдей жанып тұрып,

көңілін сол сұлудың аулады ма,
қыдыртып Барсханның бауларында,

құлпырған қырда мың гүл құрбылары,
сыңғыр да сыңғыр, сыңғыр құрбылары,

жүр ме екен алма теріп алуан бақта,
бұлбұлдар шаттық әнін салған шақта,

жүзінен көбелектер өпті ме екен,
ұмытып сонда мені кетті ме екен,
Мақдиси,

Жікілде туды ма екен ай жаңасы,
неліктен көкке қарап ойланасың?!..

***

Білмеймін, өзгердің бе, өзгердім бе,
Кезеңге өзгешелеу кез келдім бе,
Күз менің қоңыр көзді құрбым еді,
Тарсаның торғын бағын кезген бірге.
Жоғалтып жазда бірін, жолда бірін,
Көбінен көз жазыппыз қолдағының,
Құрбыжан қоңыр көзді күзім еді,
Қарайды қоңылтақсып ол да бүгін.
Сөнгенмен талай сезім, шоғы қалды,
Бұл жүрек шоқ қарымас болып алды.
Өте алмай қалдым көбін жаздан алып,
Жете алмай жазған күнге көбі қалды.
Жазымның жалғыздығын алып ұштым,
Құрбымды қоңыр көзді тағы құштым…
…Ғафу ет, жеткізгелі келіп едім,
Дәуірі басталғанын сағыныштың!

***

Рабадта,
жылға бойында,
мамыриса, зауза айында,

толқындап Талас аққанда,
алма ағаш гүлдеп жатқанда,

жатқанда дүние аһ ұрып!

жүрелей жерге отырып,
соғды қыз шашын тарайды,
айнадай суға қарайды,

көк аспан көзді, күн жүзді,
кім сүйеді екен бұл қызды,

кім сүймейді екен бұл қызды,
Зарафшанда өскен гүл қызды,

гүл қыздың шәрбәт, бал шағы!

өзіне өзі тамсанып,
өзінен өзі ән салып,

әрнеге ауып аңсары,
соғды қыз шашын өреді,
қызықтап бойын көреді,

толқындап Талас ағады,
толассыз Талас ағады,

толықсып тұрған жас ару,
толқынға әнін қосады,

жастықтың әнін, жас әнін,
толқындар алып қашады,

келте сәт, катта армандар,
жылатып оны алмаңдар,

ұрлатып оны алмаңдар,
ұмытып оны қалмаңдар!

Рабадта,
жылға бойында,
мамыриса, зауза айында,

соғды қыз шашын тарайды,
сұқтанып жылдар қарайды…

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button