Әдебиет

Еділбек ДҮЙСЕН: ТІЛ ТИГІЗБЕ ТӘҢІРГЕ!

Еділбек Дүйсенов — ерекше өлеңдерімен оқырман көңілінен шығып жүрген ақын. Мінезі де өлеңі сияқты біртүрлі. Дегенмен, мінезі де, өлеңі де көпшілікті сүйсінтеді.

Сөйлемімізді көп созбай, Еділбектің өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

КЕНТІ БАБА САҒАНАТАМЫНДАҒЫ АЗАНШЫНЫҢ БАСПАЛДАҒЫ ҮСТІНДЕ

                      1

Жан қабығын сылып тастап,

Қызыл қарашамен бірге жүрелей отырып,

Көне қорым басына (құлағы қақшиған),

Қазық қағуды ойладым.

                     2

Ниетке ақы сұрауға болар ма?!

Ерте есейген қарындасыңды сен де ойлаймысың?

Сұрайын, ұмытылғай деп

Жұмақ жақтан естіген сол бір күрсініс.

                    3

Ырғаққа түспеген осы бір ғұмырға

Кімнің еңбегі көбірек сіңді?!

Кімнің еншілеуге құқы бар?!

Менің бе?!
Құдайдың ба?!

АЛДАНҒАН

Құрғақ іңір.

Көк мешіт. 

Лыпасы жоқ ескі бақ. 

Мешіт үсті ұшады қарқылдаған көш шұбап. 

Қара ағаштың ең соңғы жапырағын үгітіп, 

Көшеді олар түн жайлы ертегіні ұмытып. 

Мен қаламын осында шағырымды құшақтап, 

Жас төгеді ол шым-шымдап уысыма түсі аппақ. 

Жүрекмүсін, ғасырдың жазығы жоқ, жазғырма,

Тіл тигізбе Тәңірге! 

Тіл тигізбе Тағдырға!

Күннің нұрын алаңсыз доңғалатып аңғалақ, 

Өзгеріссіз өтеді мендік ғұмыр жол қарап.

Мен дегенің… пақырмын, аяқталған мерекем,

Қашып едім Тағдырдан. Тағдыр деген сол екен.

Мəнсіздікпен бітер деп алдымдағы жол тағы 

Үмітсіздік ішінде қалтыраймын 

Қорқамын.

Уақыттың қарызы келеді əлі өтелмей,

Көлеңкесі көліктің езіп… жаншып кетердей

үрейімді үрлейді. О, о несі, о несі?

Өздеріндей мен-дағы бір ғұмырдың егесі 

емеспін бе? Бақ пен сор арқалаған, жоқ қармап,

Көше шамы бітетін теңіз жақты бетке алған.

Аспан жақтан əуезді ести алмай бір өлең,

Көшпендінің қираған шаңырағына түнеген.

Оты сөнген шаңырақ, оңалмайтын мəңгілік,

Кетті бəрі жөніне, бізді жұртқа қалдырып. 

Көкке ұмсынып,

ошақтан түтін шығар дірілдеп,

«Кел, соңыма жалған» деп, бұлт тұрады күлімдеп…

ЖАЗУ НЕ ЖАЗБАУ КЕРЕКТІГІ ЖАЙЛЫ ЖАЗУ
(Абзал Сүлейменге)

Сәттерім-
сәтсіздік мезеті ішінде қамалған,
шырмалған өрмекші торына нәзік.
Ол да бір- қабырғадағы көсемнің суреті
әйнегін сүртуге батылың бармайтын
саусақтарыңды жазып.

Өйтсең-
жоруға қорыққан түстерің ішінен
құбыжық кейіпкерлер бас салып өзіңе
діндарлар тозаққа жолдама береді
дәлелдеп Кітаптың сөзімен.

Содан соң…
болашақ есіңе оралмай
сызықтан аттауға таба алмай бір айла.
Сенің бұл хәліңді қалайша түсінсін
Мұқтаждық көрмеген Құдайлар…

ГҮЛДЕР, ҚАШПАҢДАР!

Мен бұл түсті бұрын да көргенмін,
Қайталап көргім жоқ, досым.
Одан ширек ғасырдан соң шошып оянарымды білемін,
Қалай жорыларын да, сосын.

Көлеңкемді мәңгілікке тапсырған күні
Оның қалшылдап тұрғанын көргем.
Және шындықтың болар-болмас бейнесін
Қолшатырлар артынан, өлген.

Мен тағы да қалғып кетемін.
Құлақ түбінде әдеттегідей ұранға толы жиын
Түсімде:
Жер бауырлап жылжып келіп
Түрегелген құйын…

Гүлдер!
сап түзеп, тұрыңдар тапжылмай
Сүйікті һәм сүйкімсіз Отанды былғағанға дейін.
Мен сендерді көз жасыммен суарармын
Қарашығым құрғағанға дейін.

ПАНА

Кісікиік бұлттар.

Есінеуік бұлттар.

Батыстан-…Батысқа жөңкіліп

әлдене аңсаған.

Бүгінде олар да тынған тарқатылып,

Шамасы, біздердей қорғаншақ бұтаға

көлеңке түсіріп шаршаған.

Шаршамаған.

Өзіміз олардан бас тартқан,

(Есепке алмағанда көсемнің бұйрығын).

Өйткені, түкті сәулелері түгімізді күйдірсе де,

Қалаймыз біз Күннің билігін!

Күн Ие!

Біз сіздің нұрыңызға шомылған

Һәм сол нұрдан пайда болған қою көлеңке ғанамыз!

Біз желді жек көреміз!

Біз қозғалыс атаулыны жек көреміз!

Көз, құлақ, ауыз берген Құдайға қарғыс айтамыз.

Желемік күнгі айналамыздағы иісті құшырлана жұтамыз

сіздің сарайыңыздан тараған!

Күн Көсем!

О не дегеніңіз?!

Біз тек Құдайды ғана қарғамаймыз,

Анау төбедегі жаулықты бұлттарды да қарғаймыз

сіздің сарайыңызды бетке алып

маңып бара жатқан…

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button