Әдебиет

ДӘУРЕН ТІЛЕУХАН: ӨЛІЛЕРГЕ ӨЛЕҢ ОҚЫП БЕРГЕНМІН…

Дәурен Тілеухан — жас ақын. Өлеңдері жасына сай жазылған.

Ендеше адам бойындағы, оның ішінде бозбаланың бойындағы тазалықты ерекше суреттей білген жас ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

*  *   *

(Жүрегімді жаулаған бір қыз бар-тын)
Жатақхана…
Жарықшам…
Мұңлы ызғар…
Түн…
Байызы жоқ бозамық бұлттарымның,
Жабығынан сығалап жұлдыздар тұр…

Жұлдыздар тұр…
Дегендей: «қайда гүлің?..»
Шырақ етіп жартыкеш Ай жарығын —
Сарсаң ойға салынып қалдым енді,
Мұңын мұңдап қайдағы-жайдағының…

Майда самал сырымды алып қашып,
Талдырмаш бойжеткенге болып ғашық—
Көңілдер көктем әнін  қатар шырқап, 
Көшеде тұрдық талай қол ұстасып…

Жүруші ек жамандаған елді ескермей,
Болар ма барлық уақыт сол кештердей?
Көрігі — көңіліммен үйлескендей,
Сезімі — сеніміммен  селбескендей?

Жүрегін жарып шығып бар наласы—
Жылар…Сосын жымияр…
Таң қаласың…
Қоштасу — қимастықтың ең ауыры…
Кездесу — сағыныштың жан-дауасы…

Ләззат тауып сол жайлы әр уайымнан,
Тата бергің келеді-ай балдай удан.
Жадау көңіл жадырап қалсын енді:
«Сүйейінші жарығым маңдайыңнан…»

АҚТАРЫЛУ немесе  АҚЫН ДОСҚА ХАТ

Саяқ жүріп семген шақта сабыр-гүл,
Маңайына таяу келіп қабірдің,
Өлілерге өлең оқып бергенмін…
…О, сол шақта жалғыздықтан оралып,
Жаныңды езіп баз баяғы балалық,
Қалпағыңды сілкіп тастап сен келдің…

Сайқал өмір салғанменен сарсаңға,
«Шайырмын!» деп шырт түкірдік.
Ерсі ол да…
…Ерланнан һәм Есағамнан* оқушы ем ,
Маралтайды жатқа айтып ең сен сонда…

Жан-жараңды жазар дейсің қай мұра?!
Тағдыр-жолда табан шіркін тайды да,
Қардан да аппақ ардың жүгін арқалар —
Ақын едік…
Батып өлдік қайғыға…

Күші кеміп қынаптағы қылышымның,
Мұрынымнан шаншып жатыр мың сүргін.
Қанмен жазып қасіретті жырымды,
Күлтегіндей күндіз-түні күрсіндім…

Есіме алып ерке шақтың елесін,
Келмес жаққа бұрдым өмір кемесін.
“Жерден көңілі қалған ақын не десін?!
Бүйтіп өткен өмірімнің енесін…”

Бәрібір де сұм жалғанның заңы бұл, 
Ақынсың сен!
Жайнап тұрған жаны-гүл.
Кесенеге келіп кетші бауырым,
Мұң ішейік, жыр ішейік Тағы бір!

*Ерлан һәм Есағам —Ерлан Жүніс және Есенғали Раушанов

Жәудіреген жанардай мөп-мөлдірім,
Аз емес қой сенің де шеккен мұңың.
Өткен күнге өкініш айта алмаймын,
Өртейтіні—алыстап кеткендігің.

Махаббатпен тұтатып маздағымды,
Әрең таптым дегенде әз бағымды,
Жарық іздеп жаңылған көбелектей,
Өз мұңыма күйдірдім өз жанымды.

Бақыт болып бейуақта келген құсым,—
Жадау-жүдеу жүректің сен дертісің…
Сартап болған сап-сары сағынышты,
Амал қанша, қалмады-ау емдер күшім.

Қауыштырар қу тағдыр бізді қай күн?!
Күзгі бақта құлазып, жүз мұңайдым.
Елегізіп сонан соң ескі әуенге,
Сынық Айдың сұлбасын сызғылаймын…

Селқос соғып, сипайтын майда желдей,
Сағыныштан сарғайып, солған өңдей,
Өне бойы жылымай өз нұрына,
Көрмеймісің, жаурап тұр Ай да Мендей?..

Ермен қайғы жазылды еншіме ұдай,
Енді маған бал-бақыт берші, Құдай!
…Мейірімсіз өмірден тоңдым ғой мен,
Сен неге жылытпайсың, ей, сынық Ай?!..

АЛҒАШҚЫ ҚАР ЖӘНЕ АҚЫРҒЫ КЕЗДЕСУ

                   «Қоштасу—
                     Қарашаның қарлы кеші…»
                            Мұрат ШАЙМАРАН

Иә, солай…
«Ең бақытты жанмын»—деп ең.
Ақыры, жан жуылмай жаңбырменен—
Бәрібір арылмадың сағыныштан,
Бәрібір бағынбайды Тағдыр деген…
Ішінен мың сұлудың ұнап ең Сен!..
Бұл күн де бұлдыр тартып тынады ертең.
Танымай өтсең қазір жарар еді-ау,
Алдыңнан абайсызда шыға келсем.
Жанымды жылытпайды солмас үміт,
Жалғыз-ақ жүрегім бар—
ол да суық…
Ешкімге айтпай кетсем, қандай жақсы ед,
Ешқайда апармайтын жолға шығып!..
Дауа тілеп жазылмас жан жарама,
Мен, бәлкім, ұмытармын сонда ғана…
Есер жел елесімді еске салса
Сен сонда жолға қара,
қарға қара!
Сәттерді алып-ұшқан—алмастырар,
«Әттеңді» сағынышқа жалғастырар,
Ақырғы кездесудің куәгері
Түркістанға қар жауды—
Алғашқы қар!..
Өзекті өртегенде өмір–үстем,
Көңілім қалған кезде көп жүрістен:
«Есіл дүние ешқашан кірлетпеген
Ақ қардай бола алсам ғой»—
деймін іштен…
Амал не, көнбегенмен Тағдыр әсте,
Түседі ауық-ауық жаңбыр еске.
…Не дейін, сен де аман бол, қайран ару,
Қоштасқан Қарашада, қарлы кеште!..

КИЕ

Қобыз-жүрек қоздағанда қоп-қоңыр,
Көкбөрі боп ұлып алам көкке бір.
Өртке тиген өр рухымды сағынсам
Дауа бар ма дертке бұл?!

Күмбір-күмбір күйге көшіп көп аңыз,
Мың бір мұңға малынады дала-абыз.
Ат үстінде ақтық демін тауысты,
Азаттықты арман еткен бабамыз.

Солар дәлел,
қайтпасыма қарға адым.
Опасыздық о бастан-ақ Арға—мін.
Кімнен кейін орнаған бұл арманым,
«Кімнен кейін қалмаған бұл жалғаның?!»*

Қан суарған қақтығыста арпалыс,
Иман нұры дарытады жанға күш.
Баданасын бұзып тынған талайдың
Ақ садақтың жебесіндей—
Ар-намыс!

Ең бағалы еркіндік-ай—
                                      есіл-жыр,
Кең даланы ерке самал кезіп жүр.
Көк сауыттан көйлек киген ерлердің
Сертке соққан семсеріндей—
Сөзім дүр!

Желтоқсанда жаңғырығып зар-мұңы,
Қанды алаңда таңбаланған тағдыры,
Тәңірден соң тәу ететін қасиет—
ТӘУЕЛСІЗДІК—
Қан мен тердің қалдығы!

Аңсағаным тамып түссе жанардан,
Қанша дәуір күліп күтер әлі алдан.
Аспанымда шарықтаған ажарлы ән—
Мәңгі жаса, айналайын, АЗАТТЫҚ,
Найзағайдай намысымнан жаралған!!!

*Махамбет

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button