Без рубрики

COVID-19: Уханьда күніне қаза тапқан 3 500-ден аса адам отқа жағылып отырған

Бүгінгі таңда біз білетін ақпарат көздерінде «Қытай вирусты ауыздықтай білген алғашқы ел және оның адами шығыны да аз, бар болғаны 3300» деп көрсетеді. Бұл ақпаратты Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы да ресми мәлімдеді. Ол жағы түсінікті де. Ресми Қытай билігі қандай ақпарат береді, сол ақпаратты таратуы тиіс. Алайда «бір жарым млрд халқы бар елде қалайша үш мың адам ғана көз жұмды» деген сұрақ тек бізді емес, қытайлардың өздерін де ойландыратыны анық. Тіпті осы тақырыпты дәп қазір Қытайдың әр провинциясында миллиондаған адам кешкі ас барысында талқылап отырғанына да сенімдімін. Тек ашық айта алмайды. Өйткені тоталитарлық елде ауызды ашу қолға кісен, шекеге тапанша тақаумен аяқталатынын жақсы түсінеді. Сонымен Қытайда расымен қанша адам көз жұмуы мүмкін?

Қытайдың Ухань қаласында вирус өршіп тұрған сәтте, қоқыс өртеу зауыттары күні-түні жұмыс істеді. Бұл жағдайды Қытай билігі «үйде карантинде отырған халықтың қоқыстарын өртеп жатырмыз» деп түсінік берді. Алайда Ухань тұрғындарының мәліметінше, қалада жеті түрлі крематорий жұмыс істеген. Бұл туралы ағылшын тілді сайттар да, Қытай билігінің өзі де жазды. Ресми Бейжің «қаладағы ит пен мысықты вирус таратуы мүмкін деген күдікпен екпе арқылы өлтіріп, артынша оларды осы крематорийлерде өртеп отырдық» деді. Ал күдікшіл Батыс әрине ол ақпаратқа сене қоймады. Сонымен қатар бұл крематорийлерде вирустан көз жұмған жандарды да жақты. Бұл хаттамаға сай еді. Қытай билігі барлығы Уханьда 2570 адам көз жұмып, денелері отқа жағылды дейді.
Енді міне Ухань қаласында вирус тоқтағаннан кейін, вирустан көз жұмғандардың туыстарына олардың күлдері арнайы қорапшаға салынып, беріле бастады. Ухань қаласы мен оның жанындағы үш ірі Ханькоу, Учан және Ханьян қалаларындағы жерлеу бөлімшелерінің алдына қайтыс болғандардың туыстары келіп, күл салынған қорапшаларды алып кетуде.

Жергілікті халық күл салынған қорапшалар мен ресми статистика арасында сәйкессіздік барын бірден байқаған. Мысалы Caixin.com сайты Ханькоу қаласындағы жерлеу бөліміне бір күнде 5000 күл салу қорапшасы жеткізілгенін айтады. Бұл жалпы эпидемиядан қайтыс болғандардың санынан екі есе көп.

Жергілікті журналистер жалпы Уханьдағы жеті жерлеу бөлімшелері күніне 3500 күл салынған қорапшаларды беріп жатқанын айтады. Қытайдың дәстүрлі мерекелерінің бірі саналатын Qing Ming мейрамына дейін, олар барлық қорапшаларды таратып үлгеретінін мәлімдеді. Яғни 23-наурызда басталған процесс 5-сәуірде аяқталады. Бұл аралықта логикаға салсақ шамамен 42000 адам күлі салынған қорапшалар таратылады деп күтілуде дейді журналистер.

Ал екінші бір мәліметке сүйенсек, Ухань қаласындағы 84 пеш 24 сағатта 1560 адамды отқа жаға алады. Демек 46800 адам көз жұмды деген тұжырым жасайды.

RFA (Азат Радио басылымы) берген пікірінде Сунь Линьань есімді Ухань тұрғыны қалада ондаған мың адам карантин сәтінде ем ала алмай, өз үйлерінде көз жұмғанын, қазір жерлеу бюросының алдында күл толы қорапты алуға халықтың мыңдап барып жатқанын жеткізген.

Тағы бір тұрғын Чэнь Яохуэй биліктің жерлеу рәсімін өткізуші туыстарына 3000 юань беріп, тіс жармауын талап етіп жатқанын айтқан.

Жалпы Қытай қандай жағдай болмасын, өзінің адами шығынын еселеп азайтып көрсететін мемлекет. Жалпы бұл тек Қытайға ғана емес, барлық тоталитарлық елдерге тән құбылыс. Шығынның көп болуы — мемлекеттік биліктің әлсіздігі ретінде қабылданатын қағида деп түсінеді. Сол себепті де Қытай Мәдени төңкерістегі, Азамат соғысы мен Екінші дж соғыстағы, Маоның қателігінен орын алған аштықтағы, Тяньаньмэнь алаңында орын алған оқиғадағы, Корей соғысы мен Вьетнамға басып кіргендегі шығынын нақты айтқан емес. Еселеп азайтып көрсеткен. Тіпті концлагерьлердің барын күллі әлем қинап, әрең мойындатты. Оның өзінде «саяси тәрбиелеу лагерьлері», «оқыту орталықтары» деп атады.

Қытай мен шындық қарама-қайшы ұғым. Сол себепті де асылында біз бұл індеттен Қытайда қанша адам көз жұмғанын ешқашан біле алмаспыз. Он мың, жүз мың, тіпті миллион болар. Анығын бір Алла мен Си Цзиньпин біледі.

Суретте Қытайдағы жерлеу бюросында адам күлін салатын қорапшалар.

Асхат Қасенғали

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button