Әдебиет

Батырәлі Жүрсінбек: Темекені тастаңдар, ішімдікті…

Батырәлі Мырзақасымұлы — ақын. Жақсы адам. Қазақстан Республикасының азаматы. Қазақстанның еркін ойлы, ұстанымы, өзіндік пікірі бар азаматы.

Осыдан адамға мына атақ-абыройдың-ақ жеткілікті екенін ұға береңіздер.

Батырәлі — қазіргі таңда «Ордабасы оттары» газетінің журналисі болып қызмет жасайды. Өлеңдері еркіндік пен ақылмандықтың құндылығын ұқтырады.

Ендеше Батырәлі Мырзақасымұлының рухты өлеңдерін ұсынамыз. Оқыңыздар!

ЖЫРДАН ЖАСАЛҒАН МАХАББАТ

Ой, мүжиді келіп мұңдана,
Қаралы күнім.
Қос қауырсын қанатым жаралы бүгін.
Жазам ба деп ем жанымның ескі дауасын,
Бұздым-ау жаңа жүректің жарқын ауасын.
Мұңдана қалып мен сонда.
Жалықты ме екен, білмеймін, көңілсіз реңі,
«Қызықсыз екен мына өмір, баянсыз» деді.
Осы сөз қуартты мені.
Жылайын дегем көзімнен тамбады жасым,
Сүйсем де сені.
Қою қара түндерде кездестік неше,
Қабаққа бірақ қар тұрып жүздестік кеше.
Соқпады сонда махаббат желі.
Отырмын жалғыз,
Жұбатар емес одыраң дала.
Еске алған сайын өткенді құлдырар сана.
Мен іштім шарап, аты — мұң.
Жарыла жаздап отырмын әлемге сыймай,
Тағдырым болды тас-талқан, өмірім шимай.
Жүректе жанып бір шырақ,
Сөнеді қайта жасырын.
Шын сүйсең осы маңдайға қадалар жебе,
Арманың ақсап қалады жетпестен неге?
Қош деймін бүгін өткен күніме.
Өзгертем ойды,
Өмірім өзгерер сонда,
Сүрінсем демеп жібергін көрсеңдер жолда.
Тағдырыма шүкір демекпін,
Қайғылы мынау жеткен күніме.
Сынақтан мың сан өткендігіме,
Қош десем қайта келерсің білем,
Асыл махаббат.
Сезімнен пенде қалай қаша алмақ?
Жүректің құлпын кімдер аша алмақ?!
Махаббат деген өмірде болса,
Ол тек жырдан жасалмақ,
Ол тек жырдан жасалмақ!


Айналамды қараңғылық қаптаған,
Мен сонда да махаббатты бетке алам.
Жарқыраған сәуле көрсем алдымда,
Сол сіз екен деп қалам.

Жүрегімді жұбатады асқақ ән,
Өлеңімді артық қоям басқадан.
Сахынада жыр оқыса бір ару,
Өзіңіз бе деп қалам.

Кімнен?
Қайдан?
Неден енді бақ табам?
Сіз тұрғанда өзге қыздар жат маған.
Жер бетінде бүршік жарса ақ гүлдер,
Сол да сіз бе деп қалам.

Өзіңізге қол жеткізбей тоқтаман,
Нағыз жігіт ерлік істен қашпаған.
Жүрегіме мол қуаныш сыйлайтын,
Сіз екенсіз тек маған!

СІЗ БАРДА…

Сіз барда тіршіліктің мәні бардай,
Сіз жоқта жер айналып жарылардай.
Қауырсыны жаралы көгершінім,
Тағдырға жүрсіз бе әлі бағына алмай?

Жеткенде Алматының тау самалы,
Сіз үшін жас жүрегім ән салады.
Еркелей күлгеніңіз есімді алып,
Кеудемдегі құлыпты паршалады.

Үмітім үзілмесін текке менің,
Өзіңізбен қауышсам деп келемін.
Күні ертең бара қалсам Алматыға,
Шығайықшы үстіне Көктөбенің.

Сіз барда тіршіліктің сәні бардай,
Көңілім байыз таппас жаныма алмай.
Мен білмейтін не сыр бар бойыңызда,
Өзіңізді мұншалық сағынардай.

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ ЖАРАЛЫ

Жүрегім менің жаралы,
Сезбеппін оны көп күн мен.
Жеңіл ой тербеп сананы,
Болмашы сөзге бек күлгем.

Күлімдеп, құшақ жайса адам,
Қадірлі екем деп білгем.
Орныма келдім қайтадан,
Жалғыздық дертін шектім мен.

Дүние болып бар ісім,
Ақырет қалды жайына.
Бықсыған шоқтай намысым,
Не келіп, кетпес ойыма.

Қыздар деп қылық шығардым,
Қатыбас болған басым-ай.
Деп жүрдім «қалай ұнармын?»,
Суытса көңіл, жасымай.

Алланы алмай аузыма,
Зікірден жырақ тым қатты.
Тозақтың бардым аузына,
Шыңғырған дауыс тыңдатты.

Аяғым бармай қалтырап,
Көзімнің жасын төктім мен.
Күнәға саусақ малтып ап,
Осы бір халге жеттім мен.

Иманым жатыр әлсіреп,
Бір жұтым суға зар болып.
Періштем «аһ» деп күрсінед(і),
Көзіне ыстық қан толып.

Қашанғы бұлай жүрмекпін?
Бұза алмай нәпсі қамалын.
Жұмаққа қалай кірмекпін,
Дүние болса бар әнім?!

ДОСТАРҒА ТАРТУ

Жыр жаздым достарыма қалам алып,
Жүретін қай кезде де дараланып.
Қайта келмес белгілі аңғал кездер,
Көзден ұшты ендігі бозбалалық.

Өткен өтті, енді оны қозғамалық,
Үлкен өмір көшіне қозғалалық.
Адал етіп еңбекті, білім іздеп,
Ақыреттік күнге де қамдалалық.

Кәсіп үшін мол өнер үйренелік,
Әлде кімге жүргенше сүйреленіп.
Тәубе етейік күнбе-күн Жаратқанға,
Күнәміз де кетіпті үймеленіп.

Нәпсі қысса біз оны жазалалық,
Ораза — оқ, атайық садақ алып.
Тым құрыса жұмада мешітке кеп,
Қайтайықшы күнәдан тазаланып.

Темекіні тастаңдар, ішімдікті,
Болса егер бойыңда күшің мықты.
Санамызға құймадық діни білім,
Сол себепті шайтандар торға жықты.

Ақыл айтса үлкендер сарапталық,
Мақтау сөзге ермейік қанаттанып.
Жаппар ием көрсетер тура жолын,
Бес парызын асылсақ жарақтанып.

Байлық, мансап оған тым құнықпалық,
Құнығам деп кетпейік құрықталып.
Зина жасап, өтірік, өсек айтып,
Нұр жүрегің қалмасын құлыпталып.

Ал, достарым жазылды насихатым,
Қабірді ойлап, ағызсақ көздің жасын.
Жұмаққа да бір қадам жақындармыз,
Біліп жүрсек хақ тағала шариғатын.

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button