Әдебиет

Бақжан Махаш: Такси, мені ала кетіңіз!

Бақжан МАХАШ — 2000 жылы 15 желтоқсанда Түркістан қаласында дүниеге келген. ОҚМПУ-дың филология факультетінің 2 курс студенті.

Ақынның ізденісі мен ынтасы оқырмандарды қуантады. Өзімен бірге жас оқырмандарды да таныстыруда. Өзіндік табиғаты мен мінезі өлеңінен байқалып тұрады.

Ақын-жазушылардың кей бірі өлеңде періште, өмірде перідей көрінеді. Әрине бұл қалыпты жағдай. Жас ақынымыздың ендігі өмірі мен өлеңі періште тазалықпен жазылсын дейміз.

Ендеше жас перінің өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

Алматы. Автобус. Адамдар
Бағдаршам. Көліктер. Кептеліс
Белгісіз бағытта қадамдар
Көлденең көшелер, теп тегіс.

Мен қайда барамын, сен қайда?
Түбінде тірелер тұйық бір.
Алматы біздерді сүйе ме?
Қабағын неліктен түйіп тұр?

Ақ жауын себелеп тұр енді,
Жаяу-ақ қаланы кезейік.
Гүл алып барайын, жүр енді,
Жаңбырды жүрекпен сезейік.

Раушан, гротензий, түймедақ
Гүлге алыс, өлеңге жақынмын.
Талғамсыз жанымның күйгені-ақ,
Өлеңге талғампаз ақынмын.

Ұнаған гүлді алдым өзіме,
Тиынды он санап қолдағы.
Оттай боп басылған көзіме,
Пионым ұнаса болғаны.


Атқыласа жанар тау жанымдағы,
Демек маған дұрыс ем табылмады.

Күйсе ішім, өрт шалса өзегімді,
Мен шегейін, бер енді кезегімді.

Болса дағы басымда сірә аз қайғым,
Мәнін ашқым келмейді біраз жайдың.

Уайымы жоқ өңірге кеткім кеп жүр,
Жер-Анаға түймедақ еккім кеп жүр.

Тыңайтқышы болады шашым оған,
Иығымда мойыным, басым аман.

Үйренемін суарып ептілікті,
Жанарымның суы да жеткілікті.

Қолымменен сездірем нәзіктікті,
Қауыз жарар сәтті мен азып күттім

Тыныш іңір көзімнің жауын алды
Түймедақты жаныма тағып алдым.


Такси, мені ала кетіңіз!

  • Қай бағытқа?
  • Көктемге…
  • Наурызға ма, сәуірге ме?
  • Білмеймін.
    Оралмасам болғаны тек өткенге!
  • Мені ала кетіңіз…
  • Қай жаққа ?!
  • Сіз білетін, мүмкін, қала сыртында,
    Мүмкін ауылда болар..
    Мейірімнен жаратылған адамы,
    Жай жоқ па ?!
  • Жеткізіңізші мені, арманға
  • Ол қайда?
  • Жолын нақты білмеймін,
    Карта қарасаңыз болмай ма?!
  • Білсең егер өз қалаған арманыңның бағытын,
    Апарайын, немесе есікті жап
    Өліп жатр уақытым!
  • Қай жерге дейін жеткізе аласыз?
  • Ешқайда.
  • Онда сізге мінгеннен,
    Жоқ секілді еш пайда.
  • Жүре беріңіз!
  • Такси…
    Мені ала кетіңіз…

Тағы да, тағы, отырмын Мәжнүн мұң кешіп,
Пейілі аппақ мылқау досыммен тілдесіп.
Көрінбей көзге сағым боп тәтті елесің
Жүрегімдегі желменен бірге жүрді есіп.

Үн қатшы маған, елес боп кезбей санамды,
Қолыма келіп қара шаштарың таранды.
Қия салуға жанымды саған тым арзан,
Апырай неге мұнша сұлу боп жаралдың?

Джульетта, Лаура, Ләйлі ме кім бар асылдан?
Асқақтығыңа, кербездігіңе бас ұрғам.
Ән қылып айтып жүретін күллі ел сені,
Өлең боп өтші ғасырдан.

Жыр болып өтші, ғазиз көңілді тербеткен,
Тәңірім берді кербездеу мінез жөргектен.
Алғаш атыңмен кеудеме тыныс ашылып,
Соңғы хатыңды оқып отырып өлмек дем.

Ақынның іште мұңы да сыры, ғазалы,
Сүймесең мені сенімсіздіктің азабы.
Сыртынан сүю — көзіңмен ғана аймалау,
Сездірте сүю — сезімдердің ең ғажабы.

Жиде иісіндей титімдей ғана ләззатты,
Сағынған сәтте иіскеу қандай ғажап-ты?!
Тәбәрік қылып орамалыңды сыйға тарт,
Кеудеме гүл қып тағып алайын азапты.


Бұлттарға ғашықпын…
кешқұрым күн көзі жабылар,
батыстан шұғыла шағылар.
сәттерге асықтым.

Сәттерге ғашықпын,
бақыттың барына сендірген
қуаныш сыйлауға көндірген
гүлдерге асықтым.

Гүлдерге ғашықпын,
Сиреньге жұпары аңқыған,
Лотосқа айдында қалқыған,
Иіскеуге асықтым.

Асықтым,
Жер шарын сүюге құшақтап,
Тілегім осы енді үш аппақ:
Тыныштық, амандық, ізгілік
Қалайын сені кесірден сақтап,
Құшаққа ап…

Ой

Ой үстінде отырмын. Тұңғиық түн.
«Балдан емес удан көп гүл жиыппын»
Мені бір күн ұмытар күллі халық,
Жотасына тапсырып бір биіктің.

Ой үстінде келемін. Көңілім пәс.
Жалғандыққа жаным мен өмірім қас.
Өлім менен өмірдің аралығы,
Көзден тайып құлаған бір түйір жас.

Ой үстінде шексіздік, адасардай,
Жұлдыз жылап, ай маған қарасардай..
Өлім қуып келеді қалыспастан,
Мен де қашып келемін қара салмай.

Оймен егіз адамның бас жұмыры,
Тағы бір ой басталды, жас ғұмырым.
Ұрғылайды миымның қақ төбесін,
Жарға соққан ойлардың тасқыны мың!

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button