Жаңалықтар
Trending

«Balapan» арнасының анимациялық жобалары АҚШ пен Латын Америкасында көрсетіледі

Бұл туралы Forbes.kz жазады.

Отандық анимация қалай жолға қойылды, он жылдық белесті бағындырған балалар арнасы бәсекеге сай бола алды ма?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтып берді.

Корпорация басшысының айтуынша жуық арада «Balapan» арнасының 5 анимациялық жобасы АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіледі. Енді «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы», «Пырақтар» жобаларын аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көру мүмкіндігі бар. Келісімшарт АҚШ-тың желілік және спутниктік хабар тарату қызметін жүзеге асыратын «Olympusat» компаниясымен жасалды. Сонымен қатар «Balapan»-ның анимациялық жобалары Ресейдегі №1 онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасына жүктеледі. Енді «Күлкі іздеген Күнекей», «Сәби», «Еркелер» мультсериалдарын аталған платформадан тамашалауға болады. Айта кету керек, IVI.RU платформасының контенті бір айда 50 миллионға жуық қаралым жинайды.

— Сонымен қатар, «Шахмат патшалығы» жобасы Татарстан телеарнасына сатылып, мультхикая 2018 жылы Шахматтан өткен әлем чемпионатында көрсетілді — дейді Танысбай.

Ләззат Танысбайдың айтуынша биыл «Balapan» телеарнасы 10 жасқа толып отыр. Осы он жыл ішінде еліміздегі балаларға арналған тұңғыш телеарна жалпы 13 мыңға жуық бөлімнен тұратын, хронометражы 3 831 898 минутты құрайтын 246 телеөнім жасап шығарды. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде 300-ге жуық шетелдік анимациялық туынды қазақ тілінде сөйледі. Алғашқы жылы анимация өндірісімен айналысатын 2-3 компания ғана болатын, қазір олардың саны 15-ке жетті. «Balapan» еліміздегі анимацияға тұрақты тапсырыс беретін арнаға айналып, осы саладағы мамандардың даярлануына зор ықпал етіп келеді.

Жалпы телеарна тірі механизм секілді. Уақыт талабына сай өзгеріп, түрленіп, жаңарып отырады. Және аудитория талабы да үнемі басты назарда. Еліміздегі 8 жасқа дейінгі балалар саны 3.5 млн-ға жуықтады. Сонымен бірге «Balapan» балаларға ана тілін үйрететін қуатты қарулардың біріне айналды. Бала бойына мемлекеттік тілді сіңіру мақсатында аудиторияның жас категориясын 8 жасқа дейін шектедік. «Balapan»-ды көріп, таза қазақ тілінде сөйлейтін балалар туралы ақпаратты оқып, естіген сайын іштей мәртебеміздің өсетіні жасырын емес, -дейді Корпорация басшысы.

Жалпы, 0-8 жас аралығындағы балалар не көргісі келеді? Әрине, түсі қанық, кейіпкерлері тартымды, тілі жеңіл әрі қарапайым мультфильмдерді іздейді. Ләззат Танысбайдың айтуынша осы талап үдесінен арна анимациялық жобалар өндірісін арттыруды қолға алды. Мәселен, 2019 жылы 14 анимациялық жоба эфирге шықты. Бұл дегеніңіз 2018 жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. Ал 2020 жылғы жоспар – 17 жаңа мультфильм шығару. Биылғы эфирдегі анимациялық жобалар үлесі 80%, бұл көрсеткіш жыл санап өсе береді.

— Қазір балалардың барлығын теледидар алдына байлап қою мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, олар күні кешке дейін интернетте отырады. Ата-ана есебінде өзімнің басымда да бар жағдай. Осы мәселені ескере келе, «Balapan»-ның Youtube каналына өз өнімдерімізді ғана емес, қазақ тіліне дубляждалған шетелдік озық мультфильмдерді жүктей бастадық. Айта кетерлігі, анимацияны интернет құқығымен қоса сатып алу телеарна үшін өнім бағасын қымбаттатады. Бірақ балалар аудиториясының қазақтілді контентке деген сұранысын ескеріп, осындай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Осы жылдың соңына дейін 700 серияға жуық мультфильм телеарнаның Youtube каналына жүктеледі деп жоспарлап отырмыз. Балалардың тілін сындыру, мемлекеттік тілді насихаттау бағытында бұл үлкен көмек болады деп есептейміз-дейді төрайым.

Мақпал Жұмабай

Қазіргі күні «Balapan» телеарнасының Youtube каналына жазылушылардың саны 1 миллионға жуықтады. «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша арна каналына салынған мультсериалдар мен тележобалар 354 миллионның үстінде қаралым жинады.

Арна ашылғалы балалар контенті сандық әрі сапалық тұрғыда алға жылжыды. Бүгінде анимациялық жобалар өндірісі артып келеді. «Balapan» арнасы 10 жыл ішінде 2040 бөлімнен тұратын 67 анимациялық жоба түсірді. Бұл мультфильмдердің жалпы хронометражы — 18 000 минут шамасында. Жалпы, «Balapan» телеарнасы ашылған 2010 жылдан бастап қазақ анимациясы қайта жанданып, қазақ аниматорларының жаңа толқыны пайда бола бастады. Талантты жастар шетел асып кетпей, туған жерінде сүйікті ісімен айналысып, отандық анимация саласын дамытуға үлес қосуда. Соңғы 10 жыл көлемінде он шақты анимациялық компания құрылып, алды «Balapan» тапсырысымен жасаған жобаларымен халықаралық фестивальдерде топ жарып жүр. Қазір олар сапалы 2D және 3D форматтағы мультфильмдер өндірісімен айналысады. Айрықша атап өтерлігі, отандық анимация нарығында оң бәсекелестік пайда бола бастады-дейді арна басшысы.

«Balapan» – анимациялық жобалардан тыс, балаларға арналған телехикая мен ситкомдар өндіруге тапсырыс беріп отырған еліміздегі жалғыз арна. Мәселен, 10 жыл ішінде 19 телехикая мен ситком жасалып, олар эфирден көрсетілді. Осы уақытқа дейін көрсетіліп келе жатқан өнімдер көрермен тарапынан жылы қабылданған. Жобалардың рейтингі мен үлестері де жоғары. Яғни, сұраныс бар. Сондықтан, алда телехикая және ситком санын арттыру жоспарланып отыр.

Сәнгерім Жахина

Дистрибуция және сатып алу бөлімінің бастығы Сәнгерім Жахинаның айтуынша шетелдік анимациялық жобалар жалпы эфир көрсетілімінің 40% құрап отыр. Он жылдан бері «The Walt Disney company», «Aardman Animations Limited», «The PGS Company», «Discovery media ventures limited», «Access Media Group», «Hasbro studios», «Silver Box Limited», «Signal media», «Studio 100 mediagmbh», «ZDF Enterprises», «Acamar Films Limited», «ICONIX Co., Ltd» секілді алпауыт компаниялардың анимациялық өнімдерін дубляждап, олар қазақ тілінде көрсетілiп келеді. Жалпы, жоба таңдауда арнаның талабы өте жоғары.

 

Телеарна ұжымымен бірлесіп, ең үздік, ең сапалы әрі жаңа мультфильмдерді іздейміз. Келіссөздерде көрсетілім санын, мерзімін, дыбыстауға қатысты талаптарды екіжақты келісіп, тиімді шешуге тырысамыз. Телеарна өз тарихында өзін заман ағымына сай, қызық әрі пайдалы телеарна ретінде таныта білді. Оған дәлел – телеарнаның логотипі әлемдік теленарықта айтарлықтай танымал және балалар контентін өндіруші озық компаниялар «Balapan»-мен жұмыс істеуге мүдделі екенін байқаймыз. Бұл еліміздегі жалғыз балалар арнасының беделін айқындаса керек -дейді бөлім басшысы.

Балалар арнасы эфирде 17 сағат хабар таратады. Телеарнаны «Otau TV» жерсеріктік желісі арқылы тегін пакетте ел аумағына толық тарайды. «Otau TV-да» «Balapan» телеарнасын 1,5 млн-ға жуық абонент, ал кабельдік хабар тарату операторлары арқылы 1 млн-ның үстіндегі абонент көреді. Яғни, ел халқының 20% жуығы «Balapan» тамашалайды. Сонымен бірге халықтың 85% телеарнаны сандық жерүсті телехабар тарату желісі арқылы да көре алады. Аудиториясын 0 + 8 жас категориясына өзгерткен балалар арнасы, бәсекеге сай болып қана қомай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша республикалық топ 10 телеарна тізіміне еніп үлгерді.

Rastimes.kz сайты

 

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button